«Қазақстан — 2050: Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» экспедициясы Оңтүстік Қазақстан Облысында

Еңбек етемін дегендерге Оңтүстікте жұмыс жетеді

Ауылда жұмыс болса, қала тоқ

«Қазақстан — 2050: «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы». «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Қазақстан ZAMAN» газеті мен «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Қазақ радиосының» экспедициясы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәстүрлі түрде барлық облыстарда іссапармен болғаны белгілі. Экспедиция Оңтүстік Қазақстан облысында облыстық ауылшаруашылық басқармасында осы басқарманың басшысы, ғалым-агроном, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Серік Тұрбековпен болған басқосумен басталды. Осы тұста айта кеткен жөн, Оңтүстік Қазақстан аграрлы облыс болғандықтан, бұл салада еңбек етіп, жұмыспен қамтылып, несібесін теріп жүрген азаматтар көптеп саналады. Осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ауыл шаруашылығындағы ең үлкен мәселенің бірі — өнімдерді өңдеу. Қазір ауылда бар өнімді ұқсата алмай отырмыз. Алған өнімімізді дайын тауар ретінде шетелге сатсақ, оның өндірушілерге де, мемлекетке де пайдасы тиері анық. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді дамыту арқылы осы саланың мамандарын қорғау, оларға қолдау көрсету, ауыл тұрғындарының табысын көтеру, оларды жұмыспен қамту сияқты негізгі мәселелер шешімін таппақ. Бұл бағыттағы үкіметтің ауылға деген саясаты жұмыс орындарын ашуға арналуы керек деген ұстанымға келіп саяды» деген сөзі ауыл азаматтарын қолдау, жұмыспен қамту мәселесіне арналған. Еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов айтқандай, қылмыстың дені жұмыссыздықтың салдарынан туындайтынын ескерсек, ауылдағы қылмыстың алдын алу үшін оларды жұмыспен қамтуға көп көңіл бөліну керектігі аса маңызды. Біз экспедиция барысында дәл осы, яғни ауыл азаматтарын жұмыспен қамту жағдайына айрықша көңіл бөлгенді жөн көрдік.
Жалпы, алғанда облысымыздың ауыл шаруа-шылығы саласы биылғы жылды үлкен жетістіктермен қорытындылағалы отыр. Көктем шыға салысымен еткен еңбектің, төккен тердің өтеуі ретінде қамба өнімге толып, Жер-Ананың жомарттығын тағы бір сезінді. Атап айтар болсақ, облыстың ауылшаруашылық саласында осы жылдың 9 айында өндірілген өнім көлемі 376,5 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 57 миллиард теңгеге көп деген сөз. Бидай мен арпаның әр гектарынан 18,3 центнерден, жалпы 397 мың тонна өнім жиналса, дәндік жүгеріден 178 мың тонна, мақсарыдан 96 мың тонна өнім жиналды. Сонымен қатар 328 мың тоннаға жуық мақта мен 1,3 миллион тонна бақша өнімдері, 116 мың тонна жеміс-жидек, 77 мың тонна жүзім терілді. Осының нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысының республикадағы ауылшаруашылық саласындағы үлесі 13 пайызды құрап отыр. Тамшылатып суару әдісі 7,5 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 58,5 мың гектарға жетті. Бұл республикалық үлестің 73 пайызын құрайды. Сол секілді республикалық үлестің 80 пайызын құрап отырған жылыжай көлемі 1294 гектарға жетті. Оның 171 гектары биылғы жылы салынып, іске қосылды. Жылыжай салу ісі әлі де жалғасын таба бермек.
Ауыл шаруашылығы негізгі капиталына тартылған инвестициялардың көлемі 23,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,2 есеге артты. Ал тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,3 млрд. теңгені құрады. Бұл да өткен жылғы көрсеткіштен 2,6 есеге жоғары. Экспорттың көлемі 211,4 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға артса, импорт көлемі 320 млн. АҚШ долларын құрап, керісінше былтырғыдан 4 пайызға кеміді.
Мал шаруашылығы саласында да облысымызда өсім бар. Мәселен, ірі қара саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,8 пайызға артып, 949,8 мыңға жетті. Қой мен ешкі 4 миллион 252,7 мың, жылқы 291 мың, түйе 26 мың басты құраса, құс саны 2,6 миллионға жеткен. Жыл басынан бері тірідей салмақтағы өндірілген ет көлемі де 5,1 пайызға артып, 518,4 мың тоннаға жеткен. Жұмыртқа 225,9 миллион данаға жеткен. «Сыбаға» бағдарламасымен 14516 бас ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасымен 26230 бас қой, «Құлан» бағдарламасы аясында 2557 бас жылқы сатып алынып, мал тұқымын түрлендіруге жіберілді.

