mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Спикер сөзге бар, іске жоқ министрлерді сынады

Жүрегіне ота жасалғаннан кейін алғаш рет Мәжіліс отырысына қатысқан Нұрлан Нығматулин бірқатар министрлерге сын айтты. Мәжіліс спикері бұл ретте Қазақстанда табысты түрде жұмыс жасап жатқан отандық және шетелдік компаниялар жұмысын салыстырып өтті. Келісімшартқа отырып алып, кейін ондағы барлық талаптарды орындамайтын мердігер компанияларды сынға алған спикер:  «Бізде қазір қалай, түрлі мердігер компаниялар демпингтік бағалар көрсетілген келісімшарт жасап алады да, кейін ондағы талаптарды орындамай, жалтарып шыға келеді және мұндай жағдайлар құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық кешен және т.б. салаларда жиі орын алып жүр. Бұған қоса, әлгіндей мердігерлер атқаратын жұмыстарына қаражаттарын жеткізе алмай, қосымша  қаражат сұрайтындары тағы бар. Нәтижесінде, көрсетілетін қызметтің бағасы шарықтап шыға келеді және өкініштісі, мұндай жайттар жыл санап белең алып келеді»,— деді. Мәжіліс төрағасы аталған мәселені шешу үшін құзыретті органдар бірқатар шараларды қолға алу қажеттігін атап өтіп: «Үкіметке, әсіресе, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне аталған мәселені қолға алатын уақыт жеткен шығар, қалай ойлайсыздар? Келіссеңіздер, онда іске кірісу керек. Осылай мәселе көтерілген уақытта ғана, бастарыңызды изейсіздер, бірақ іс жүзінде жұмыс жасамайсыздар»,— деп, қос министрді сынып, біраз мүйіздеп алды.

(6)