Ә.І.Жанғариннің ойлап тапқан өнертабыстарын бүкіл әлем қолданады

Ұмытыла бастаған өнертапқыш ғалым

Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнертапқышы, техника ғылымдарының докторы, профессор Әділбек Ізтілеуұлы Жанғариннің (1930–1994 жж.) аты көрнекті ғалым-инженер және өнертапқыш ретінде елімізде және шетелдерде кеңінен танымал.
Ол құрастырып шығарған вакуумды гидроциклондық қондырғылар әлемдік тәжірибеде вакуумды гидроциклондардың қолданылуы мен дамуының жаңа кезеңін ашты. Алғашқы қысымды гидроциклонды құрастырушы 1929 жылы КСРО өнертабысының №12128 “Суды тазартуға арналған аппарат” патентін алған А.К. Востоков болды. Ә.І.Жанғарин бұдан 42 жыл өткеннен кейін вакуумды режимде жұмыс істейтін гидроциклонның жаңа бірегей түрін ойлап тапты және 1971 жылы алғашқы болып КСРО өнертабысының № 285500 «Сорғының сору құбырындағы тұнбаларды ұстау әдісі» авторлық куәлігін алды. Бірақ қазірге дейін гидроциклонды құрастыруға қатысы бар жекелеген тұлғалар Ә.І. Жанғариннің авторлығын өзінікі деп көрсетуге тырысуда. Дегенмен оның авторлық құқығы құжатпен бекітілген, сондықтан бұл өнертабыс ғылымның даму тарихында Ә.І.Жанғариннің атымен байланысты болып қалады.

