Алматыдағы №167 мектептің бастауыш сынып оқушылары ой-толғауларын жолдады

Тәуелсіздігімізге мың шүкір!

Тәуелсіздік — қазаққа қанмен, жанмен келген қасиетті де киелі ұғым. Қадіріне жеткендер күнде тәубе деуден жалыққан емес. Көк аспанның астында көк тудың күнделікті желбірегенін көріп жүрген бізде арман жоқ. Тарихтың тереңіне көз салар болсақ, еңселі ел болуды ертеден-ақ ойлаған. Сол жолда қаншама қан төгіліп, қанша жас қыршын кетті. Арғысы көк түріктің сарынынан, бергісі Махамбеттің жырларынан Көк бөрі ұрпағының көкке ұмтылысын айқын көре аламыз.
«Бірлігі бекем елді жау алмайды» деген қазақтың мақалдары да халқымыздың қашан да жұмыла бірлесіп ел тізгінін өзгеге бермегеніне дәлел бола алды.
Әлихан Бөкейхановтың «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деген сөздері қазақтың тәуелсіздікке ұмтылудағы қадамының маңызын ұғындырады. Осындай ұлт жанашырлары Қазақстанды өз билігі өз қолында болатын, ежелден келе жатқан мәдениеті мен салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары толықтай сақталған мықты, ынтымағы жарасқан, егемен мемлекет ретінде көруді аңсаумен өтті.
Бүгінгі күнге мың шүкір! Туған елің тұмарлы тұлпарың болғанда, хан — ноқта, би — ауыздық, батыр — қамшы. Расында да, Елбасы ел тілегіне құлақ асып, бейбіт өмір кешуіміз — бүгінгі күннің басты жетістігі. Азаттықтың арқасында алпауыт мемлекеттермен иық тіресіп, жер шарына «Қазақстан» деген есіммен танылдық. Ұлан-ғайыр жеріміз әлем картасынан кім-кімді болса да алаңдатары сөзсіз. Дербестіктің нәтижесінде өзіндік дара да даңғыл жолымыз бар. Бөрі бөрілігін танытпай қоймайды. Алты құрлыққа атымыз мәлім. Тек соның киесі мен қадірін білейік дегім келеді.

Гүлбақыт Ізбасарова, № 167 мектептің бастауыш пән мұғалімі

Міне, биыл егемендік алғанымызға 26 жыл толмақшы. Осыған орай №167 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып оқушылары өздерінің ой-толғауларын бірінші болып редакциямызға жолдаған екен. Біз де өз тарапымыздан кішкентай бүлдіршіндеріміздің үлкен адамдарша кең ойлайтындықтарына қуанып, тырнақалды туындыларын басып отырмыз.

Өз елімді, жерімді шексіз сүйемін

«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді қазақ атамыз. Міне, көзді ашып-жұмғанша осы жылы жұртымыз тәуелсіздіктің 26 жылдығын дүркіретіп тойлағалы отыр. Егемендік бізге оңайлықпен келмегенін, бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап күткендігін үлкен аға-әпкелерімізден, ата-әжелерімізден естіп-ақ келеміз. Қобыланды, Қабанбай, Наурызбай, Бөгенбай сынды алып батырларымыз елімізді, жерімізді жаудан қорғағандығының арқасында бүгінгідей бейбіт күнге жеттік деп ойлаймын. Сондықтан тәуелсіздік таңына қай кезде де шүкір етуіміз керек. Тыныштық орнаған мемлекетімізде алдағы уақытта да тек жақсылық бола берсе екен деп тілеймін. Өйткені мен өз елімді, жерімді шексіз сүйемін.
Алишер Акбаров

