mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Заңгерлер енді Адвокаттар алқасына жарна төлемейді

Мәжiлiс үйiнде «Адвокаттық қызмет және заң көмегi туралы» заң жобасын таныстырған ҚР әдiлет министрiнiң орынбасары Жанат Ешмағамбетов: «Заң жобасында заңгерлерге қойылатын талаптар күшейтiліп, оларға жеңiлдiктер беру қарастырылған. Жаңа заңға сәйкес, адвокаттар пен заң кеңесшiлерi қызметiнiң ашық тарифтiк кестесi бекiтiледі, бұдан халық құқықтық қызметтiң орташа бағасын бiлiп отырады. Сондай-ақ, 2020 жылдан бастап халыққа сапасыз заң көмегi үшiн сақтандыру өтемақысы төленеді. Қазiр халықты қажеттi адвокаттық көмекпен қамтамасыз ету үшiн «кәсiпке қабылдауды» жеңiлдету ұсынылып отыр. Бүгiнде елiмiзде қызмет көрсетiп жүрген адвокаттар саны 4,5 мыңнан асады. Сәйкесiнше, бiр адвокатқа орташа алғанда 4 мыңға жуық азаматтан келедi. Батыс Еуропа елдерiнде бiр адвокатқа 250-1 мың адамнан келедi. Қазiр елiмiзде қалаған азаматтардың барлығы адвокат бола алмайды. Себебi, Адвокаттар алқасына қабылдау жарнасы тым жоғары, 800 мың теңгеге дейiн жетедi. Соңғы 4 жылда Қазақстанда адвокаттар саны 300 адамға ғана артқан. Сондықтан, адвокат кәсiбiне қабылдауды жеңiлдету үшiн жарна түрiндегi әдейi жасалған кедергi алынып тасталмақ. Бұл жарна кәсiби бiлiктiлiктi дәлелдеуге бағытталмаған, ол қосымша мүлiк кедергiсi саналады. Оған тыйым салу заң бiлiмiне ие көптеген азаматтарға адвокат мәртебесiн алуға мүмкiндiк бередi. Бұл кейiннен адвокаттар арасындағы бәсекелестiктi күшейтiп, олардың кәсiби бiлiктiлiгiн арттыруға мүмкiндiк бередi»,— деп түсіндірді.

(13)