Суды тазартатын аппаратты алғаш ойлап тапқан

Ә.І.Жанғариннің кейінгі ғылыми-зерттеу жұмыстары да вакуумды гидроциклондық қондырғылардың әртүрлі құрылымдарын құрастыру мен жасап шығаруға арналды. Олар халық шаруашылығының түрлі салаларында пайдаланылып келеді және шетел мен отандық тәжірибеде кең қолданыс тапты.
Отандық және әлемдік тәжірибеде алғаш рет, жылдан-жылға кеңінен қолданылып келе жатқан, суды тазартудың тиімділігі жоғары вакуум гидроциклондық сүзу технологиясын құрастыру мен оны өндіріске енгізу Ә.І.Жанғарин өнертабысының құндылығы болып табылады.
Табиғи қарапайымдылығына қарамастан, белгілі ғалымның өмірлік жолы, оның ғылыми және педагогтік қызметі еліміздегі ғылымның даму тарихына елеулі үлес қосты. Әділбек Ізтілеуұлы Жанғарин 1930 жылы 6 қарашада Қызылорда облысының Қазалы қаласында мұғалім отбасында дүниеге келді. Ол 1948 жылы орта мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының гидромелиоративтік факультетіне оқуға түседі. 1953 жылы институтты ойдағыдай аяқтағаннан кейін, оны Шымкент ауыл шаруашылығы техникумына педагогтік жұмысқа жібереді. Осы оқу орнында ол «Гидравлика және гидротехникалық құрылғылар» курсынан сабақ берумен қатар өнертабыстық және зерттеу жұмыстарымен айналысады. 1956 жылы ол Қазақ ССР ғылым Академиясының энергетика институтына аспирантураға түседі. Аспирантураны бітіргеннен кейін, оны энергетика институтында кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа қалдырады. Мұнда ол өзінің ғылыми зерттеулерін әрі қарай жалғастырды. 1962 жылы техника ғылымдарының докторы Арықова Әминаның жетекшілігімен және Қазақ ССР ғылым академиясының академигі Рахмет Жанғазұлы Жолаевтың кеңесшілік етуімен ол техника ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «Төмен қысымды гидроциклонның жұмыс режимі» тақырыбында диссертациясын ойдағыдай қорғайды.
1965 жылы конкурс бойынша Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының теориялық механика кафедрасының меңгерушісі болып сайланады.
Бұдан ары оның зерттеушілік өмірі 1968-1989 жылдар аралығында өзі жұмыс істеген Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен байланысты болды. Басында ол аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді, содан кейін ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі (1970-1971 жж.), су көтеру құрылғылары зертханасының меңгерушісі (1971-1974 жж.), машиналы су жинау секторының меңгерушісі (1974-1977 жж.) және су шаруашылығының Қазақ ғылыми-зерттеу институты Алматы кешенді бөлімінің гидроциклонды су тазарту зертханасының меңгерушісі (1974-1977 жж.) қызметін атқарды. Ғалымның ғылыми тәжірибесі мен мүмкіндіктерін ескере отырып, 1989 жылы оны конкурстық негізде су шаруашылығының Қазақ ғылыми-зерттеу институты Алматы кешенді бөлімінің бас ғылыми қызметкері етіп тағайындайды.
Осы маңызды ғылыми-зерттеу жұмыст-арының нәтижесі 1989 жылы А.Н.Костяков атындағы Бүкілодақтық Еңбек Қызыл Ту орденді Гидротехника және Мелиорация ғылыми-зерттеу институтында (Мәскеу қаласы) техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін екі мамандық бойынша: (06.01.02 — мелиорация және суармалы егін шаруашылығы; 05.23.16 — мелиоративті жүйелердің құрылысы) ғылыми баяндама түрінде диссертация қорғау болды. 1991 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Алматы автомобиль жол институтының «Гидравлика және гидрожетек» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды.
Әдекең әлемдік тәжірибеде алғаш рет гетерогендік жүйелерді бөліп алудың жаңаша әрі болашағы зор вакуум-гидроциклондық әдісін ұсынды және оны тәжірибе түрінде қолдану деңгейіне жеткізді. Мұның мәні ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету мен коммуналдық жүйелердегі, сонымен қатар, өңдеу өнеркәсіптерінің түрлі салаларындағы сорғының жұмысшы органдарын абразивті тозудан қорғау мақсатында сору магистральдарындағы тұнбаларды ұстап бөліп алу, суды тазартудың қалдықсыз технологиясын жасау және қойыртпақты (пульпаны) көтеру мен құм толып қалған мелиоративтік жүйе ұңғымаларын тазарту болып табылады.
Ғалым эксперимент жасау арқылы төмен қысымды және вакуумды гидроциклондардағы біртекті ағынның гидродинамикалық параметрлерінің өзгеру заңдылығын тапты. Мұнымен қоса ол тұнбаның қоюлануы мен гидроциклонның құмға арналған саңылауының алдында құм үйіндісінің пайда болуын болдырмайтын технологияны ойлап шығады.
Біртекті сұйықтықтардың құм өтетін саңылау арқылы айналып ағуы кезіндегі шығын коэффициентінің өзгеру заңдылығына баға берді. Алғаш рет гидроциклондардың вакуумдық және қысымды-вакуумдық түрлерінің жұмыс режимдері үшін форвакуумдық критерий ұғымын енгізді. Бұл ұғым (көрсеткіш) вакуумгидроциклонның құм шығатын саңылауы арқылы тұнбаның шығу жағдайын анықтайтын шексіз параметр болып табылады. Әділбек Жанғариннің алғашқы өнертабысы жабық құбырлардан, кесек құрамдары бар жер асты немесе ашық су көздерінен қауіпсіз түрде су алуға арналған гидроциклондық қондырғылардың және сору магистральдарындағы қоқыстарды қоюлатып, бөліп алуға арналған гидроциклондық аппараттардың жаңа құрылымдары болып табылады.
Ғылыми жұмыстарының нәтижелері еліміздің әртүрлі салаларында кең қолданысқа енді және КСРО су шаруа-шылығы Министрлігінде, Союзгипроводхозда, Союзводопроекте, ВНПО «Радуга», Волгогипроводхозда, Қазақ КСР-і су шаруашылығы Министрлігінде (Казгипроводхоз, Казглавподземвод, Казюжгипроводхоз), Өзбек КСР-і су шаруашылығы Министрлігінде (РПО «Узводремстройэксплуатация, МУЭ АБМК) табысты түрде қолданыс тапты.
Сонымен қатар Ә.І.Жанғариннің жасаған жұмыстары халық шаруашылығындағы бір-бірімен байланысты аралас салаларындағы келесі мекемелерге: КСРО минералды тыңайтқыштар министрлігіне (Жамбыл фосфор заводы, ДПО «Химпром»), КСРО автомобиль өндірісі министрлігіне (АЗЛК, Мәскеу қаласындағы № 2 және № 4 таксомотор парктері); КСРО химия өнеркәсібі министрлігі (п/я А-7411), Латвия КСР-і жеңіл өнеркәсіп министрлігі (Рига фарфор заводы) енгізілгенін атап айтуға болады.

