Түтіні түзу ұшқан ауыл

Қысқаша дерек: Бөгетсай — Ақтөбе облысы Хромтау ауданына қарасты ауылдық округтің орталығы. Ор өзенінің жағалауында орналасқан. Аудан орталығынан 45 шақырым, халқының саны — 1710. Бөгетсай арқылы Ақтөбе — Қарабұтақ — Комсомол автомобиль тас жолы өтеді.

Бөгетсай ауылдық округінің әкімі Сердалы Жаназаровтан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігін, қазақстандықтардың қолдауына ие болған, Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай атқарылған істер жайын сұрағанымызда былай деп баяндап берді:
— Ауылымыздағы шаңырақ саны — 352. Округ қарамағында үш елді мекен бар: Шіліктісай, Талдыбұлақ, Қарлау. Аудан бойынша малы көп мекен — осы біздің Бөгетсай округі. 7 мың бас ірі қарамыз бар. Малды асылдандыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл 120 сиыр сатып алдық. Мұның 60-ы сүтті, 60-ы етті. Тұқымы — қазақтың ақ бас сиыры.
Ет өнімдері өзіміздегі «АқТеп» ЖШС-іне өткізіледі. Келісі 550 теңгеден. Кейде мұнан да жоғары бағаға қабылдайды. Хромтауда «Жантезер» ЖШС бар, халық малдарын соған да апарады. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін тұрғындарға қолайлы жағдайлар жасалған…
Ауыл округінің орталығы Бөгетсайда 50 орындық балабақша бар. Дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі бар. Ауылдық округ әкімшілік үйінің құрылысы аяқталды. Пайдалануға жуырда беріледі. Ендігі бір мәселе — ауылға кіре беріс жерден жақсы көпір салу. Жоғары жаққа құлаққағыс қылдық… Алда да елдің пайдасы үшін игі істер атқарыла берері сөзсіз.
Округімізге қарасты Қарлау елді мекеніне 50 орындық мектеп құрылысын жүргізу үшін 9,562 млн. теңгеге сметалық-жоба құжаты жасалып, сараптамаға ұсынылды. Медпункт салу да ойластырылуда. Аудан басшысы Қарлауға да газ тарту мәселесін қарастырып жатыр. Өйткені бұл жерде халықтың тұрақталуына, өсуіне негіз бар…
Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұдан бұрын жер-жерде бұқаралық спортты дамытып, қазақстандықтардың 30 пайызын осы салауатты өмір салтына тарту қажеттігін айтып еді. Бұған бөгетсайлықтар нақты іспен кірісіп жатыр. Андашов Дастан, Дархан деген ауылымыздың азаматтары қатарластарын тартып, өз ынталарымен спорттық жаттығу залын жасақтап берді. Абылай Шакиров есімді жерлесіміздің идеясымен, ұйытқы болуымен, көптің ынта-ықыласпен қоштауының арқасында құны 4,5 млн. теңге шамасындағы хоккей алаңы салынуда.
Наурыз мейрамында ұлттық дәстүрді театрландырылған жасанды түрде емес, шынайы кейіпте көрсетіп, насихаттаудамыз. Биыл бөгетсайлық жастардың ұйымдастыруымен Наурыз тойы өзгеше өтті. 1 544 235 теңге қаражат жұмсады. Ұлттық спорт ойындары уағыздалды. Түйе палуандар, бұқа палуандар боп белдесті. Жаяу жарысты. Біреулері кір тасы мен қошқар көтеріп, енді біреулері арқан тартысып, білек күштерін көрсетті. Ойын жеңімпаздары медальдармен және ақшалай, заттай сыйлықтармен марапатталды.
Бөгетсай тұрғындарында осындай рухани серпіліс туды. Бұл елдің сақталуына, ауыл түтінінің түзу ұша берер болашағына сендіреді.

Бөрібай Кәртин

(28)