Ауылдың хал-ахуалын жақсарту — туған жерді сақтау

Хромтау ауданынан соң Әйтеке би ауданына бағыт түзедік. Жолай шаруашылықтармен таныса кету үшін Қызылжұлдыз ауылдық округіне қарасты Арай қыстағына ат басын бұрған едік (Тарихи атауы — Аралтоғай. — Б.К.). Шаруа жайымен таныстырып тұрған округ әкімі Ербақыт Қаржаубаевқа мынадай бірер сұрақ қойғанбыз.

— Шаруашылықтан ақпарат беріп өтсеңіз…
— Бұл «Мырзалы» қой шаруашылығы деп аталады, 2010 жылы құрылған. Отарда мың жарымдай бас бар, оның 700-і сауылық, 500-і осы жылғы тоқты. Бұлардың еркегі марқайған соң, өзіміздің ауданға, Ақтөбе қаласындағы сауда орындарына етке өткізіледі. Биыл 200-і сатылды. Ал қалған жаңағы 500 тоқтыға келер күзде тұқымды асылдандыру мақсатында әкелінген 30 еділбай қошқары қосылады. Осы үрдіспен малдың сапасын жақсартып келеміз. Тек жүнін, терісін өткізу қиын шаруа болып тұр. Бұның мәселесін шешу көкейде жүр. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін орындарды ашу қажеттілігі туып тұр.
Шаруашылықта он бес адам еңбек етеді. Басқарушысы — Ысмағұлов Талғат есімді азамат. Қарамағында 3,5 га жер бар, малдың қысқы азығын өздері содан дайындап алады…
— Өзіңіз басқаратын ауылдық округтің әлеуметтік жайы қалай?
— Округте 804 тұрғын бар. Мектепте 150 бала оқиды. 34 мұғалім бар. Балабақша жұмыс істейді, ондағы бүлдіршін саны — 25.
Биыл ауызсу құбыры жүргізіліп жатыр. Үйлерді газдандыру мәселесі де оң шешімін тапты. Құбыр тарту жұмысы басталып кетті. Ауыл округінің орталығы — Қызылжұлдыз Ақтөбе — Қостанай тас жолының бойында орналасқан. Аудан, облыс орталықтарымен қатынас жақсы.
— Қазір облыс аумағында «Туған жерге тағзым!» атты акция жүріп жатыр, осы жөнінен де айтарыңыз бар шығар?..
— Жастардың өз бастамаларымен қаржы жинап, кіреберіс жолға 500 мың теңгеге ауылымыздың белгісін орнатты. Бізде меценаттық жасайтын «Жақия» атты қайырымдылық қоры бар. Ол мектептің спорт алаңына күрделі жөндеу жүргізді. Жасанды газон төседі. Жүгіру жолағы бар. Талапқа сай қып дене шынықтыру сабағына тиісті құрал-жабдықтар алып берді… (Уақыттың тым тығыздығына байланысты осы тұстан сұхбатты үзуге тура келді)
— Бұл серпіліс, қайырымдылық ұзағынан болсын, жоғалмасын дәйім!

Бөрібай Кәртин

(3)