Кереку өз күшімен өңірді азық-түлікпен қамтамасыз етеді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында «Қазақстан — 2050: Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты  «Нұр Отан» партиясының, ҚР Ауыл шаруашылығы  министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және «Қазақстан ZAMAN» газеті мен «Ел Ана» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының, «Қазақ радиосының»  бірлескен экспедициясы Павлодар облысында.

Жылдық өнім еселенді

Павлодар облысында егіс науқаны аяқталып, диқандар жыл бойы істеген жұмыстарын қорытындылап жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметіне сүйенсек, биыл шаруа қожалықтар бір гектардан 287 центнер картоп алып, былтырғы жылдан 22 пайыз артық өнім жинаған.
Облыс әкімі Болат Бақауовтың сөзіне сүйенсек, аймақтағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде аграрлық сектор бойынша 27 нысан ашылған. Оның 22-сі қайта өңдеуге бағытталған. Ағымдағы жылдың соңына дейін сүт тауарлық 6 фирмасы ашылады. Сонымен қатар, жалпы аумағы 7 гектарды құрайтын екі жылыжай кешені іске қосылатын болады. Бұл жылыжайлар томат пен қияр өндіреді.
— Біздің облыста ауыл шаруашылығы саласын дамыту — алға қойған басым бағыттардың бірі. Елбасымыз ауыл шаруашылығын ел экономикасының жаңа драйверіне айналдыруды тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар қолға алынды. Қазіргі уақытта облыс өз өндірісі есебінен азық-түліктің негізгі түрлері бойынша, өңірді толықтай қамтамасыз етуде. Әсіресе, картоп және көкөніс көлемінің жыл сайын артып келе жатқанын айтуға болады. Атап айтқанда, жыл сайын біздің аграрлық секторлар тарапынан 200 мың тоннаға жуық өнім экспортталған. Оның ішінде көкөніс және картоп өнімінің үлесі жыл санап артуда. Биыл біз 400 мың тоннадан аса картоп жинадық. Биыл кооперация негізінде облысымыздың шаруа қожалықтары машина-трактор стансасын құрып, бес астық жинау комбайнын сатып алды, — деп атап өтті Болат Жұмабекұлы.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ораз Дүзденбаевтың сөзіне сүйенсек, биылғы жылы 689,2 гектар аумаққа дәнді дақылдар егіліп, 750 мың тоннаға жуық өнім жиналған. Өнімділік көлемі — гектарына 10,8 центнер. Биыл біздің өңірде 456,2 мың тонна бидай, 91,8 мың тонна арпа, 35,4 мың тонна сұлы, 22,2 мың тонна тары, 51,9 мың тонна қарақұмық, 485,5 мың тонна картоп және 184,4 мың тонна көкөніс, 73,9 мың тонна бақша дақылдарын жинап алды. Бұдан бөлек малдың жем азығын дайындау шаралары да уақытында жүргізілді. Облыс малшыларына шамамен 1 мың тоннадан шөп жиналып, алдын ала бекітілген жоспардан 15 пайыз артық орындап тастадық. Орташа өнімділік — гектарынан 6,4 центнер. Сүрлемнен 168, 5 мың тонна немесе, жоспар 120 пайызға орындалып отыр. Сонымен қатар, 83,4 мың тонна пішендеме, 215,6 мың тонна сабан дайындалды. Шаруашылықтар егіс науқанын сәтті әрі уақытында жүргізу үшін арзандатылған бағамен жанар-жағармаймен қамтамасыз ету — біздің міндетіміз. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 21 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.
— Аграрлық кешендер өздері салған өнімнің қандай түрін болса да 100 пайыз жинап үлгерді. Былтырғы секілді қардың астында қалу, суыққа үсітіп алу деген мәселелер туындаған жоқ, — дейді Ораз Дүзденбаев.

