Орфанды дәрілік заттар сатылып алынады

«СК-Фармация» 2018 жылға арналған орфанды препараттарды бірінші кезекте сатып алатын болады. Астанада 2018 жылға арналған дәрілік заттарды сатып алу тендері шеңберінде тендерлік комиссияның тендерлік өтінімдерге қатысты жасаған ескертулерді жою бойынша толықтыруларды ашу рәсімі болып өтті. Рәсімдердегі бейтараптылық пен алаламаушылыққа кепілдік беру мақсатында дәрілерді тасымалдаушы әлеует өнім берушілерге берілді. Енді 4 желтоқсанға дейін тендерлік комиссия мен салалық сарапшылар тендерлік өтінімдерге толықтыруларды қарайтын болады. Өтінімдерін заңнама талаптарына сәйкес тиісті қалыпқа келтірген барлық әлеуетті өнім берушілер 2018 жылы қандай компаниялардың медициналық ұйымдарға тегін орфанды дәрілерді жеткізетіндігін анықтайтын бағаны төмендету аукционына жолдама алады. 2018 жылға арналған тендерлік рәсімдер шеңберінде қазіргі таңда сирек кездесетін сырқат түрлерін емдеуге қажетті дәрілер сатылып алынуда. Бірыңғай дистрибьютор арқылы бірінші кезекте сатып алынатын орфанды препараттар тізіміне 45 дәрілік заттар енген. Бұл препараттардың құны аса жоғары, әрі олар әдеттегі дәріханаларда сатылмайды.
Анықтама үшін: Орфандық препараттар — пациенттің денсаулығы мен өміріне айтарлықтай қауіп төндіретін сирек кездесетін аурулар мен жағдайларды емдеуге арналған дәрілік заттар. Препараттардың орфандық немесе «сироттық» деп аталу себебі, нарықтық экономика жағдайында фармацевтикалық өндіріс науқастардың аз көлеміне арналған дәрілік заттарды өндіріп, сатылымға шығаруға құлықсыз екендігінде.
Сирек кездесетін (орфанды) аурулар — бұл адам өміріне қауіп төндіретін созылмалы аурулар. Олардың сирек кездесетіндігі соншалықты, аурудың алдын алу, олардан болатын өлім-жітімді азайту, осындай науқастардың өмір сүру сапасын арттыру үшін арнайы күш салу қажет.

(9)