Тұрақты жұмыс көзі — жергілікті шаруашылықтарда

Бүгінде ел үкіметі ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту мәселесіне айрықша маңыз беріп отыр. Облыста осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен барлық аудан-қалаларда кооперативке бірігудің артықшылықтары мен мемлекеттік қолдауларды шаруаларға түсіндіру мақсатында мамандандырылған көшпелі семинар-кеңестер ұйымдастырылды. Осының арқасында халықтың кооператив құруға деген белсенділігі арта түсті. Нәтижесінде жыл басында облыс бойынша 242 кооператив болса, бүгінгі таңда олардың саны 640-қа жетті. Бұл кооперативтерге 55 мыңнан астам ұсақ шаруа қожалықтары бірікті. Сондай-ақ, биыл облыста министрліктің талабына сай 75 коопертив құру жоспарланған болса, бүгінде бұл меже екі есеге артық орындалып, 158 кооператив құрылды. Осылайша, Оңтүстік Қазақстан облысы кооперативтер құру тапсырмасы бойынша республикада алғашқы орынға шықты.
Бүгінгі таңда облыста құрылған кооперативтерді қаржыландыру жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылы «Үш жақты» іс шара жоспары аясында бөлінген 8 млрд. теңгенің 3,2 млрд. «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша, «Аграрлық несие корпорациясы» облыстық филиалы арқылы 1,3 млрд және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалы арқылы 1,9 млрд. қаржы бөлініп, ол толығымен игерілді. Сонымен қоса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалының жарғылық капиталы арқылы 3,5 млрд. қаржы игерілді. Оның ішінде қарқынды бау кооперативтерін дамытуға 1,9 млрд қаржы берілді. Қалған қаражаттарды несиелендіруде ауыл шаруашылығы кооперативтері тарапынан сұраныс қаржылары қабылданып, толықтай қаражатты игеру жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен өткен жылы, саланы қолдауға 32 млрд теңге қаралса, 2017 жылы 34 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржының 26,9 млрды 13 бағдарлама бойынша шаруаларға субсидия ретінде берілуде. Жалпы биыл 40 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекеттік қолдауға ие болды.
«Қазақстан Заман» газеті бас редакторының орынбасары Жанбақыт Борантаев бастаған экспедиция мүшелері алдымен қасиетті Қазығұрт тауының атымен аталатын ауданға ат басын бұрып, «Амангелді» ЖШС-ның тыныс-тіршілігімен танысты. Бұрынғы 5 өндірістік кооперативтен құрылған шаруашылықтың 540 гектар жерінде алма, алмұрт, алхоры, айва, жүзім, өрік, шабдалы, черешня секілді бау-бақша өнімдерінің көптеген түрі өндіріледі. Биыл алманың 9 түрінен 555 тоннадан астам өнім жиналыпты. Жүзім де жылдағыдан мол өнім берген. Өнімдер жергілікті нарықта сатылуымен қатар Ресей асып, мәскеуліктердің дастарханының төрінен орын алғанға ұқсайды.
— Өнімдерді қысы-жазы сақтауға мүмкіндік беретін 2 мың тонналық қойма-тоңазытқыш бар. Онда өзіміздің өнімнен бөлек өзге де әріптестеріміздің сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндігіміз бар. Өнімдердің сапасын тексеретін зертханамыз жұмыс істейді. Серіктестік бау-бақша өнімдерін өндіруден бөлек егістікпен де айналысады. Жиналған бидайды ұнға айналдыратын диірменіміз бар. 100 гектарда миллион түпке жуық егуге дайын, будандастырылған элиталық, суперэлиталық көшеттеріміз бар. Оны кез келген клиентке және қанша көлемде аламыз десе де сата береміз. Өнімдеріміздің бағасы базардағыдан төмен, — дейді «Амангелді» ЖШС-ның меңгерушісі Абай Пірімжаров.
Серіктестікте көптеген жұмыстар техникамен атқарылады. Техникалардың барлығы да Түркия мен Кореядан әкелінген. Серіктестікте тұрақты түрде 200-ден астам адам жұмыс істесе, науқан кезінде олардың қатары екі есеге дейін артып, 400 адамнан асады. Олардың дені серіктестікке қарасты кооператив мүшелері мен ауыл тұрғындары. Осы бір серіктестіктің арқасында ауылдың жұмыс істеймін деген азаматтың екі қолына бір күрек табылатыны анық.
Қазығұрт ауданында соңғы кездері ет өндіруге ерекше көңіл бөлініп келеді. Оған «Сапа — 2002» серіктестігі құны 275 миллион теңге болатын мал бордақылау кешенінің құрылысын жүргізіп жатқаны бір дәлел бола алады. Мұнда салмағы 90-95 келі тартатын қазақтың асылтұқымды қылшық жүнді құйрықты қойы мен меринос қойы өсірілуде. Серіктестік басшысы Нұржан Әшіров құны 275 миллион теңге болатын мал бордақылау кешенінің құрылысы жүріп жатқанын айтады. Қазірдің өзінде онда 4,5 мың қой бордақылануда екен. Алдағы уақытта жылына бір мың тонна жоғары сапалы қой етін өндіруді мақсат етіп отырған шаруашылық жоба толық аяқталса, бұл кешенде бір мезгілде 10 мың қойды бордақылауға мүмкіндік туатынын айтады. Сондай-ақ, мұндағы қозы етіне ирандықтар мен арабтар қызығушылық танытса, семіз қойларға Өзбекстан елінен сұраныс бар көрінеді. Мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде жаңа техникаларға қол жеткізіп, кәсібін барынша өркендетуге күш салған шаруашылық иесі жұмыспен 120 адамды қамтып отырғанына тоқталды.
Бүгінде малды тірілей сатқаннан оны терең өңдеп өткізген дұрыс. Бұл туралы Қазығұрт ауданына жасаған сапары кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та мәлімдеген болатын.

