Өнер дарыған әулет

Сонау 1992 жылдың күзінде алғаш рет өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына әлем мемлекеттерінен келген қандастарға еліміздің түкпір-түпкірінен қауышуға барған делегацияның қатары аз болмап еді. Біздің Қостанай облысынан да аймақ атқамінерлері, қоғам өкілдерімен қатар, орыс ұлт аспаптар оркестрі барып, өнер көрсетіпті. Сол арада «Қостанайда ұлтымыздың өнерін дәріптейтін бір ұжымның болмағаны ма» деген сөздер шығады. Аймақ басшысы Кенжебек Укин көп уақыт өтпей, Алматыдан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген азаматтарды Тобыл топырағына алдыртып, сол албырт жастар Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония жанынан «Ақжелең» фольклорлық ұлт аспаптар ансамблінің негізін қалады. Аз уақыттың ішінде ұжым облысты, республиканы ғана емес, шетелдердің үлкен сахналарын бағындырып үлгерді. Ұлттық ән-күй дәстүрімізді паш етіп келе жатқан ұжым жетекшісі белгілі күйші Назымбек Молдабекұлы Молдахметов — бүгінгі тақырыбымыздың басты кейіпкері. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарына енуге лайық азамат. Аймағымыздың күнгейіндегі Қайыңды ауылының тумасы. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі ширек ғасырға жуық тынымсыз еңбегін бізбен бөлісіп отыр.

— Қазақты бірде жылқыға, бірде домбыраға теңеп жатамыз. Әсіресе, осы ұлттық киелі аспабымыз дәл сіз шыққан әулетке қарата айтылған ба деп ойлап қаласың.
— Отбасымызда ата-аaнамыз он екі ұл-қыз өсіріп-тәрбиеледі. Әрине, ән-күй, жыр-терме, жалпы, ұлттық құндылықтарымыз қанмен тарайтын қасиет. Әкем өнер саласында жүрмесе де, домбыра тартатыны бар еді. Ал анамның әншілігі бар, ауылдағы отырыстардың сәні болды. Әкемнің інісі Сұлтанбек — кәсіби домбырашы, қазір Астанада тұрады. Өзім 5 жасымнан бастап сол кісілердің қолынан аспап қағысын үйрене бастадым. Ал қазір өзімнің аға-бауыр, қарындастарым, тіпті, жиендеріме дейін түрлі аспаптарды игерді, қалды, ән өнеріне бейім.
Өзім мектепті бітірген соң, Арқалық қаласындағы музыкалық училищеде Тұрсынбек Әлмағамбетов ұстазымнан төрт жыл білім алған соң, Құрманғазы атындағы өнер қарашаңырағына қабылдандым. Онда белгілі өнер зерттеушісі, профессор Тмат Мерғалиев, Мемлекетік сыйлықтың лауреаты, белгілі сазгер Кенжебек Күмісбеков, қазақтың маңдайына біткен дарын иелері Қаршыға Ахмедияров, Айтқали Жайымовтардан дәріс алдық. Осындай тынымсыз еңбектенген тұлғалардың алдында боркеміктеніп тұруға болмайды, қайта өзіңді қайрай береді екенсің.
— Сіздер білім алған заманның буыны өнер саласына үлкен атоймен келген толқын іспетті көрінеді. Бұл кеңестік бұғаудан босаған азат ұлттың баба мұрасына деген сағынышынан туған ұмтылысы десем, қателеспейтін шығармын. Себебі сол уақытта тараған түлектер қазір республиканың әр түкпірінде өнер саласының зор биіктеріне жетіп отыр. Оған сіздер бастап келіп құрылған бір ғана «Ақжелең» ансамблін айтсақ та жетіп жатыр.
— Расымен де сол кезде біздің ұлттық өнерімізге деген көзқарасымыз, құштарлығымыз ерекше еді. Дайындықтың өзіне 5-6 сағатымызды сарп етеміз. Қазіргідей кез келген ән-күйді тауып алатын интернет жоқ, шығармаларды күйтабақтардан тыңдап жүрдік. Танымал күйшілердің түрлі нұсқаларына салып ойнауға тырысамыз.