Қамбасы дәнге, қорасы малға толы

Ертіс ауданы аймағымыздың астықты өлкесі ретінде бедел биігінде келеді. Егістік көлемінен көш бастап тұрғанын былай қойғанда, бүгінде мұнда 2 элиталық тұқым шығаратын шаруа қожалығы бар. Сондай-ақ, тұқым шаруашылығы бойынша бірнеше репродуктор тіркелген. Бұл ретте, элиталық тұқымдар бойынша түпнұсқа иесі саналатын Қызылжар ауылындағы «Ертіс» Тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-ні ерекше атап өтуге болады. Бүгінде серіктестік сүт өндіру, мал бордақылау жұмысын қолға алып, табысты жүргізуде. Жақында ауданның ауыл шаруашылығы саласы мамандарымен бірге жасаған экспедиция барысында астықты өлкенің бірнеше шаруа қожалығын аралап, диқандардың жұмысымен танысқан болатынбыз.
Павлодар облысындағы ірі шаруашы-лықтардың бірі саналатын «Ертіс» ТШ» серіктестігі бір-бірімен тығыз байланысты өсімдік және мал шаруашылығын қатар дамытып келеді.
Тәжірибелік шаруашылық Кеңес үкіметі тұсында ауыл шаруашылығына қажетті астық тұқымының сапасын арттырумен айналысқан ғылыми-зерттеу орталығы ретінде құрылған болатын. Сол кезден бері дамып, қанатын кеңге жайды. Бүгінде шаруашылықтың қызметі негізгі екі бағыттан тұрады. Оның бірі мал шаруашылығы болса, екіншісі — өсімдік шаруашылығы. Соңғысына серіктестік ерекше мән береді екен. Себебі ол облыстағы элиталық тұқымдар бойынша түпнұсқа иесі болып табылады. Яғни, аймағымыздың өзге кәсіпкерлері дәнді дақылдардың сапалы тұқымын осы шаруашылықтан сатып алады. Бидай, арпа мен сұлының тұқымы еліміздің өзге де облыстарына жөнелтіледі.
Жалпы, мұнда бидайдың 5 түрі, арпа мен сұлының бірнеше түрі өсіріледі. Егістік алқабы 17 800 гектарды құрайды. Оның 10 мың гектары дәнді дақылдарға тиесілі. Қалған бөлігінде жем-шөп дақылдары өсіріледі. Үстіміздегі жылы шаруашылық орташа есеппен алғанда гектарынан 10 центнер көлемінде өнім алған. «Ертіс» ТШ» ЖШС басшысы Қанат Дүйсембеновтың айтуынша, егін шығымдылығына ауа райының қолайсыздығы, ылғалдың жетіспеушілігі өз әсерін тигізген. Биыл шамамен 7 мың тонна элиталық астық тұқымы жиналған.
Серіктестікте сүтті бағыттағы 320 қара-шұбар сиыр бар. Олар жыл он екі ай қорада тұрады. Қазіргі кезде әрқайсысы орташа есеппен алғанда 10-12 литр шамасында сүт береді. Қ.Дүйсембенов малдың жем-шөбіне ерекше назар аударылатынын айтады. Мұндағы мал азығы сүрлем, пішендеме, ұсақталған шөп пен бидай, сұлы, арпадан араластырылып жасалады. Бұлардың барлығы шаруашылықтың өзінде өсірілетіндіктен, мал азығын әзірлеу қиынға соқпайды. Бұл іспен агроном, зоотехник мамандар айналысады. Шаруашылықта өндірілген сүт Павлодар қаласындағы «Сүт» АҚ-на тапсырылады.
Бұдан бөлек серіктестік мал бордақылаумен де айналысуда. Қазіргі кезде мұнда 100 бас ірі қара мал семіртілуде. Атап өтерлігі, кәсіпкер Германия елінен етті, сүтті бағыттағы симентал тұқымдас 500 ірі қара мал алып келген. Мамандар бұл сиырлардың сүтінің майлылығы жоғары екенін айтуда. Және еліміздің ауа райына төзімді.
Биыл мемлекет қолдауының арқасында егіс алқаптарын суару жүйесін салуға тиісті көлемде қаржы бөлініп, құрылысы жүргізілуде. Нысан келесі жылдың наурыз айында іске қосылмақ.
— Жалпы, мемлекет тарапынан қомақты қолдауға ие болдық. Биылдың өзінде элиталық түпнұсқа тұқымын сатып алғанымыз, пайдаланғанымыз үшін, бастапқы тұқым шаруашылығы, бір жылдық және көп жылдық шөп сепкеніміз үшін субсидия алдық. Бұдан бөлек мал шаруашылығында сатылған сүттің әрбір литрі де субсидиялануда. Жалпы, өткен 9 айда 100 млн. теңге көлемінде субсидияға қол жеткізілді, — дейді Қ.Дүйсембенов.