Тәуелсіздік — киелі ұғым

Дүбір мен дүрбелеңнен кейін еркіндік есігі айқара ашылды. Еліміздің арыстары талай жылдар тар жол, тайғақ кеше жүріп, еліміздің болашағы келер ұрпақтың бақытты ғұмыры үшін аянбай күресті. Сол себепті біз үшін тәуелсіздік — киелі ұғым. Ел азаматтарының ұлт үшін жасаған ерлігінің жемісі болар, еліміздің көк байрағы көгімізде желбірегеннен бері ата-баба дәстүрі көш түзеп, халқымыз еңсесін көтеріп, жарқын болашаққа қол созды. Ал қазір Қазақстан жыл өткен сайын қарыштап, дамыған ел болып келе жатыр. Осыған орай ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанды «Мәңгілік ел» деп атаған. Мен осындай ынтымақты елде тұрып жатқанымды мақтанышпен айта аламын. Өскенде еліме адал қызмет етуді мәңгілік борышым деп санаймын.
Аяжан Марат

Көк туды тек биікте желбіретейік!

Ата-бабаларымыз еркіндік үшін күшін сарп етіп, елдің, жердің, кішкентай бүлдіршіндердің ертеңі үшін өз өмірін құрбан етуге де дайын болды. Қиындық көрсе де жасымай, қарсыласқан жауға қарсы тұрып осы атамекенді бізге аманаттап кетті. Бүгінгінің жас ұландары қиындықпен келген тәуелсіздіктің туын әрдайым жоғары көтеріп жүруі керек деп ойлаймын. Болашақпен бағытталып, келешекпен кемелденетін біз секілді жастар қауымы байрақты төмен түсірмесі анық. Тәңірден келген тәтті сыйдың еңсесін биік ұстау біздің қолымызда. Ендеше, көк туды тек биікте желбіретейік!
Мадина Қалиева

Ел бірлігі берекемізді келтірер

Тәуелсіздік — тәу етер жалғыз кие. Дүниедегі тәуелсіздікті, бостандықты, теңдікті аңсамайтын адам да, халық та жоқ. Біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігіміз — тек бір ұрпақтың ғана еңбегі емес, барша ұрпақтардың еңбегі. Басты мұрат — қолымызға қиындықпен түскен тәуелсіздік туына мейлінше бекем болу. Тектілердің тұяғы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында халқымыз тыныштықта, Отанымыз еркіндікте. Аз ғана жылда аспанның астын жайнатып, Астана шаһарын тұрғызды. Елдің бірлігі артып, берекесі кірді. Іргеміз тыныш. Түндеріміз бейбіт. Күндеріміз нұрлы. Мектеп оқушысының қолынан не келеді деп ойлауларыңыз да мүмкін. Елбасы Нұрсұлтан атамыз айтқандай, елдің болашағының көркейіп, гүлденіп одан әрі дамып, өркендеуі біздің қолымызда.
Елдана Сұлтанбек

Қан мен жан кіргізгені үшін қымбат

Бізге өз тәуелсіздігіміз қымбат. Неге дейсіз ғой? Ол бізге қымбат — ата- бабаның рухын көтергені үшін! Ол бізге қымбат — сөнген мемлекетіміздің отын маздатып жандырғаны үшін! Ол бізге қымбат — елімізді қатарға қосып, әлемдік қауымға ендіргені үшін! Ол бізге қымбат — ата тарихымызды, ана тілімізді, дінімізді, ділімізді қаз-қаз тұрғызып, «қазақ» деген атауға қан мен жан кіргізгені үшін! Ол бізге қымбат — «Отан» деп жүрегімізді қақтырғаны үшін! «Елім» деп елеңдетіп, «жерім» деп желпінтіп, барша алпыс екі тамырымызды игізіп, ата жұртын сүйдіргені үшін!
Тәуелсіз қазақ елінің Ақордадай «Астана» атты рухани тұғыры бар. Ол бірлігімізді, тірлігімізді әлемге айшықты айғақтап тұр. Астана — тәуелсіздіктің тақ-тұғыры. Қазақ елінің дербес ел болуына орай байтақ та бағалы елден бата алған Нұрсұлтан Әбішұлындай Елбасының ел билігін ұстауы біз сияқты ұрпақтарының бағы деп білемін.
Қуаныш Сұлтанов