Сарыағашта жылыжай көп самсаған

Онда мыңдаған ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған

Осы кезге дейін минералды суымен атағы алысқа ұзаған Сарыағаш ауданында соңғы он шақты жылдың төңірегінде жылыжай шаруашылығы еселеп дамыды. Қазір Сарыағашқа бара қалсаңыз, жылыжай шаруашылығының қатты дамығанын бірден байқауға болады. Жазы ұзақ, қысы қысқа ауа райы да бұл салаға серпін берері анық. Әрине, еңбек қазаны қыз-қыз қайнаған, базары жергілікті өнімдерімен жайнаған Сарыағашта өзге де қарқын алған өндіріс түрі көп. Дегенмен, экспедиция мүшелері бірнеше жылыжайлардың жағдайын көзбен көріп, ондағы жұмысшылармен бетпе-бет тілдескенді жөн көрді.
Осындай мақсатпен алғаш «Жабай ата» шаруа қожалығының бір жылыжайын аралап көрдік. 8 гектарды алып жатқан бұл жылыжайға қызанақтың голландтық «Жалила», «Диаграмма» деген сорттары егіліпті. Қожалық басшысының орынбасары әрі агроном Еркін Қыдырбаевтың айтуынша, бұл сорттың ерекшелігі шыдамдылығында, төзімділігінде екен. Бір айға дейін шыдайды. Тасымалдауға және сақтауға өте тиімді. Гектарына 100-150 тоннадан жылына екі реттен өнім алынады. Сонда бір гектар жылыжайдан жылына 200-300 тонна өнім алуға болады деген сөз.
Көкейтесті мәселе

«Жабай ата» шаруа қожалығында жалпы 22 гектар жылыжай бар. Онда 200-ден астам адам жұмыс істейді. Өнімдер Астана, Қарағанды, Алматы және Ресей мемлекетіне жол тартады. Қожалық бұл шаруамен 2009 жылдан бері айналысып келеді екен.
— Бізде қазір көмірден проблема бар. Біріншіден, бағасы қымбат, екіншіден, тапшылық сезіледі. Өзімізде өндірілетін көмір өзімізге жетпейді. Қазір оның тоннасы 18 мың теңгеден сатылуда. Әзірге күн жылы. Солай болса да, бір күнде гектарына орташа 3 тоннадан көмір жағылуда. Күн суытқан кездері гектарына 8-10 тоннаға дейін жаққан кездеріміз болған. Біздегі күн райына байланысты жылына 5 ай, яғни шамамен 150 күн көмір жағамыз. Орташа есеппен күніне гектарына 3,5 тонна көмір жағылады десек, жылына 525 тонна көмір қажет. Ал бізде 22 гектар жылыжай бар. Сонда тек көмір үшін қанша қаражат жұмсалатынын есептей беріңіз. Осының әсерінен қыс мезгілінде өнімнің бағасы көтеріліп кетеді. Әрине, мемлекет тарапынан берілетін субсидия көмір шығынын жабуға көмектеседі. Бірақ ол бәрібір жетпейді. Субсидия көмірдің шамамен 30 пайыз шығынын жабады. Газ көмірден де қымбатқа түседі, — дейді «Жабай ата» шаруа қожалығының төрағасы Ергеш Төребеков.
Иә, көмір проблемасы биыл халықты көп титықтатып жатқаны рас. «Жабай ата» шаруа қожалығындағы бұл мәселе осындағы жылыжай шаруашылығымен айналысатындар үшін ортақ екені талас тудырмайды. Дегенмен, олар жұмысын жалғастырып келеді.
Сарыағаш ауданындағы сонау бастан бөлінуден аман қалған санаулы шаруашылықтардың бірі — «Қызылжар» өндірістік кооперативі. Ыдырамаудың арқасында қазір 1350 мүшесі бар 230 отбасының 314 гектар жері тиімді пайдаланылуда. 50-ден астам адам тұрақты жалақысы бар жұмыс істесе, науқан кезінде 4-5 ай бойы 100-ден астам адам шаруаға араласады. Бұдан бөлек 2 гектарлық жылыжайда қияр мен қызанақ өсірумен бірнеше шаруа шұғылданады.
— 21 жылдан бері іргеміз сөгілген емес. Кооперативті сақтап қалудың арқасында шаруамызды дөңгелетумен келеміз. Заман талабына сай не нәрсеге қажеттілік артады, сонымен айналысуға күш саламыз. Бүгінде бидай егеміз, көшет өндіреміз, гүл егеміз, мал шаруашылығымен айналысамыз. Соңғы екі жылдан бері жылыжай шаруашылығын қолға алып, былтырдан бері жаңғақ егуді де бастадық, — дейді кооператив төрағасы Жақсылық Дүйсебаев.