Өркен жайған шаруашылық

Бүгінде өңірде қайта өңдеу шаруашылығын қолға алған кәсіпорындар баршылық. Солардың бірі — «Оразбаев» шаруа қожалығы. 1996 жылы құрылған ол бүгінде Ертістің беткеұстар агрокешеніне айналған. Астықты өлкеде болған сапарымызда осы шаруашылыққа да тоқталдық.
Шаруашылыққа тиесілі дәнді дақылдардың егіс алқабы 20 мың гектар шамасында. Мұнда бидайдан бөлек арпа, сұлы, күнбағыс отырғызылады. Биыл алғаш рет тәжірибе түрінде 30 гектар көлемінде жасымық себілген. Қожалық басшысының орынбасары Аюбай Оразбаевтың айтуынша, жасымықтың шығымы жақсы болған. Сондықтан келесі жылы оның алқабын ұлғайту жоспарлануда.
«Оразбаев» ШҚ дәнді дақылдарды өндіріп қана қоймай, оны өңдеумен де айналысады. Бұл бағытта 2010 жылы диірмен салынған. Оған қажетті құрал-жабдықтарды Түркия елінен жеткізіпті. Диірменнің тәулігіне 45 тонна бидай өңдейтін қуаты бар. Сәйкесінше, 30-35 тонна шамасында ұн шығарылады. Алынған өнім көбіне Павлодар қаласының сауда орындарына жөнелтіледі. Астана қаласында да саудаланатын көрінеді. Бұдан бөлек, аудан орталығында шаруа қожалығына тиесілі наубайхана бар. Осылайша, кәсіпкер дайын өнім шығаруға дейінгі кешенді жұмысты бір ізге келтірген.
Қожалық уақыт өткен сайын өркен жайып келеді. Әсіресе техникалық базасы толығымен дерлік жаңартылған. Мұнда бүгінде тұрақты түрде шамамен 100 адам еңбек етеді. Ал маусымдық жұмыстарға қосымша тағы 100 адам тартылады.
Шаруа қожалығы өз қызметкерлерінің жағдайына ерекше мән береді. Су жаңа комбайндардың бірін тізгіндеген Оразбай Таңжарықов 11 жыл осы шаруашылықта механизатор болып жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, бүгінде жаңа техникалардың арқасында жұмыс жеңілдеген.
— Бұрынғы техникаларға қарағанда, бұл әлдеқайда жақсы. Жүргізуші кабинасына кірсеңіз, тракторда емес, жол талғамайтын жеңіл көліктің ішінде отырғандай әсер аласыз. Жұмысы автоматтандырылған. Көп қызметі компьютерлік техника арқылы басқарылады. Өте ыңғайлы. Жалпы, мұнда жұмысшыларға да жақсы жағдай жасалған. Жалақымызды уақытылы алып тұрамыз. Бұдан бөлек, қорамыздағы азын-аулақ малымызға қажетті көлемде жем-шөп, үйге көмір беріледі. Үш мезгіл тегін тамақпен қамтылғанбыз. Отбасымды осы жұмысымның арқасында асырап отырмын, — дейді.
Атап өтерлігі, шаруашылық бау-бақша өнімдерін де өсіреді. Жылыжай шаруашылығын дамытуды көздеуде. Кәсіпкер мал шаруашылығына ерекше ден беруде. Мал бордақылауды да қолға алған. Қазіргі кезде етті және сүтті бағыттағы 400-ден астам ірі қара бар. Жылқы шаруашылығы да өркен жаюда.
Аудан әкімі Серік Батырғожиновтың сөзінше, бұл өңірде ауыл шаруашылығына ерекше мән беріледі.
— Аудан экономикасының қозғаушы күші ауыл шаруашылығы саласы екені белгілі. Біз астықты өлке ретінде осы салаға ерекше мән береміз. Себебі экономикамыздың 72 пайыздық үлесі өсімдік, мал шаруашылығына тиесілі. Биыл шаруалар егістік көлемін арттырды. Тек астық емес, майлы дақылдардың да алқабы ұлғайтылды. Оның нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Атап өтерлігі, үстіміздегі жылы ауданда алғаш рет жасымық, зығыр егілді. Жалпы, күзгі жиын-терім науқаны сәтімен жүргізілді. Жауын-шашын аса көп болмаса да, аудан бойынша егіннің шығымдылығы көңіл көншітерліктей. Диқандарымыз гектарынан орташа есеппен 12 центнерден астық жинады. Аудан бойынша 178,4 мың гектар алқаптан 214,1 мың тонна астық бастырылды.
Иә, Ертіс ауданы астықты өлке екені белгілі. Дейтұрғанмен, бүгінде аудан шаруалары облысымызда алғашқылардың бірі болып жасымық егуді қолға алды. Аудан басшысы мұның да себебін түсіндірді.
— Өмір бір орында тұрмайды. Бүгінгі күннің талабы осылай болып тұр. Неге десеңіздер, тек қана астық өсірумен айналысатын шаруашылықтар белгілі бір тұрғыдан қиындықтарға тап болуда. Себебі нарықта бидайдың құны төмендеп кетті. Ал жасымықты өсіру технологиясы бидайға ұқсас болғанымен, бағасы 3 есе қымбат. Онымен қоса, еліміздің нарығында бидайдың көлемі көп. Тіпті, сұраныстан да асып түсіп жатыр. Биыл арпаның да бағасы бидайдан асып кетті. Аталған өзгерістерді ғылыми тұрғыдан да түсіндіруге болады. Мысалы, бір егістік алқабына жыл сайын бидай отырғыза берсең, ол жердің құнарлылығы азаяды. Ал жасымық жердегі азот мөлшерін арттыратын көрінеді. Сондықтан егістік алқаптарын әртараптандыруға көңіл бөлінуде. Үстіміздегі жылы аудан бойынша 700 гектар жерге жасымық дәні себілсе, келесі жылы оның көлемін 4-5 мың гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл бидайдан бас тартамыз деген сөз емес. Қамбамызда астық қашанда болады. Егістік алқаптарының 70 пайызында астық, қалған 30 пайызында жоғарыда аталған өзге де дәнді дақылдар өсірілсе дейміз, — дейді аудан әкімі.

(2)