Азат елдің ұланымын

Мен азат елдің ұланымын. Осындай бейбіт елде туып-өскеніме қуанамын. Егемендігіміз үшін жан алысып, жан беріскен талай боздақтардың көз жасы, жазықсыз жала жабылып, қуғынға ұшырағаны, тепкі мен зәбір көргені туралы тарихымыздан оқып-біліп, кейде қынжылып қалатыным бар. Азаттықтың ақ таңы үшін, жастардың ертеңгі болашағы үшін күрескен батыр бабалардың ерлігі бізге мәңгілік өнеге болып қала бермек. Мен болашақта сол рухты, жігерлі, намысты да қайратты ағаларымыздың ізінен ерген өз елімнің патриоты болғым келеді.
Баласағұн Бөбей

Қазақстан — баға жетпес байлығымыз

«Қазақстан» деген жалғыз ауыз сөздің құдіреті мен қасиетін осы жерде туған және осы өлкеде өскен әрбір азаматтың сергек сезінуі парыз. Бұл сөз біздің қанымыз бен жанымыздың ажырамас бір құрамды бөлігі. Қазақ жері, қазақ елі — біздің ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарға қалдырып еткен баға жетпес байлығы және асыл мұрасы. Әрине, тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Қазақ халқының небір қайтпас қайсар батырларының жасаған ерліктерін оқулықтардан оқып білудеміз. Елім, жерім деп жаудан ұлтарақтай жері үшін, небір қазақтың батырлары өз өмірлерін қиып, қанды шайқастарда қаза болды. Біз үшін қай замандағы тарихымыз болмасын қымбат, айтулы кезеңдерде ту ұстаған бабаларымыздың барлығы да құрметті.
Арайлым Атымтай

Егемендік — Тәңір сыйы!

Тәуелсіздік! Қандай киелі ұғым! Осы бір құдіретті сөздің тереңіне көз жіберіп, ой елегінен өткізсек, бабаларымыздың сан ғасырлар бойы асыл арманы азаттық жолында құрбан болған батырларымыздың ерлігі артындағы ұрпақтарына өшпестей із болып қалады. Өйткені Егемендік — Тәңір сыйы. Түп шежіресі сонау түркіден бастау алған қазақтың өзінің жер бетінен жойылмай, іргелі ел, жоралы жұрт, салиқалы алтын сақтап қалғаны оның ерік-жігерінің, асқақ рухының арқасы. Үш ғасыр бойы бостандық пен еркіндік үшін соғысқан талай боздақтарымыздың өнегелі ісі бүгінгі біз секілді кішкентай жастарға келешекте де мәңгілік тарих болып қала беретіні сөзсіз.
Алтынай Қалиғажы

Мен ұлы дала перзентімін

Желтоқсан оқиғасы біздің жадымызда. Біз оны көрмегенмен, үлкендер мен апайларымыздың айтулары, теледидардағы деректі фильмдерден жақсы білеміз. Алматының алаңында өткен Желтоқсан қырғынының жазықсыз жаласына ұшыраған «қасқалдақтай қаны, бозторғайдай жаны» бар жаужүрек жас Қайраттай ағаларымыз болды. Қайрат, Ләззат сияқты аға-апаларымыздың желтоқсанның ызғарында жасаған ерліктері мен олардың аттарын атамай кетуге болмайды. Желтоқсанның ызғарына тоңып, қап-қараңғы тас қамалда Қайрат ағамыздың жазған өлеңдерін оқығаныңызда өлеңдері «Мен қазақпын» деген әрбір жастың, әрбір адамның жанына күш-қуат беріп, патриоттық сезімін оятары анық.
Айғанша Қуанышбек

«Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді»

Талай-талай қас батырлар жанын қиып, қорғап қалған, талай арулар махаббат құрбаны болған, талай өзегі өртенген өкінішті жандар мен қуаныштан жүрегі жарыла шаттанған пенделердің куәгері болған қасиетті Отанымыз — Қазақстан!
Қазақстан — тәуелсіз ел. Сол тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді десеңізші?! Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе, XX ғасыр қазақ халқы үшін ауыр тиіп, қайғыға толы кезеңімен есте қалды. «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген ұлы даналық сөз бар емес пе? Осы даналықтың әрдайым жадымызда сақталғанын қалаймын.
Амина Амирова

(2)