Сәкен жаздырған «Күміс күйтабақ» қайда?

Қайрат Байбосынов. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері, «Парасат», «Достық» ордендерінің кавалері. Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының меңгерушісі, профессор. «Сыр сандық» атты қазақ әндері антологиясының авторы.

Қазақтың мәдениет, руханият тарихында нелер нәубет өтпеді? 1916-1920 жылдардан бастап кең-байтақ қазақ даласында, оның бір пұшпағы Сарыарқа жерінде Кеңес өкіметінің қытымыры өте-мөте қатаң болды. «Алашорда» қайраткерлерінің саяси сахнадан сырғытыла бастауы, «қызыл белсенділердің» қолға қамшы алып, билікке келуі жергілікті халықтың тұрмысымен бірге мәдениетіне де өзіндік ызғарын тигізбей қалмады. Қоғамда «аша тұяқ қалмасын» дейтін жаппай ұжымдасу, қазақты «бай-кедей тап» деп, жікке бөлу зобалаңы басталды. Бабадан қалған күй тартылмады, атадан қалған ән айтылмады. Ескінің бәрі тәрк етілді, өкіметтен ығынған жұрт ендігі жерде жаппай жаңаша ән айта бастады. «Заулатшы-ай», «Бәрін айт та, бірін айт, кәлектіптің жырын айт», «Қожа мен молданы қойдай қу қамшымен» секілді ұраншыл әндер сол кезеңнің естеліктері.

Осынау ауыр жағдайды ойлаған қазақ зиялылары халықтық ән мен күйді қалай сақтап қалудың амалын ойлайды. Сәкен Сейфуллиннің ықпалымен ән-күй жинау жұмысы қолға алынады. Сол кездегі орталықтан үкіметке қарастырған қаржыдан арнайы қаражат бөлдірген Сәкен Сейфуллин екені бұл күнде құжаттармен де дәлелденіп отыр. Соның нәтижесінде фольклоршы В.И.Затаевич «Қазақтың 500 әні», «Қазақтың 1000 әні мен күйі» кітабын шығарады. Осы кітаптағы әндердің, күйлердің іріктелуін Сәкен бастаған қайраткерлер, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ілияс Жансүгіров, Қаныш Сәтбаев сияқты қазақтың белді азаматтары мұқият қадағалайды, өздері де кітапқа деп арнайы күй тартып, әндер жаздырады. В.И.Затаевичтің аталған еңбегінде халық әндерімен қатар Абылай ханның, Тоқаның күйлері Сәкеннің орындауында жарияланды.
Алғаш фонографқа музыка жазу басталғанда, яғни 30-жылдарда Сәкен өзінің жетекшілік етуімен бірқатар ұлт өнерпаздарын, оның ішінде Арқа күйшілерін, нақтырақ айтқанда, Сайдалы сары Тоқаның туындыларын арнайы таспаға жаздырады. Ол кейін таралымы мол «күміс күйтабақ» (серебрянная пластинка) болып шығады. Сол күйтабаққа қазақтың үш майталман шертпе күй шеберлері — Әбікен Хасенов, Жаппас Қаламбаев, Аққыз Ахметова жазылады. Аққыз күйшіден Тоқаның төрт күйі жазылып, таспаға басылады. Кейін осы күйтабақты жаздырғаны үшін Сәкен Сейфуллин пролетариат көсемі Сталиннен мақтау грамотасын да алады. Сәкендер репрессияға ұшырағанда оның кітаптарымен қоса әлгі күйтабаққа да тыйым салынды…
Кейін отыз сегіздің нәубетінің беті қайтып, Сәкендер ақталған заманда Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің сол кезде атағы шығып тұрған қобызшысы Жаппас Қаламбаев үкіметтегі атқамінерлерге өз атынан хат жазады, бұл 1956 жыл болатын. Онда Сәкен Сейфуллиннің жетекшілігімен шыққан «Күміс күйтабақтың» қайта басылуын өтінеді, ондағы орындаушылардың атын жазғанда Әбікен мен Аққызды атап көрсетеді. Жаппас Қаламбаевтың хатына тиісті орыннан арнайы жауап та келеді, онда саяси талаптарға байланысты сұраушының бұл тілегінің орындалмайтыны жазылады. Сонымен ізденетін, ұсынысын қолдайтын кісі таппай, Жапекең де бұ дүниеден өтіп кетеді.
Қазақ халқының көптеген ән-күйі Мәскеу мұрағаттарында жатқаны ақиқат. Алаштың ардагер күйшісі, ел атын атамай «Тотаң» деп ардақтаған Сайдалы Сары Тоқаның мұрасын жинақтаумен айналысып жүріп, Сәкен Сейфуллин шығарған күйтабақтың түпнұсқа жазбалары Мәскеу қорында екеніне көзім жетті, ізін таптым. Белгілі жазушы ағамыз Іслам Жарылғапов та сол күйтабақты көргенін, кейін жоғалып кеткенін талай әңгімелеп еді. Болашақта сол аудиоқұжаттарды қайтарудың ортақ келісімін табуымыз керек шығар. Бұл күйтабақ ұлтымыздың руханияты үшін үшін аса маңызды болмақ, себебі қазақтың шертпе күй өнерінің, Тотаңның, оның күйін орындаған әйгілі Аққыз күйшінің қолтаңбасын асыл мұрамызға қосу — біздің парызымыз.
Аққыз Ахметқызы туралы зерттеулер де тиянақталып кешенді түрде жинақталуы керек, себебі ол тек қана күйші емес, еліне әншілігімен де танылған тұлға. Әрине, осы күні орындалып жүрген Аққыз әндеріндегі музыкалық қайырымдарды, мәтіндерді әдістемелік тұрғыда бір сүзіп шығу керек деп санаймын. Себебі Аққыз мұрасын мейлінше таза күйінде кейінгіге жеткізу мақсатымыз болмақ.
Осы орайда Қарағанды жерінде өтетін ән сайыстарына Аққыз мұрасын да қосып насихаттап, жаңғыртуды қолға алуымыз керек. Ал күйші ретінде оның Тәттімбеттің, Сайдалы Сары Тоқаның, Әшімтайдың мұрасын жеткізушілік қырын тереңдете зерттеу керек. Себебі Тотаң мұрасы да бір кездері талан-таражға ұшырағаны белгілі, соның зардабынан кейінгілер оның күйлерін қате тартатыны кісіден жасыратын нәрсе емес. Қорыта айтқанда, Тәттімбет, Тоқа сияқты алыптардың бір үзігі, Сарыарқаны күйімен тербеген Аққыз апамыздың биылғы 120 жылдық мерейтойы баршамызға құтты, қайырлы болсын!

(20)