Ардагер есімі құрметтелді

Жуырда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы Жаңаталап ауылының бір көшесіне осы ауылдың төңірегінде 1888 жылы туған, колхоз құрылысының ардагері Дайрабай Бекбергеновтың есімі берілді.
Ол колхоз шаруашылығын өркендетумен қатар елдің бірлігі мен тірлігіне белсене араласқан, көкірегі күмбірлеген қария болып, ел ақсақалы атанған-ды.

1941-1945 жылдарда шопан бола жүріп, Отан қорына қомақты қаржы аударған. 1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шаруашылық күндеріне қатысқан.
Ашылу рәсімінде Дайрабайқызы Шайкүл ана: «Бүгінгі күні әкемнің есімін қастерлеп, көше беріп жатқандарыңыз үшін ауыл, аудан жұртшылығына, азамат басшыларға аналық ризашылығымды білдіремін», — деп, қуанғаннан көзіне жас алды.
Дайрабай ақсақалдың көзін көрген, бүгінде 80 жасты еңсерген Бұхарбай Жәлиев, Өміртай Кемелов бүгінгі күні қайтыс болғанына 44 жыл толып отырған ақсақалдың өнегелі өмірінен бүгінгі жас ұрпақтарға ғибратты әңгімелер айтты. Жиында ақын-жыраулар ән айтты, өлеңдер оқылды.
Аталған жиынды өткізуде ұйымшылдық, іскерлігін көрсеткен Жаңаталап ауылының әкімі Қуаныш Боранбайұлы мен мектеп оқушыларына, басқа да азаматтарға Бекберген баба әулетінің атынан «Алғыс хат» табысталды.
Жиын соңында Дайрабай Бекбергенұлына арналып құран оқылып, ас берілді.

Қ. Ысқақов, еңбек ардагері,
Жалағаш ауданы,
Жаңаталап ауылы

(10)