mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің жауапты хатшысы, "Біздің сұхбат" бөлімінің редакторы.

Құдайберді Бағашар: Қазақ ұлтына тән төл діни мектеп қалыптастыру — қажеттілік

Бүгінгі күні дінге қатысты ауқымды мәселе көп. Соның бірі — қазаққа тән төл діни мектеп қалыптастыру. Ол туралы жуырда Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев та өз сөзінде тілге тиек етті. Осы турасында және басқа да өзекті мәселелер төңірегінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, дінтану саласы бойынша алғаш PhD докторлық қорғаған маман ретінде Құдайберді Бағашарды сөзге тартқан едік.

— Құдайберді Сабыржанұлы, өзіңізге мәлім, қазіргі уақытта дін елдегі аса өзекті тақырыптың бірін құрап отыр. Діннің ғасырымызда осыншалықты өзекті болып кетуінің өзі көңіл аударарлық мәселе. Бұл турасында не айтар едіңіз?
— Адам баласының өмірінде руханият үлкен рөл атқарады. Сол руханияттың өзегінде дін бар. Діннің жеке адам өмірінде, қоғамда атқаратын бірқатар маңызды рөлін жоққа шығаруға болмайды. Дінді шын түсінгенде, дінсіз өмір сүрудің қиындығы өз өзінен аңғарылады. Өйткені адамға жаратылыс мақсұтын дін нақты түсіндіреді. Өмірдің ақиқат сырын пайымдатып, іштей мазалайтын көп сұрақтарға дін ғана тұшымды жауап айтып, жүрегін қанағаттандырады. Елдегі дінге бетбұрыс та осындай үлкен рухани қажеттіліктен орын алды. Құдайсыз идеологияның халықты бұдан ары алып жүруге қауқары жетпеді. Қанша ғасырдан бері мұсылман сенімін өміріне, салт-санасына, дүниетанымына арқау еткен халықты атеизммен ұстап тұру бұдан ары мүмкін емес те еді. Оның үстіне бұл халықтың арғы ата-бабасы, елге тұтқа болған қайраткерлері осы мұсылмандық сеніммен сусындап өскен әрі соның туын биікке желбіреткен жандар еді. Осы тұрғыдан келгенде, халықтың дәстүрлі дінге қарқынды бетбұрыс жасауын қалыпты құбылыс ретінде қабылдаймыз. Дегенмен дінді дұрыс түсінуде, діннің мемлекетке деген ұстанымын айқындауда, ұлттық таным, жергілікті менталитеттік ерекшеліктерді парықтауда қателіктер де орын алмай қалмады.
— «Халықты не құтқарады?» деген сауалға жауапты иманды, дінді атайтындар табылып жүр. Бұл қаншалықты орынды?
— Олай айтылған жауапты қате дей алмаймыз. «Адамды адам ететін — иман» деген де терең мәнді сөз бар. Бірақ оның шарты барын ескеру керек. Ол шарт сауаттылықпен дінді дұрыс түсіне білуде. Дінді дұрыс түсіне білген жағдайда ол халықтың барлық рухани қажеттіліктерін өтеуге қауқарлы. Дінде білімге ынталандыру да, алға ұмтылыс та, бірлік пен ауызбіршілік, елдің тыныштығына ұйытқы болу да, мәдениеттілік, адамгершілік, экономикалық өрлеу де бары даусыз. Алайда дінді қате түсінген жағдайда ол керітартпалықтарға да, дүмшелікке де себеп болатыны және белгілі. Дінде әр нәрсе өзінің мөлшерімен беріле отырып, жалпы тепе-теңдік сақталады. Қателік осы жерде кетіп жатыр. Діндар азаматтар арасында дінді насихаттау маңызды деп, соған қатты беріліп кетіп, екінші жағынан отбасына қарауға селқостық танытып жатқандары жоқ емес. Шын мәнісінде, адам өзінің әрбір парызына тиісінше көңіл бөле білуі керек. Осы тұрғыда «Дін ұстай алсаң — қасиетің, ұстай алмасаң — қасіретің» деген сөздің мәні зор.
— Діндар азаматтар діннің тағы қай тұстарын қате түсінуде деп ойлайсыз?
— Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Дінді ұстану арқылы өзін тәрбиелеп, нашар әдеттерге жуымай, қызметін де атқарып, адал жүріс-тұрысымен маңайына үлгі болып жүрген азаматтар аз емес. Ол үлгілі жағдай қыз-келіншектерге де тән. Дәл солай дінді ұстануға, құлшылық жасауына мемлекетіміз ерік беріп отыр. Дей тұрғанмен кей азаматтардың «Менің жолым ғана дұрыс» деп қарауы қате. Рас, ақиқат біреу. Бірақ сол ақиқатты танудың жолдары көп. Қай жағымен болса да жол тауып таудың басына шығу секілді. Сондықтан өз көзқарасына қосылмағандарды өзіне жау деп білу дінде үлкен қателіктерге ұрындырады. Бірқатар мәселе сенімге қатысты туындауда. Дінге жаңалық енгізуді бидғат десек, сол бидғаттармен күресудегі кетіп жатқан қателіктерді де айтуға болады. Күресу деген сөз барып қиратуды білдірмесе керек. Кейбір жастардың барып қабірлерді бұзып, қиратуы ешкімнің де қабір туралы дұрыс түсінігіне септігін тигізбейді. Демек, ол жастарға келеңсіздіктермен қалай күресу керектігі турасында қате түсінік берілуде. Қиратумен ешбір іс өріс таппаған. Деструктивті деген атаудың өзі де қиратушы, бүлдіруші топтарға айтылады. Күрес заманға, қоғам талабына сай жүруі тиіс. Мешіт имамдары ештеңені қиратпай-ақ халыққа көп мәселенің жай-жапсарын түсіндіріп келе жатқаны аян. Исламда сатылай түсіндіру негізге алынады. Нәрестеге де сіз бірден ет жегізе алмайсыз. Қазақ оны «Мұсылман болу әсте-әсте» деп меңзеген. Осындай ұстанымдарды ескермеген жағдайда, біреуді сенімге я құлшылыққа күштеу ойлағандай нәтиже бермейді. Қайта ол адамның қарсылығын тудырады. Сол үшін бүгінгі қажеттілік ислам методикасымен санасуда.
— Осы тұста халықтың менталитетімен санасу да маңызды деуге келе ме?
— Әрине, ислам бүгінде әлемдік діндер қатарында десек, оның құрамында қаншама ұлттар мен ұлыстар бар. Әрбіріне өзіндік ұлттық ерекшеліктер тән. Ұлт болып жаратылуымыз — Жаратушының таңдауы. Құранда бір-бірлеріңмен танысу — мәдениет алмасу мақсатында делінген. Ендеше, осы ұлттардың қай-қайсысы да өзіндік төл менталитетін, ұлттық ерекшеліктері мен салт-дәстүрін құрметтей білуі тиіс. Біз де өзіміздің қазақ ұлтына тән мұсылмандар екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Халқымыз исламның ақиқат дін екенін әлдеқашан мойындаған. Өз басым діни білім алуға мемлекетіміздің сенімді деген шетелдік жоғары оқу орындарымен келісім жасап жатқанын дұрыс көрем. Ұлттық танымы қалыптасқан, біздің діндегі жолымыз сунниттік, Ханафи мәзхабы, Матуриди ақидасы екенін жақсы түйсінген, магистратура, докторантура деңгейінде студенттерді шетелге діни оқуға жіберу керек деген пікірлер орынды дегім келеді.
— Өзіңіз естіген де боларсыз, Дін істері және азаматтық қоғам министрі жуырда бір сөзінде төл діни мектебімізді құрудың уақыты жетті деген пікір білдірді. Бұл турасында не дер едіңіз?
— Рас. Министрлік құрылғалы көп игі бастамалар көтеріп келеді. Әлі де дін саласында реттейтін мәселе жетерлік. Өзге діндерге тән дәстүрлі емес діни ағымдардың да керітартпа әрекеттері министрлік тарапынан жөнге келтірілуі керек. Ұлттық таным, ұлттық діл, ұлттық құндылықтар м әрбір халық айналып келіп өзі табатын алтын қазығы. Сондықтан біз дін саласында да ұлттық бояуы бар мектеп қалыптастыра алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінде ұлт қайраткерлерінің діни мұрасын зерттеу жұмыстары қызу қолға алынып жатыр. Бұл — қуанарлық жағдай. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай атамыздың бір ауыз сөзінің өзі неге тұрады? Қазақ халқы дінге құрметпен қарай отырып, діни толеранттылықты да ұрпағына жақсы сіңіре білген. Діни толеранттылық — өзгенің сенімін, өзіндік көзқарасын сыйлау білу. Халқымыз ешқашан өзгенің қасиет тұтқан нәрсесіне тас атқан емес. Сен басқаны құрметтесең, ол да сені құрметтейтін болады. Бұл тұста толеранттылықты көнбістікпен шатастыру — қателік. Зайырлы қоғамда барлығы да заң аясында реттеледі. Заңсыз іс жасаған кез келген діни бірлестік жауапқа тартылады.
— Уақыт бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рақмет айтамыз.

Сұхбаттасқан — Бауыржан Карипов

(69)