«Ақ жолдың» «Мамлакатында»

Экспедициямыздың келесі күні бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы саналатын қасиетті Түркістан топырағында жалғасты. Күн өткен сайын көркейіп келе жатқан Түркістан қаласы бүгінде айналасындағы он екі ауылдық округті біріктіріп, Түркістан ауданының орталығы болып саналады екен.
Біздің экспедиция мүшелерін жылы шыраймен қарсы алып, алдыңғы қатарлы шаруашылықтарын аралатып, көрсеткен аудан әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев мырзаның айтуынша, Түркістан облыс орталығы болып, Шымкент қаласы өзінше үлкен мегаполис болып қалатыны немесе Түркістан — жеке-дара түркі әлеміне ортақ мәдени-рухани орталық, ал Шымкент бұрынғысынша облыс орталығы болатыны жайлы мәселе 2020 жылдарға қалдырылыпты. Дегенмен, біз осы соңғы нұсқасының көңілімізге қонатынын жасырмадық.
Әрине, біз танысқан цифрлар мен мәліметтер аталмыш ауданның экономикалық, әлеуметтік жетістіктерінің жетерлік екенін айғақтап берді. Тіпті, оларды тізбектемей-ақ, біз Түркістанға келмей тұрып, облыс орталығының ауыл шаруашылығы басқармасында болған кезімізде-ақ, Түркістан ауданының жуырда ғана өткен облыстық ауылшаруашылық көрмесінде алдыңғы қатардан көрініп, 2-орын алғанынан хабардармыз. Осының өзі-ақ аудан әлеуетін байқатқан. Сонымен, әкім орынбасары бізді қала сыртында орналасқан, аудандағы ең ірі консорциум «Ақ жол» ЖШС-нің «Мамлакат» шаруа қожалығына, анығырақ айтсақ, мал бордақылау және сою орталығына апарып, таныстырды. Тәжібек Мұсаевтың айтуынша, Консорциум меншігінде 400 қоба (КамАЗ көлігі), 2 асфальт-бетон зауыт, 2 тойхана, 2 шағын маркет дүкені, 2 карьер, тәулігіне 3 тонна шұжық өнімдерін шығаратын цех, 20 тонна нан шығаратын зауыт, асханалар мен мал соятын орталықтар және тағы басқа да шаруашылықтары бар екен.
Консорциум директоры Сабыр Атаевтың өзі басқа шаруалармен, басқа жақта жүргендіктен, ол кісімен кездесудің сәті түспеді. Есесіне, оның осы мал бордақылау орталығындағы басқарушысы Данияр Қасимовқа жолығып, шаруашылық жайымен таныстық. Түліктің әр түріне арналған арнайы қоралары бар. Олардың жем-шөбі де, техникасы да жеткілікті.
— Бізге малды мал сатушылар сырттан әкеледі. Оларды осы жерде бағамыз, бордақылаймыз. Біздің арнайы мал дәрігеріміз, мал етін арнайы зерттеп, қадағалап отыратын зертханамыз бар. Күніне кем дегенде 4-5 ірі қараны сойып, өз сауда дүкендеріміз бен тойхана, асханаларымыздың тапсырысын қамтамасыз етіп отырамыз. Жайылым жерлеріміз де бар, бірақ онда көбіне ұсақ мал жайылады. Жұмысшыларымызды арнайы тамақтандыратын асханаларымыз да бар, — дейді шаруашылық басқарушысы.

