Қоғамдық кеңестер алдында есеп берген кімдер?

2017 жылы 13 қараша күні Астана қаласында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұйымдастыруымен Қоғамдық кеңестердің 1-ші республикалық мәжілісі өз жұмысын бастады.
Аталған шараның мақсаты — қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу және осы бағытта оң тәжірибелермен алмасу, сондай-ақ, қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдардың арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың тетіктері мен бағыттарын анықтау. Іс-шара аясында «Қоғамдық кеңестер: іс-тәжірибе және мемлекет пен қоғамның өзара әрекеттесу тетіктері» тақырыбында пленарлық отырыс өтті. Оның жұмысына ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Мунхтуи Алтангерел қатысты.
Жиналыста баяндама жасаған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев: «Кеңестердің қызметі есеп беретін және ашық мемлекет қалыптастыру үдерісіне оң әсерін тигізді және мыңдаған белсенді азаматтарға елдің қоғамдық өміріне белсенді қатысуға мүмкіндік берді», — деп атап өтті. Министрдің сөзіне қарағанда, қазірге дейін Қоғамдық кеңестер алдында жалпы саны 213 әкімдер мен 1300 жергілікті атқарушы органдардың басшылары есеп берген. «Қоғамдық кеңестер 2016 жылы бес институционалдық реформа «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде барынша ашықтық принциптеріне негізделген есеп беруді іске асыру мақсатында құрылған. Қазақстанда 229 қоғамдық кеңестер өз қызметін жүзеге асыруда, олардың құрамында төрт мыңнан астам адам бар. Қоғамдық кеңестер құрылғалы бері 9 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілердің жобалары қаралып, Кеңес мүшелері тарапынан аталған НҚА жобаларына тиісті ескертулер мен ұсыныстар берілген», — деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев. Сондай-ақ, Дін істері және азаматтық қоғам министрі қоғамдық кеңестер құрылуының алғашқы кезеңінде кеңес жұмысына қатысты бірқатар мәселелердің анықталып, бір жүйеге келтірілгенін айтты.

(10)