«Алтайдың» қымызын әлем таныды

Лебяжінің атын Қазақстанға танытып жүрген кәсіпкерлердің бірі – «Алтай» шаруа қожалығының басшысы Сәтбек Мукин. Ауданның брендіне айналған «Алтай» қымызы бүгінде Астана мен Алматы нарығына кеңінен танымал. Сонымен қатар, Ресейдің көршілес облыстарынан да жиі тапсырыс түседі. Биыл өндірістік кешенге жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде қымыздың кептірілген түрін өндіруді қолға алды.

«Алтай» шаруашылығы 1992 жылы құрылған. Отбасылық бизнес ретінде басталған шағын кәсіптің өнімі бүгінде әлемдік нарыққа жол тартып отыр. Қазіргі таңда мұнда жылқы түлігінің жебе тұқымы өсіріледі. Шаруашылық ауылдың 20-дан астам адамын жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкер биыл Павлодарлық «Fresh Milk» ЖШС-мен бірлескен бизнес жобасы аясында қымыздың ұнтақталған түрін шығаруды қолға алған. Қазіргі таңда тәулігіне 200 литр қымыздан 15-20 келі ұнтақ өнім шығарылады.
— Мақсатымыз — ұлттық сусынымызды әлемге таныту. Біздікі секілді құрғақ қымыз әзірге Қазақстанның бірде-бір облысында өндірілмейді. Сондықтан сұраныс көп болады деп сенеміз. Өнім нарыққа әлі шығарылған жоқ. Жақында Қытайдың Гонконг қаласында өткен экологиялық таза өнімдер байқауына қатысқан болатынбыз. Сонда, Ресей, Норвегия, Корея елдерінің өкілдері қызығушылық танытып, өз елдеріне апарып сату туралы ұсыныс білдірді. Қазір шетелдік кәсіпкерлермен келісімшарт жасасып жатырмыз. Алдағы уақытта өнім экспортталады, — дейді Сәтбек Мукин.
Кәсіпкердің сөзінше, мұның әдеттегі ыдысқа құйылған түрінен артықшылығы көп. Яғни, көп уақытқа дейін сапасын жоғалтпай сақтауға болады. Сондай-ақ, адам денсаулығына пайдасы зор. Биенің құрғақ сүтін фармацевтикалық, косметологиялық өнеркәсіпте пайдалануға болады.
Жалпы, Қазақстанда сапасы жағынан «Алтай-дың» өндірісінен шыққан қымызға тең келетін өнім аз. Бұл талай республикалық және халықаралық көрме-байқауында дәлелденген дүние. Соның нәтижесінде «Алтай» ШҚ-на халықаралық сапа сертификаты да берілген. 2009 жылы Берлинде өткен «Зеленая неделя» атты халықаралық көрмеге Қазақстанның атынан қаты-сып, жүлделі орынға ие болса, 2008-2011 жылдары республикалық «Қараөткел» байқауында үздік өндіруші атанды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қытай Халық Республикасының Гонконг қаласында өткен байқауда экологиялық таза өнім санатында бірінші орынға ие болды.

Бетті әзірлегендер:
Тілеуберді Сахаба,
Данияр Жұмәділов

(3)