Қыз тәрбиесі — қажетті құндылық

«Қыздардың өнегелі тәрбиесіне бағытталған кездесулер өткізу» деген атпен елордамызда ағымдағы жылдың сәуір-қараша айлары аралығында ауқымды шара болып өтті. Шараның мақсаты — еліміздегі жасөспірім қыздардың мәселелерімен танысып, оларға психологиялық, моральдік жағынан көмек көрсету және ұлттық тәрбиені бойларына сіңіру.

Аталмыш шараға мұрындық болған — «Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ. Ұйымдастырушылар бұл жобаны Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақала-бағдарламасы негізінде жүзеге асырып, сегіз ай бойы бас қаладағы жоғары және орта білім беретін оқу орындарында білім алатын жас қыздардың басын қосып, білікті мамандармен жүздестірді. Жоба барысында жоспарланған 29 кездесудің 11-і осы айда өтті. Оған Астана қаласындағы 3000-ға жуық бойжеткен қатысып, өздеріне пайдалы ақпараттармен сусындап қайтты. Қазақстандық қоғам дамуының басты стратегиялық бағыты — жастар, соның ішінде нәзік жандылардың тәрбиесі екені бәрімізге аян. Осы мәселеге тереңірек тоқталған «Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері» басқармасының басшысы Асхат Раздықұлы: «Қазіргі таңда ҚР-ның әлеуметтік-экономикалық даму барысында саяси-идеологиялық, мәдени тұрғыдан жаңаруына сай жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру үкіметіміздің жаңа стратегиялық бағдарламасының басым бағыттарының бірі. Қазақ ежелден ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарап, перзентін адамгершілік пен имандылыққа бесіктен баулыған. Сондықтан кешегі ұрпақ қандай жағдайда да, ана сүтімен, әке өнегесімен бойларына сіңген тәрбиесін жоғалтқан емес. Ал бүгінгі қоғам да, ондағы өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз да жаһанданудың тасасында жоқ болып кетпеу үшін тәрбиені әр отбасында, мектеп қабырғасында, ЖОО-да әр азамат қадағалауы керек деп ойлаймын. Осы мақсатта бірнеше шаралар өткіздік, оның нәтижесі де баршылық. Сондықтан бұл жобамыз жалғасын табары сөзсіз», — деп, алдағы уақытта да ұлт болашағы үшін аянбайтындарын айтып өтті.
Қараша айында өткен кездесулердің барлығы дерлік ЖОО-ның студент қыздарына арналды. Мысалы, ай басында ҚазҰӨУ өткен кездесуге ҚР Психологтар Ассоциациясының мүшесі Қаламқас Қайыргелдіқызы мен Ақгүл Абдалиева қонақ болған еді. Олар қыздарға отбасылық өмірдің құпиялары туралы айтып, қиындықтарға қарсы тұра білу керек екенін ұғындырды. Осындай кездесулер әрі қарай «Қазақ Технология және Бизнес» Университеті, «КАЗГЮУ» және С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, «Қаржы» Академиясы мен Еуразия гуманитарлық институтының колледжі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ т. б. Астана қаласында орналасқан оқу орындарында жалғасын тапты. Әрбір кездесуге қыздарға айтары мол, тәжірибелі психолог мамандармен қатар, қыздардың болашағы үшін шырылдап жүрген ұлт жанашырлары шақырылды. Атап айтар болсақ, Гүлнар Мусина, Гүлхан Тұрсынбайқызы, Есенбергенова Гүлнар, Ақгүл Абдали, Жұмамұрат Шәмші, Индира Таукенова сынды өз ісінің шеберлері шақырылып, сұхбаттасудан қыздар өзінің болашағына керекті тың деректерді алды деуге болды. Оларға жасөспірім шақта кездесетін түрлі қиындықтар мен кедергілердің мәні түсіндіріліп, одан шығудың жолдары сөз болды. Қыз бала бойжете бастаған уақыттағы бойында болатын өзгерістер, оның жеке гигиенасы, тәртібі, ер-азаматтармен қарым-қатынасының ережелері түсіндіріліп, қатысушылардың да ой-пікірлері ортаға тасталды. Келген қыздардың айтуынша, олар үйінде аналарынан, үлкен әпкелерінен сұрауға ыңғайсызданатын дүниелерге осы кездесуде жауап алды.
Қарашаш Есенбай

(50)