Жылыжайда қызанақтар қызарған

Бұдан кейін біз «Мамлакаттан» шығып, Ерғали Жолдасбеков деген азамат қожалық ететін «Ерасыл» ШҚ-ның қызанақ өсіретін жылыжайына ат басын тіредік. Осы жерде маған кешегі Сарыағашқа барған жылыжайдан айырмашылық сезіліп-ақ тұрды. Қанша айтқанмен, оңтүстіккореялық технологиямен жабдықталған жылыжай іші жып-жылы әрі жарық екен. Қожайынның өзі болмады. Осындағы бағбан жігіт Ғалымжанның айтуынша, жылыжайды жағармаймен жылыту көмірге қарағанда анағұрлым тиімді әрі үнемді екен. Мысалы, кореялық жылытқыш сағатына 23 литр жағармай жағуға арналғанымен, оны біз дамылсыз қосып қоймаймыз. Бір жылытып алған соң, автоматты режимге, «климат-бақылауға» қоямыз. Қызанаққа 16 градустан артық жылу керек емес. Яғни, аппарат 16 градустан температура төмендегенде өзі қосылып, ажыратылып тұрады. Сонда жағармай да үнемделеді. Оның үстіне, жылыжайдың төбесі үш қабат арнайы күн сәулесіне арналған қаптамамен қапталса, керегелері де осындай қаптамалармен тұмшаланады. Бұл өз кезегінде термостың рөлін атқарады. Жаздағы 40-45 градус аптап ыстықта үш қаптаманы да жауып қоямыз, — дейді Ғалымжан.
Ал енді «Қызанақтардың қызарып піскендерін неге жинап алмайсыздар?» — деген сауалымызға: «Өнімдерімізді 2-3 күнде бір рет 1 тоннадан аса мөлшерде ғана қала базарларына шығарып сатып жатырмыз. Оларды осы тұрған жерінен-ақ сатып алып кетуге тапсырыс берушілер көп, бірақ бағасы арзан. Базардағы 200 теңге бағасымен бірдей. Ең болмаса, бағасы 350-400 теңге болса ғана бізге аздаған пайда түсер еді. Қазір 200 теңгеге сатқанымызбен еш пайда жоқ. Сондықтан сәл кешеуілдетіп, бағаның өскенін күтіп отырмыз», — деді бағбан жігіт.
Осы орайдағы ойын әкім орынбасары да былай жеткізген болатын: «Негізінде 35 сотық жер көлемі жылыжай үшін аздық етеді. Егер жылыжай жерінің көлемі кем дегенде 3-4 гектар болса, 3-4 күнде, бүгінде Ресейден және басқа жақтардан келіп жататын бір ФУРА жүк көлігі толатындай өнім жинап, сатып отыруға болар еді. Ал мына 35 сотық жылыжайдың ондай өнім беруге мүкіншілігі жоқ. Сондықтан келешекте жылыжайларды көбейтумен қатар, оның жер көлемін ұлғайтуды да ескереміз».
Шынында да, маңдай терін төгіп еңбек еткен шаруа, өсірген өнімін арзан бағаға бере салмай, бейнетінің зейнетін көргені де дұрыс қой.
Сонымен, қасиетті Түркістанның шаруашылық нысандарымен қоса, көрнекі жерлерін де көріп, көңіл толып аттандық.
Бір зауытта 1300 жұмысшы…

