Рамазан Стамғазиев: Әріптестерімді «жұлдыз» деп атауға түбегейлі қарсымын!

Қазақ халқының ежелден келе жатқан мәдени мұраларының бірі — фольклор. Соның ішінде музыкалық фольклордың орны ерекше. Сол себепті де осы бір асыл қазынамызды бізге жеткізу үшін тынбай еңбек етіп жүрген дәстүрлі әншілердің орындау шеберлігіне, эпикалық жанрды бойына сіңірген талантына таңданбасқа амалың қалмайды.
Күні кеше қаламыздағы №98 жалпы білім беретін орта мектепте дәстүрлі ән өнерінің тарланы Рамазан Стамғазиевпен кездесу болып өтті. Аталмыш білім ошағында екі сағатқа созылған жылы жүздесу оқушылардың өз өнерлерін көрсетуімен жалғасты. Оқушылар қонақ алдында би билеп, ән айтып, тіпті актерлік шеберліктерін көрсететін көріністерімен сахнада өздерін сынап көрді. Олардың таланты мен талабына риза болған кеш қонағына мектеп ұстаздары балаларының тұсауын кестірсе, мектеп директоры Рамазан Стамғазиевтің иығына зерделі шапан жапты. Қонақ кәдеден кейін біз де ағаға сауалдарымызды қойып үлгерген едік.