— Өзіңіздің күйді тарту мәнеріңіз қай өңірдің мектебіне бейім?
— Табиғатым Дина күйлеріне, яғни батыс күй мектебіне жақын. Әйтпесе, біздің өңірімізде әншілік-күйшілік дәстүрі кенжелеп қалған. Дина демекші, кезінде Арқалық қаласында тұрған белгілі күйші, Дина Нұрпейісованың көптеген күйлерін жинақтап-сақтап келген Сағын Жалмышев ағамыздан біраз шығарма үйрендік. Сағын ағамыз ертеде Ташкенттен күй анасының шығармалары жазылған гранд-пластинканы қолына түсіріп, сол мұраны кейіннен Қаршыға ағамыз алып жинақ етіп шығарды.
— Назымбек аға, сіздер алғаш Қостанайға келгенде, өнерге сусап отырған жұртшылық түгілі, басшылардың да зор құрметіне ие болдыңыздар. Баспанамен қамтып, басқа да жағдайларыңызды жасап берді. Бұл да албырт жастыққа үлкен серпін болды емес пе?
— Рас, бұл жерде сол заманда облысты басқарған азаматтар, соның ішінде аймақ әкімі болған Кенжебек Укин, мәдениет саласына жетекшілік еткен Римма Ғайсенованың табандылығын айрықша атап өту керек. Алғаш 1995 жылы «Ақжелең» Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында Мәскеу қаласында өткен үлкен байқауда екінші орын иеленіп қайтты. Бұл жас ұжым үшін үлкен жетістік болатын. Корея, Франция, Голландия, Германия секілді алыс-жақын шетелдерде болдық. 2003 жылдан бері ондай үлкен сапар болған емес. Болса да, Астана, Алматы, басқа қалаларымыз бен көршілес Ресей біздің үнемі барып жүретін еліміз. Бірақ шетелдерге шықпадық деп қарап отыруға болмайды. 2008 жылы филармониямызда қазақ ұлт аспаптар оркестрін құрдық. Келесі жылында Ақтөбе қаласында өткен Жұбанов атындағы байқаудан жүлделі екінші орынмен оралдық. Ресейдің Магнитогор қаласынан бас жүлдені, былтыр Уфа қаласында өткен оркестрлер бәйгесінде де бірінші орын алдық. Қазір міне, он жылға жуық уақытта репертуарымыз ұлттық, классикалық ән-күйі бар 400-ге тарта шығармамен толықты. Соның ішінде Шақшақ Жәнібек, Ыбырай Алтынсарин бабаларымызға арналған туындыларды айрықша атап өтуге болады.
— Шетел демекші, сыртта гастрольдерде жүргендеріңізде, сол басқа жұрттың азаматтары біздің өнерімізді қалай бағалап, қабылдайды?
— Бірде Липецк қаласында үлкен халықаралық фестиваль өтіп жатты. Алып стадионда біздің өнер ұжымымыз қазағымыздың күйін ойнаған кезде халық түгел орнынан түрегеп тұрып қошемет көрсетті. Жалпы, сырт мемлекеттерде біздің шығармаларымызды өте ықыласпен қабылдап жатады.
— Кейінгі кезде де төл өнерімізге деген қолдаудың бар екенін сырттай байқап жүрміз. Әсіресе, мәдениет басқармасына жас болса да іскер Ерлан Қалмақов келгелі біраз дүние алға басқандай.