Кентау байырғы қалпына қайта келеді

Моноқалалар тізіміне енген Кентау қазір барынша ажарланып келеді. Бір кездері халқы тым азайып, көркі қашқан шаһарда бүгінде 96 мыңға жуық тұрғын тұрады. Бір жыл ішінде тұрғын саны мыңнан астамға көбейген. Тәжірибелі басшы Әбдібақыт Мақұлбаев тізгінін ұстаған қала бюджеті де өсумен келеді. Осы жылдың қазан айындағы есеп бойынша өнім көлемі 992,8 миллион теңгеге жеткен. Бұл былтырғы көрсеткіштен 26 миллиард 020,7 миллион теңгеге жоғары. Он айдың қорытындысы бойынша бюджеттің кіріс бөлігі 100,5 пайызға орындалып, 8 843 391,8 мың теңгені құрады.
Әрине, Кентау қала болғандықтан, онда өндіріс саласына аса маңыз беріледі. Шаһардағы ең ірі деп есептелетін трансформатор зауытында 1300-ге жуық адам жұмыс істейді. Дегенмен, ауылшаруашылық саласында да қозғалыс жоқ емес. Осы жылдың қазан айына дейін 3100,0 миллион теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілген. Оның ішінде ет (тірідей салмақта) 873,7 тонна, сүт 4033,3 тоннаға жеткен.
Кентау жайлы айтқанда Қаратаудың қойнауында жатқан Ащысай ауылының жай-күйі көңілге әсер етеді. Кентау мен Созақ ауданын жалғап жатқан, таудың ішін жарып өтетін тас жолмен әрлі-берлі жүргенде сұрқай тартқан ауылды көріп, жанымыз күйзелетін. Кеңес Одағы тұсында дүркіреген өндіріс орны ретінде атағы алысқа ұзаған ауыл еді. Фашистік Германияның әскеріне қарсы атылған 10 оқтың 9-ы Шымкенттен шыққан десек, сол оққа пайдаланылған шикізат осы Қаратаудың қойнауынан — Ащысайдан алынған деседі. Сол жылдары осы бір кішкентай ауылдың өзінде 17 мың халық қоныстанған. Соның нәтижесінде таудың бір қуысында қаз-қатар көпқабатты үйлер салынып, Ащысайдың қазаны қыж-қыж қайнаған.
Кеңес Одағы тарағаннан кейін Шымкенттегі қорғасын зауытының да тынысы тарылып, Ащысайдағы тіршіліктен маңыз қаша бастайды. Ауыл тұрғындары өлместің қамын жасап, үдере көшеді. Салдарынан көпқабатты үйлер қаңырап босап, жергілікті жұрт жұмыссыз қалып қояды. Бірақ тарих сахнасынан біржолата кете қоймады. Ата жұртын көште қалдырғысы келмеген жергілікті тұрғындар тіршілік етудің қатты қиындағанына қарамастан, қара шаңырақтың отын сөндірмеуге, түтінін сақтап қалуға тырысты. Соның арқасында Ащысай «аман қалып», бүгінде онда 2 мыңға жуық жан тұрып жатыр. Жоғарыда айтылған тас жолмен жүріп өткенде ауылдың кіндігін емес, аяқ жағын ғана көріп өтеді екенбіз. Сөйтсек, Ащысайдың орталығы әжептәуір үлкен ауыл екен. Есік-терезесі үңірейген, сырты тозған көпқабатты үйлердің ауылдың ұсқынын кетіріп тұрғаны болмаса, тау қуысындағы ауылдың келбеті көз сүйсіндіреді. Жергілікті әкімдік тарапынан соңғы жылдары жақсы көңіл бөліне бастағанын тақтайдай болған тегіс жолынан байқауға болады. Жол жиегіндегі мәдениет үйі де көненің көзі секілді көрінгенімен, жуық арада жөндеу көргені байқалады. Ащысай ауыл әкімдігінің бас маманы Сабира Сағынбаеваның айтуынша, кішкентай ауылдағы екі мектепке де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Онда 327 бала дәріс алады. Олардың жанынан ашылған шағын орталықтарда 50 бүлдіршін тәрбиеленеді. 400 орындық мәдениет ошағы толық жөндеуден өткізіліп, жылу қазандықтары орнатылған. Ендігіде нысан бос тұрмастан, мұнда бірқатар спорттық және мәдени секциялар ашылып, ащысайлықтарға қызмет етіп жатқан жайы бар екен. Интернет ұстайды, ұялы байланыстан жырақ жатыр деп айта алмаймыз.

Тағы бір көкейтесті мәселе Кентау қаласының экологиялық аймаққа енбей қалуы екен. Көрші орналасқан Түркістан, Созақ, тіпті, Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған, Шиелі аудандары Арал теңізінің зардабын сезінуші аудандар болғанда осылардың қақ ортасында орналасқан Кентау қалайша экологиялық аймақтан шет қалып қойған? Бұл кентаулықтардың әлеуметтік ахуалына кері әсерін тигізетін жағдай екені анық.

