Елбасы дәрі-дәрмектің негізсіз өсуіне тыйым салды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қабылдады. Кездесу барысында министр Мемлекет басшысына «Денсаулық» мемлекеттік бағдар-ламасын іске асырудың аралық есебін берді және министрлік алдына қойылған міндеттердің қалай орындалып жатқанын баяндады. Аурулардың алдын алу маңызды екенін және ұлттың дені сау болуы үшін азаматтардың маңызды рөл атқаратынын айтқан Елбасы: «Денсаулықты жақсартуға адамдардың өзін тарту қажет. Адамның денсаулығы тек 10-15 пайыз медицинаға тәуелді. Одан басқасы түгелдей адамның өзіне байланысты»,— деп, тұрғындар арасында саламатты өмір сүру салтын насихаттау мәселесіне тоқталып, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа жеткізу міндетінің маңызды екенін айтты. Дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу және фармацевтика саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу мәселелеріне ерекше тоқталған мемлекет басшысы: «Менің бағаға қатыс-ты мәселені шешу жөнінде берген тапсырмамнан кейін Фармация комитетінің төрағасы, «СК-Фармация» компаниясының басшылығы және бес облыстың басқарма басшылары ұсталды. Дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуі шарттар жасасудағы заңнан тыс әрекеттер нәтижесінде орын алады», – деді. Сондай-ақ кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Елжан Біртановқа өзі басшылық ететін салаға дербес жауап беретінін ерекше қадап ескертті.

(2)