— Расымен де Ерлан бауырымыз келіп, бірқатар бастамаларға мұрындық болуда. Өзім келген ширек ғасырға жуық уақытта Қостанайда республика көлемінде өткізілген не оркестр, ансамбль, дәстүрлі ән-күй фестиваль-байқаулары болған емес. Күні кеше Сағын Жалмышев атындағы республикалық домбырашылар конкурсы қандай жоғары деңгейде өтті. Сазгер жерлесіміз Бақытжан Байқадамовтың 100 жылдығы, басқа да өнердегі азаматтардың шығармашылық кештері осыған айғақ. Біз де Астанаға оркестрмен барып концерт қойып келдік. Осы өзіңмен кездесер алдында Қызылжар қаласында Сегіз Сері атындағы оркестрдің концертіне облыс атынан қатысып келіп отырмыз.
— Оркестр дегеннен шығады ғой, сіз дирижерлікті қайдан оқыдыңыз? Қазір көп концерттерде нотаға да қарамай, кейде, тіпті, дәптерді жауып тастап қырық-елу адамды шыр үйіріп тұрасыз.
— Ол жағынан арнайы білімім жоқ. Кезінде Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін басқарған академик Зұлқарнай Алдамжар сол оқу ордасында музыка факультетін ашқан уақытында мені шақырып алды. Ол кісі нағыз өнердің жанашыры еді ғой. Маған факультет жанынан оркестр құр деп тапсырма берді әрі каферда меңгерушілігіне тағайындады. Алматыға жіберіп, аспаптар, оқу бағдарламаларын алдырды. Міне, сол студенттік оркестрге жетекшілік ете жүріп, дирижерлікті меңгеріп алдым. Бір сөзбен айтқанда, менің дирижер болуыма Зұқаңның тікелей ықпалы бар.
— Қазіргі оркестріміздің құрамы толық қой?
— Аспап жағы түгел. Тек қобызшылар жетіспейді. Алдағы жылы Өнер академиясын аяқтайтын бір қыз бала хабарласып жатыр. Жаңа жылға қарай кел, тыңдайық деп отырмыз. Жастарды шақырғымыз-ақ келеді. Бірақ оларды баспанамен қамту, жағдайын жасауға келгенде қол қусырып қалып отырмыз…
— Кезіндегі оқушыларыңыз, қазіргі бір ұжым мүшелері Айгүл қарындасыңыз, домбырашы Мәлік Нұрғалиевтер, басқа да ізіңізді басқан ұл-қыздардан кейін шәкірттеріңізді көрмей жүрміз…
— Бүгінгі күннің музыка мамандығына келген жастар дәстүрлі өнерден гөрі жеңіл-желпі ән айтатын жолды таңдайды. Әйтеуір Қайрат Нұртас, Төреғали болғысы келеді. Ал олар саф өнердің қаншама еңбекпен келетінін білмейтіндер. Бірақ көпке топырақ шашуға болмайды. Егер шын мәнінде басшылар тарапынан қолдаулар болып жатса, жастарымызды да өз жағымызға тарта аламыз. Қолдау демекші, бұған дейін бірқатар аудандарда ұлт аспаптар ансамбльдері құрылып, соны ұйымдастыруға мені шақырған болатын. Он жылдай бұрын Меңдіқара ауданында Қайрат Ахметов әкім болған уақытта өнерге жанашырлық танытып, мені арнайы ауданға шақырып, өнерлі азаматтардың басын қосуға мұрындық болды. Кейін Федоров, Алтынсарин аудандарында да осындай ансамбльдер өмірге келді.
— Алдағы уақытта репертуарларыңыз қандай шығармалармен толықпақшы?
— Әрине, мұндай идеялар бірден ойға келе қоймайды. Дегенмен, Алла сәтін салса, Кенесары ханның әскербасыларының бірі, өңірімізден шыққан батыр Төлек Жәуке туралы сарын шығарсақ дейміз. Ал біздің аймағымыздың табиғаты қандай сұлу! Осы өлкемізге арнап бір вальс дүниеге келсе деген мақсат жоспар да ойымызда жоқ емес. Басқа да белгілі тұлғаларымыз бар, мәселен, ұстазымыз Зұлқарнай Алдамжар жайында толғау неге жаздырмасқа!

Қыдырбек Қиысханұлы

(278)