Әдекең — көптеген инженерлердің ұстазы

Өнертапқыш ғалымның жасаған жұмыстары Халықаралық көрмелерде және КСРО ХШБОЖ (ВДНХ СССР) көрмесінде 10 экспонат түрінде көрсетілді. Онда олар 1 алтын, 3 күміс және 7 қола медальға, сондай-ақ 3 дипломға ие болды.
Ә.І.Жанғарин ғылыми және инженерлік кадрларды даярлауға да көп көңіл бөлді. Оның жетекшілік етуімен 7 кандидаттық және екі докторлық диссертация қорғалды. Ол ұйымдастырған ғылыми мектеп Қазақстан халық шаруашылығының әртүрлі салаларында ғылыми мәселелерді шеше отырып, күні бүгінге дейін жұмыс істеп келеді. Оның шәкірттері техника ғылымдарының докторлары Ж.К.Қасымбеков, А.А.Абдураманов, п.ғ.д. А.У.Рахимова, сонымен қатар инженерлер А.Т.Изтелеуов, Е.Р.Жулаев және тағы басқалары білім беру ұйымдары мен өндірістік кәсіпорындарда еңбек ете жүріп, ғылымға өз үлестерін қосты.
Ұзақ жылдар бойғы ғылыми-педаго-гикалық және өнертапқыштық қызметі үшін ол «Құрмет белгісі» орденімен және «КСРО өнертапқышы» ерекше белгісімен марапатталған.
1975 жылы белсенді өнертабыстық қызметі үшін және өзінің осы жұмыстарын өндіріске енгізгені үшін оған «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнертапқышы» деген құрметті атақ берілді.
Ә.І.Жанғарин ғылыми-педагоги-калық еңбек жолында өзін жоғарғы дәрежедегі инженер, шығармашыл өнертапқыш, дарынды педагог және дүниежүзілік тәжірибеде бірінші болып гидроциклонның вакуумдық режимінде жұмыс атқару принципін ұсынған белгілі ғалым ретінде көрсете білді. Ол 200-ден аса ғылыми мақаланың, сондай-ақ гидроциклонның технологиясы мен құрылысына арналған КСРО авторлық куәлігімен қорғалған 60 өнертабыстың авторы.
Оның ғылыми еңбектері Кеңес Одағы, Қазақ КСР орталық баспаларында жарық көрді.
Ә.І.Жанғарин Алматы автомобиль жол институтында жұмыс атқарған аз уақыт аралығында Қазақстан Республикасы бойынша теңдесі жоқ Гидравлика мен гидрожетек негіздері бойынша оқу лабораториясын жасады. Оған оның есімі берілді.
Оның мінезіндегі ең басты қасиет ретінде ғылыми зерттеулердегі кез келген дәлсіздіктермен келіспеушілікті ерекше атап өтуге болады. Көптеген дарынды тұлғалар сияқты оның бойында да өз халқының өнеріне, әсіресе опера мәдениетіне деген сүйіспеншілік ерекше болатын, өзі фортепиано мен скрипкада ойнағанды ұнататын.
Қазақ халқының нағыз ұлы, патриоты, азаматы, ғалым Ә.І.Жанғариннің ерекше қасиеттері ретінде зиялылығын, жанының жомарттығын, адамдарға деген ерекше бауырмал-дығын атап өткен жөн.

Марат Хазимов,
Қазақ ұлттық аграрлық университеті Машина пайдалану кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының
кандидаты

(29)