mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Жаңа банкнот депутатқа несімен ұнамады?

Үкiмет сағатында Мәжiлiс депутаты Бақытбек Смағұл: «Таяуда әлеуметтiк желiлерде, ел арасында және ақпарат құралдарында Ұлттық банк таныстырылымын өткiзген 500 теңгелiк жаңа банкнотта кескiнделген елордадағы «Москва» коммерциялық бизнес орталығының бүкiл Қазақстан үшiн еш iзгi символдық мәнiсi жоқ. Шындап келгенде, әлемде ұлттық валютада таңбаланатын бейне символдық мәнге ие болып келедi. Сондықтан, оған қоғам да, орталық банктер де бейжай қарамайды. Мұны дамыған елдер тәжiрибесiнен де байқауға болады. Тiптi, көршi Ресейдiң өзi биыл айналымға түсетiн 200 және 2000 рубльдiң жаңа банкноттарында не кескiнделетiнiн бүкiл Ресей бойынша жүргiзiлетiн ашық конкурспен дауыс беру арқылы таңдап алды. Сондықтан, бұл iс маңызды. Яғни, ұлттық валютамызда не бейнелетiнiн жалғыз Ұлттық банк дизайнерлерiнiң жеке таңдауына ғана тастамай, қоғамдық талқыға шығару маңызды. Меніңше, Елбасы жариялаған «Рухани жаңғыру» стратегиясы ұлттық валютада да көрiнiс тапқаны жөн. Және, бұл теңгемiздiң жазуларын кейiн латын графикасына көшiрумен ғана шектелмеуi қажет. Сонымен қатар, ұлттық валютада барша қазақстандықтар, сондай-ақ, күллi түркi дүниесi қасиет тұтар киелi жерлер бейнеленгенi абзал. Оларды алыстан iздеудiң немесе интернеттен қараудың қажетi жоқ. Барлығы бойынша жан-жақты ақпарат «Рухани жаңғыру» аясында қолға алынған «Қазақстанның киелi жерлерi» жобасында жинақталған. Елбасы олардың бастылары қатарына Ұлытау төрiндегi Жәдiгерлер кешенiн, Тараздың ежелгi ескерткiштерiн, Бекет ата кесенесiн, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетiсудың киелi мекендерiн және басқа да жерлердi жатқызды. Осы киелi орындарды кезектен кезек ұлттық валютада бейнелеу арқылы оларды барша Қазақстан халқына, жас ұрпаққа және елiмiзге келетiн шетелдiк туристер мен мәртебелi меймандарға, сондай-ақ жаһандық коллекционерлерге насихаттап отыруды ұсынар едiм. Сонда бұл қазақстандықтарды, әсiресе жастарды патриоттық тәрбиеге, киелi орындарға деген құрметке баулуға үлес қосады. Бұдан бөлек, бұл қадам киелi жерлердi әлем жұртшылығының назарына iлiктiрiп, отандық туризмге серпiн беруге ықпал етер едi. Жауапты тұлғалар осыған көңiл бөлсе, бұл да рухани жаңғырудың бiр бастауына айналары анық»,— деген пікір білдірді. Ал, елiмiзде әлгі жаңа 500 теңгелiк банкнотқа қатысты дау шықты. Ақшада бейнеленген көгершiндердiң шағала екендiгi және суреттердiң интернеттен алынғаны сөз болды. Ұлттық банк бұл мәлiметтi жоққа шығарды. Ал шағалаларды суретке түсiрген швейцариялық фотограф Марсель Буркхард өзінің авторлық құқығын қорғау үшін Ұлттық банкпен соттаспақ.

(7)