— Рамазан аға, жақында ғана шығармашылық кешіңізді бердіңіз. Өзіңіздің көңіліңізден шықты ма? Алдағы жоспарларыңыз қандай?
— Аллаға шүкір, концерт жоғары деңгейде өтті. Халықтың ыстық ықыласы мен ілтипатынан дәстүрлі ән өнеріне деген құрметінің биік екендігін сезіндім. Концертке жиылған жұртшылық орындарынан тұрып қол соғып, әкелген гүл шоқтарын табыс етіп жатыр. Өнер саласында жүрген біздер үшін бұдан асқа бақыт бар ма десеңізші…
Жаңалығыма келер болсам, қазіргі таңда Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде дәріс беремін. Шәкірт тәрбиелеп, әншілікпен бірге ұстаздық жолды да қатар алып жүрген жайымыз бар. Жақында мың данамен «Домбырамен ән айту мектебі» атты кітабымды жарыққа шығардым. Әне-міне деп уақыттың тапшылығымен, қым-қуыт тірліктеріммен жүре беріп, осы кітапқа 5 жыл уақытымды арнап, бітірдім. Бес класқа бөлінген әр тарауда дәстүрлі ән өнеріндегі орындаушылық шеберлікке басымдық берілді. Жалпы, кітапты музыка тілі деп айтуға болады.
Биылғы тауық жылын аяқтап та қалыппыз. Менің отбасыммен шығармашылығым үшін жаман жыл болмаған сияқты. Құдай қаласа, алда жоспарлар өте көп. Жаңа жылда жақсы жаңалықтарымыз көп болса екен деген үмітіміз бар. Әрине, бәрі уақыт еншісінде ғой.
— Қазір ұстаздан шәкірт озған заман ғой. Шәкірттеріңізден кімдерді атай аласыз?
— Аллаға шүкір, шәкірттерім өте көп. Республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып, мені әрдайым қуантып келеді. Бір орында тұрып қалмай, өздерін шығармашылық тұрғыда жиі дамытып отыратындығына ризамын. Ләззат Жанаманова, Нұргүл Әлқожаева сынды шәкірттерімді мақтамаймын, осындай қарындастарыммен мақтанамын.
Бүгінде дәстүрлі ән өнерінің өсу деңгейі жыл өткен сайын дамып келеді. Жалпы бұл жанрдағы жезтаңдай өнерпаздарымыз аз болса да, саз екендігін нық сеніммен айта аламын.
— Әні ырғақты «әсем әндердің» эстраданы жаулап алғаны шындық. Ал оның қасында дәстүрлі әндеріміз тасада қалып қойған секілді деп ойламайсыз ба?
— Эстраданың өз тыңдармандары, дәстүрлі әннің өз тыңдармандары бар. Көпшілік арасында эстрада орындаушыларын жеңіл әнші деп, ал әні хитке айналып, тойға шығатын әншілерді мүлде орындаушы есебінде де көрмейтіндері жоқ емес. Өнер бәріне ортақ. Біріншіден, әркімнің Құдай берген таланты бар. Шама-шарқына қарай өнерін халыққа паш етеді. Екіншіден, елдің бәрі дәстүрлі әнші болуға міндетті емес. Алайда тек табыс табамын деп, тойға ғана арнап ән жаздыру өнерді қорлау деп білемін.
Биылғы хит ән ертең, не келер жылы ұмытылып жатады. Ал өнер биігіндегі тұрған фольклорлық ұлттық музыка қанша жыл, мейлі қанша ғасыр өтсе де, ел жадынан өшпейтін асыл мұра.
Қазақтың дәстүрі мен тілін, ділі мен дінін, әлеуеті мен мәдениетін бір ортаға сабақтастырған өнердің биігі осы дәстүрлі ән өнері екендігін көзі ашық, көкірегі ояу тыңдарман біледі. Түптеп келгенде, екеуі де біздің ортақ қазынамыз, асыл да құнды жәдігеріміз. Сол себепті де дәстүрлі ән мен эстраданы салыстырып, бөле жарып, бірін бірінен биік етіп, бірін екінші орынға қою дұрыс емес. Халық өзіне керегін тыңдайды. Өйткені халықтан асқан сарапшы жоқ.
— Бөле-жарып қарамайын десең, қазір эстрада әншілерінің есімі жиі айтылып жүр. Шығармашылық концертін жылына 2-3 мәрте беріп жатады. Абырой, атақтан болар, тіпті кейбіреулері араларында «жұлдыз» ауруына шалдыққан. Бұған не дейсіз?
— Оныңыз рас. Әйтсе де, оларды сол дертке шалдықтырған өзіміз. Қазақта «семіздікті қой ғана көтереді» деген мақал бар. Өнерде жүрген әріптес, бауырларымның жетістіктеріне қашан да қуанамын. Мақтауды кім жақсы көрмейді? «Жылы сөзге жан семіреді». Алайда қазір әу дегеннің бәріне «жұлдыз» деген сөзді тегіне қосып беретін болдық. Жарық жұлдыз болса мейлі екен. Бірақ оның астарына үңіліп жатқан кім бар дейсіз? Сондықтан әріптестерімді «жұлдыз» деп атауға түбегейлі қарсымын. Өйткені жұлдыз көкте ғана. Ал жұлдыздардың ғұмыры таң атқанша ғана екендігі белгілі. Аққан жұлдыздың орнына, ертесіне басқа жұлдыз туады, бір күні ол да сөнеді. Өнер құдірет болғандықтан, ол жерде ағып түсетін, бір күні сөнетін емес, артына өшпес із қалдыратын нағыз майталман өнерпаздар жүрсе екен деген тілегім бар…
Шығармашылық концертке келер болсақ, ол да өнерпаздың қанша рет беретіні өзінің патша көңілі ғой. Дегенмен де, өнеріңе шөліркеп, жаңа әндеріңді зарығып күткен халыққа жылына бір рет дүркіретіп кеш өткізсең, ол да жетіп жатыр деп ойлаймын.
— Әріптестеріңіздің басым көпшілігі өмірлік екінші жартысының және балаларының өнер саласын таңдағанын қаламайтындығын ашық айтып жатады. Ал сіздер жұбайыңыз Ұлту апайымызбен бірге тату-тәтті өмір сүріп жатырсыздар. Демек, екі қошқардың басы бір қазанға сыяды екен ғой?
— (Күлді). Өнер жолы ауыр жол деп жатамыз. Үнемі жүйелі жоспар құрғанымызбен, ол жиі бұзылып, анда-мында концертке кетіп қалып жатамыз. Гастрольдік сапарға жиі шығамыз. Ұлту соның бәріне өзі де өнер адамы болғандықтан, шыдай білді, мені түсінді, риясыз сенді. Музыкалық білімін де осы 2-3 жылдықта ғана алды.
1996 жылдары аядай ғана бір бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрған кездеріміз де болды. Сол кезде балалармен қалып, мен де өнер адамымын, мен де сахнаға шығуым керек деп ренжіп көрген емес. Мен сол үшін де оны құрметтеймін, жақсы көремін, сыйлаймын.
— Дәстүрлі ән өнерінде алға жылжу бар ма?
— Жоқ деп айта алмаймын. Әрине, бар. Әнді жүрегімен орындайтын, оны сезіне алатын талантты ұл-қыздарымыз барда ұлттық музыка ешқашан өлмейді.
— Нені армандайсыз?
— «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, көп қой. Бастысы ел аман, жұрт тыныш болсын!

Сұхбаттасқан — Жұлдыз Әбіл

(4)