Дәрігерлік амбулаторияда аға дәрігер мен терапевт дәрігерлерді қосқанда 13 қызметкер ауыл азаматтарының денсаулығын күзетуге жұмыс істейді. Елбасының «Туған жерге туың тік» атты бастамасын қолдау мақсатында осы ауылдан түлеп ұшқан Бекен Бекболат деген азамат осы амбулаторияға су жаңа «Нива» көлігін сыйға тартса, тағы бір жерлестері — Талғат Жұмаділдаев имандылық үйін тұрғызып қана қоймай, оны жыл сайын жөндеуден өткізіп тұрады екен. Көше бойлары жарықтандырылған. Ауызсудан проблема жоқ секілді. Бір сөзбен айтқанда, «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» секілді көрінген Ащысай ауылы тұрғындарының өмірге деген өкпелері қара қазандай деп айта алмайсың. Тұрғындардың біраз бөлігі мемлекеттік әлеуметтік нысандарда қызмет етсе, 60-70-ке жуық жастар вахталық негізде жұмыс істейді. Мемлекеттен субсидия алып, мал шаруашылығын кәсіп етіп отырған тұрғындар да жоқ емес. Қалғандары зейнеткерлер мен жас балалар. Айтқандай, жуырда Ащысайдың қойнауындағы қорғасынды игеру мақсатында қытайлық инвесторлар келіп, келісімге отырып, құрылыс жұмыстарын бастап қойған көрінеді. Егер жоспар ойдағыдай жүзеге асар болса, мұнда қайта кен игеріліп, Ащысайдың байырғы өмірі қайта басталатынға ұқсайды. Сонда жергілікті тұрғындарға да тұрақты жұмыс табылып, елге оралатындар қатары артуы әбден мүмкін. Сол себепті де Ащысайды болашағы жоқ ауыл ретінде қарауға негіз жоқ.
Ауылдың сұрқын бұзып тұрған, жоғарыда айтып өткен, көпқабатты үйлерді байырғы қалпына келтіру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр екен. Атап айтсақ, олардың барлығының да иелерін іздеп тауып, байланысып, пәтерлерін ретке келтіруді үгіттеп жатыр екен. Үй иелерінің дені тіршілік қамымен сан тарауға тарыдай шашылып кеткен жайы бар. Иесі табылмағандарды мемлекетке қайтару мәселесі қаралады. Әрине, барлығы да заң жүзінде. Ешкімнің құқы бұзылмауы қатты қадағаланады.
Ауылдың мәселесін ауылдың ішіне дендеп кіру арқылы ғана шынайы ұғынуға болады. Жергілікті тұрғындармен тілдесу, пікірлесу арқылы біраз жайтты хабардар болған секілдіміз. Ең негізгі мәселелердің бірі — жайылымның жоқтығы. Тау қуысына жайғасқан ауыл үшін күнкөріс көзі мал шаруашылығы екені айтпаса да түсінікті. Алайда жайылымның тапшылығы бұл мүмкіндікті жүзеге асыруға қолбайлау болады. Ащысайдың айналасындағы жайылымдық жерлердің көбі Түркістан ауданына қарасты. Жергілікті тұрғындар амал жоқ жайылымды жалға алуға мәжбүр. Бірақ олардың өзі тастақ жерлер. Көктемде шөбі шүйгін болғанымен, жазға таяу сиреп қалады. Ащысаймен көршілес жатқан Хантағы, Байылдыр ауылдарында да осы көрініс. Бұл ауылдың қадамын ашатын емес, тынысын тарылтатын жағдай екені түсінікті.
Қиындықтың тағы бірі — ауылдағы жылжымайтын мүліктердің төмен бағалануы. Төмен бағаланған нысан үшін арзымайтын несие беріледі. Осы тұрғыдан келенде ауылдықтардың жылжымайтын мүлкін кепілге қойып, несие алу, кәсібін дөңгелету мәселесі қиындау. Ал субсидияға қол жеткізу қиын шаруа деседі. Ауыл шаруашылығына қажетті мамандар да тапшы. Осы секілді түйткілдердің түйінін тарқатудың жолын да ауылдықтардың өзі айтады. Олардың айтуынша, субсидияны жоғары оқу орындары арқылы берудің тиімділігі орасан көрінеді. Мәселен, субсидия жоғары оқу орындары арқылы берілген жағдайда оқу орны ұжымы субсидия алған шаруамен қоян-қолтық байланыста жұмыс істеуге мәжбүр болады. Мал сатып алған шаруаның малы ауыра қалған жағдайда профессор-оқытушылар студенттермен бірге көмекке келеді. Оқытушылар малды емдейді, студенттер үйренеді, яғни тәжірибе жинақтайды. Осылайша әрі сапалы маман даярланады, әрі кластер дамиды. Басқаша айтқанда, оқытушы-профессорлар ұжымы шаруаны қашан кәсібі дөңгелеп, шаруасын меңгергенше жетелеп жүретін болады. Егін шаруашылығында да осы жағдай орын алуы тиіс. Әйтпесе, беріліп жатқан субсидия өте көп болғанымен, одан келіп жатқан пайда мардымсыз. Оның үстіне жыл өткен сайын ауылшаруашылық саласының сапалы мамандарына деген тапшылық жылдан-жылға артып келеді екен. Ауыл тұрғындарының пікірі осы. Иә, шынында да ауылдағы жағдайды ауылдықтардан артық ешкім біле алмайды.
Тағы бір көкейтесті мәселе Кентау қаласының экологиялық аймаққа енбей қалуы екен. Көрші орналасқан Түркістан, Созақ, тіпті, Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған, Шиелі аудандары Арал теңізінің зардабын сезінуші аудандар болғанда осылардың қақ ортасында орналасқан Кентау қалайша экологиялық аймақтан шет қалып қойған? Бұл Кентаулықтардың әлеуметтік ахуалына кері әсерін тигізетін жағдай екені анық.
Кентаудың әлеуметтік-экономикалық ахуалын сөз еткенде оның білім саласын айналып өтуге болмайды. Өйткені Кентаудың білім бөлімі жыл сайын аудан-қалалар арасындағы рейтингте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізеді. Қалалық білім беру бөліміне қарасты 22 мектептен ҰБТ-ға 479 оқушы қатысып, 86,2 баллдық нәтиже көрсетті. 2016-2017 оқу жылының қорытындысымен 742 түлек мектеп бітірсе, оның, 87-і «Алтын белгі» белгісін және 34-ы үздік аттестат иеленді, яғни үздік үлгеріммен бітірген түлектердің пайыздық үлесі — 16,3.
Жеткен жетістіктерін саралап өтер болсақ, 2016-2017 оқу жылында 5 оқушы қалалық, 3 оқушы облыстық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасынан жүлдегер атанды. Пәндік олимпиадалардан облыста 6 бала, республикада 2 оқушы жүлдегерлер сапынан көрінді. Облыстық өнер фестивалінің қорытындысы бойынша облыс әкімдігінің «Ең үздік шығармашыл аудан» номинациясымен және қалалық білім беру бөлімі лауреаттық дипломмен марапатталды. Шымкент қаласында өткен «Алатау шыңы» атты Республикалық байқауда түрлі аспаптар номинациясы бойынша 3 бас жүлде, 1 бірінші орын, 1 екінші орын, 1 үшінші орын иеленіп келді. 2017 жылы 29 сәуір Елордамыз Астана қаласында өткен Республикалық «Сәлем, Астана!» фестивалінде «Рапсодия» би тобының жоғары топ бишілері бас жүлдені қанжығаға байлап, Кентау қаласының абыройын асқақтатты.

