«Ана тілім — азығым, адастырмас қазығым» атты «Қазақстан Zaman» газетімен бірлескен дөңгелек үстел өтті

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Ана тілім – азығым, адастырмас қазығым» атты дөңгелек үстел «Қазақстан Zaman» газетімен Шетел азаматтарына арналған және ЖОО-на дейінгі дайындық факультетінің студенттері мен тыңдаушылары арасында болып өтті.


Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасында айтылғандай, жастарды рухани жағынан жаңарту және қазақ тілінің қолдану аясын одан әрі кеңейте түсу, қоғамымызда алатын орны мен мәртебесін көтеру, қазақ тілін үйренуге деген талпынысы бар және жаңадан үйреніп жүрген жастарға, шетел азаматтарына қолдау білдіру сияқты мемлекеттік тіл төңірегін қамтыған көкейкесті мәселе дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы болды.
Жиынға қоғам белсенділері, тіл жанашырлары, «Қазақстан Zaman» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Ертай Айғалиұлы, бас редакторының бірінші орынбасары, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жанбақыт Борантаев, «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақын Саят Қамшыгер, Желтоқсан қаһармандарының бірі – белгілі қайраткер-ақын, әдебиетші Болат Шарахымбай қатысты. Ал факультет деканы п.ғ.к., доцент Ғалия Таубаева ханым болса Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында істеп жасқан жұмыстарымен қатар, студенттердің қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.
Олар студенттердің тіл төңірегінде қойылған түрлы сұрақтарына жауап беруімен қатар, өздерінің өлең-жырларын оқып берді. Жырдан шабыт алған, шығармашылыққа жақын студенттер де ақын ағаларынан қалыс қалмай, алғашқы төл туындыларын оқып, олардан әдеби кеңес алды. Абайдың қара сөзінен мысал ала осы отырып дөңгелек үстелді ұйымдастырған Рыскен Әбішева ұстаз да тілдің нағыз жанашыры десе болады. Себебі, газетімізде тіл туралы және жастар тәрбиесі жөнінде жазған мақалалары жиі жарыққа шығып тұрады.
Сұрақ қоюмен қатар, оған лайықты өткір жауаптар беріліп, жастардың тілге деген құрметін, қызығушылығын оята білген бұл жиынның өмірлік бағытын енді табуға талпынып жүргендер үшін оң бағыт берді десек те болар.
Айман Рамзия

(27)