Созақта уран өндіру ғана емес, ауыл шаруашылығы да өркендеп келеді

Іссапарымыз Созақ ауданында жалғасқан-да онда аудан орталығы Шолаққорған ауылында ауыл шаруашылығын қорытын-дылаған жиын, жәрмеңке болып жатыр екен. Жәрмеңкеде барлық ауылдық округ әкімдіктері өз өнімдерін шығарып, тиімді бағада халыққа ұсынуда.
Кезінде мыңғырған малымен ерекшеленген Созақ ауданының шаруалары тынымсыз еңбегінің арқасында биылғы жылды табысты аяқтапты. Жүйелі жоспарланып, жіті ұйымдастырылған жұмыс нәтижесінде жоғары көрсеткішке қол жеткізілген. Мәселен, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша меже 184 пайызға, «Құлан» бағдарламасы бойынша меже 105 пайызға орындалған. Ауданда барлығы 801 агроқұрылым тіркеуден өтіп, жұмыс жасауда. Осы агроқұрылымдардың ішінен 86 шаруашылық «Қазақстан Фермерлер Одағына» мүше болып тіркелген. Биылғы жылы аудан бойынша 2 ауыл шаруашылығы кооперативін ашу белгіленіп отыр. Қазіргі таңда ашылған 26 осындай кооператив әділет басқармасынан тіркеуден өтті. Мемлекет тарапынан түрлі қаржы құрылымдары арқылы инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы саласының дамуын несиелеу арқылы жаңа серпін беру бүгінгі күннің басты талабына айналған.
Мерекелік шараға озат ауылшаруашылық еңбеккерлері, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты. Аудан әкімі Салыхан Полатов шаруалардың өндірген өнімдерімен танысып, ауылшаруашылық еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Сонымен бірге жақсы нәтиже көрсеткен ауыл округтерді марапаттады. Жоғары өнім алып, барлық көрсеткіштер бойынша жылды үздік қортындылаған Құмкент ауыл округі 1-орын алса, 2-орынды Шолаққорған мен Жартытөбе ауыл округтері бөлісті. Ал жүлделі 3-орын Қарағұр, Созақ, Сызған ауыл округтеріне бұйырды.
Фестиваль аясында ұлттық спорттың ләңгі тебу, қошқар көтеру, асық ату сынынан жарыстар өтіп, соңы аудандық өнер жұл-дыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Аты аталған аудандарды аралаған экспедиция мүшелерінің көрген-түйгендері осы болды. Ең басты мәселе — ауылдың болашағын баянды ететін жастарға, жалпы ауылдықтарға тұрақты жалақысы бар жұмыстардың көбейіп келе жатқандығы. Жалпы, агробизнес ауылды өркендетудің, ауыл тұрғындарының тұрмысын түзейтін тікелей тетік іспетті. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, агробизнеске деген мемлекеттің жәрдемі бүгінгіден де арта беруі тиіс деген тұжырымға келдік.
Жанбақыт Борантаев,
«Қазақстан ZAMAN» газеті бас
редакторының орынбасары

Шадияр Молдабек,
«Қазақстан ZAMAN» газетінің
ОҚО бойынша меншікті тілшісі

(20)