Трамп Азиядан қандай олжамен оралды?

Қарашаның басындағы әлем назарын аударған ірі істердің бірі АҚШ президенті Дональд Трамптың Азияға сапары еді. Соңғы бірнеше жыл ішінде Солтүстік Кореяның (КХДР) ядролық қаруларды жиі-жиі сынақтан өткізуі, Оңтүстік-Шығыс Азия аймағының қауіпсіздік мәселесіндегі бітеу жара болып отырғаны, мұхиттың арғы бетінде жатқан АҚШ-ты да мазалап отыр. «Дүниежүзілік 3 соғыс» басталып кете ме деген күдік те осы КХДР-дың «табысты сынақтарынан» туындап отырғаны белгілі. Осылайша Ақ үйдің әміршісі өзі таққа отырған 9 айдан бері тұңғыш рет Президент салауатымен Азияға келді. Сапардың негізгі мақсаты Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінің қауіпсіздігі мәселесі төңірегінде, аймақтағы ықпалды елдермен талқылаулар жүргізу еді. Бұл туралы газетіміздің өткен санында қысқаша тоқталғанбыз. Бұл мақаламызда аталмыш тақырыпты жалпылай қорытындылауға мүмкіндік туып отыр. Трамп мырза кезекті сапарында «сауда жасап қайтты» деуге толық негіз бар сияқты. АҚШ Президентінің Азия елдеріне сапары туралы Вашингтон қазанның басында хабар таратты. Мемлекеттік сапардың басты мақсаты азиялық әріптестермен экономикалық жане жаһандық қауіпсіздік мәселелерін талқылу екендігі де сол кезде ашық айтылған-ды. Трамп айтқанына жеткендей. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы өз одақтастары Жапония мен Кореяға барған кезде де: «КХДР тарапынан төнетін қандай да бір қатерлерден сақтану үшін АҚШ-тың озық қаруларын сатып алыңыздар, ол КХДР тарапынан атылған зымырандарды кеңістікте «қағып тастайтын қауқары бар», — деді Дональд Трамп мырза. Алайда аталған елдермен АҚШ арасында келешекте жүргізілетін қару-жарақтың алыс-берісі туралы ешқандай мәлімет берілген жоқ. Бір анығы — Трамптың өз одақтастарына зымыраннан қорғаныс жасайтын әскери құрылғыларды сатуға уағдаласып қайтқандығы.
Трамп мырза өзінің «нағыз кәсіпкер» екендігін Қытайға барғанда толығымен дәлелдегендей. Кезекті мемлекеттік сапар аясында АҚШ Президентімен бірге құрама штаттардың алпауыт кәсіпорындарының басшылары мен ірі бизнес өкілдері де Бейжіңге келді. 9 қараша күнгі Си Цзиньпинмен өткен кездесудің соңында екі елдің алпауыт компаниялары мен ірі қаржыгерлері арасында екіжақтылы сауда келісімшарттарына қол қою рәсімі өтті. Қытай БАҚ-тары бөріктерін аспанға атып жазған хабарларға сенсек, энергетика, ауыл шаруашылығы, авиация саласын қамтыған «қалың тоқтамдардың» жалпы құны 253 милиард АҚШ доллары сынды «тарихи рекордтық» деңгейге жеткен. Қытайлар бұл ірі саудадан «ұтып шықтық» деп алақайлап жатса да, АҚШ-тың кейбір басылымдары «бағыт-бағдары айқындалмаған, нақты мерзімдері белгіленбеген, жалпы тоқтамдардың» сенімділік дәрежесіне күмәнмен қарап отыр. Сондықтан «ерте қуанудың ешқандай қажеті жоқ» дейді олар. Ал Трамп мырза болса Бейжіңнен аттанар алдында тілшілерге сұхбат беріп: «Мен ешқашан Қытай елін жазғырмаймын, АҚШ үкіметінің қабілетсіздігі салдарынан Қытай, біздің нарықты өз пайдасына жаратып келді, АҚШ мұндай саудадан миллиардтаған доллар шығынға батты», — деді. Алайда екі елдің саяси мүдделері төңірегінде әлемдік өзгерістерге бастайтындай алабөтен жаңалықтар болған жоқ. Қазірге дейін АҚШ үкіметі мен саясаткерлері «Қытайда кісілік құқық мәселесінің сақталып отырғандығын» сынға алып келген болса, Трамп бұл жолы ешкімнің жүрегін ауыртпай қайтыпты. Қытай компартиясының органы «Рын мин рі бау газеті» (Жән мин жибау), «Трамп Тайван мәселесінде Бейжіңнің ұстанымдарымен келісетіндігін білдірді» деп хабарлады. Алайда АҚШ-тан таралатын қытайтілді сайттар бұған күмәнмен қарап отыр. Себебі Трамп билікке орнығып жатып, көп өтпей Тайван басшысымен телефон арқылы сөйлескендігі айтылған болатын. Сол кезде жаңа президенттің бұл әрекеті Бейжіңге ұнай қоймағаны да айтылған-ды. Қытай сапары аясындағы Дональд Трамптың «ыңғайлап» қайтқан маңызды шаруаларының бірі Солтүстік Кореяға қарата салынатын санкциялар жөнінде Си Цзиньпинге «бас изетіп» қайтқандығы болды. «Си Цзиньпин мырза Қытай елінің басшысы салауатымен, «қарапайым әрі ыңғайлы тәсілдерді» қолдана отырып, КХДР-ның мәселесін шеше алады, сондықтан маңызды жұмыстарға тездетіп кіріскен жөн болар» деген ұсынысын ашық айтты. Ол Сеулге келген кезде Пхеньянға қарата «АҚШ-ты төмен бағалауға да, сынап көруге де келмейді» деген ескертуін жолдаған еді. Қытай тарапы бұл мәселеге байланысты «екі ел БҰҰ-ның келісімдерінің атқарылуын қатаң қадағалап, Солтүстік Кореяның ядролық қаруларды дамыту мәселесін бейбіт келіссөздер арқылы шешуі тиіс» деген «жаттанды» жауабын қайталады. АҚШ басшысы Вьетнамнан Филиппинге аттанар алдында «твиттердегі» парақшасына «Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің КХДР-ға қарсы санкцияларды күшейтетіндігін, оның да Корей түбегінің ядросыздануын үміт етіп отырғандығын» жазды. Ендігі жерде Бейжің мен Пхеньян арасындағы 5-6 миллиард долларлық (жыл сайын) алыс-беріс пен АҚШ — Қытай арасындағы 253 миллиард долларлық келісімнің қайсысының салмағы басым екені баршаға аян еді.
Трамптың Вьетнамға сапары да жұрт назарын өзіне бұрды. Азияның шығысындағы біраз елдер мен АҚШ, Ресей сияқты алпауыттар да қатысып отырған АРЕС-ның (Asia-Pacific Economic Co-operation) бұл жиналысының да маңыздылығы жоғары еді. Батыс әлемі, «Путин мен Трамптың ресми түрде кездесу өткізетіні жоспарланған жоқ» деп мәлімдеді. Алайда екі ноян «әлденелерді әңгіме етіп жүре ме» деген күдіктерін де жасырған жоқ. Ал саммит кезінде сөз сөйлеген Трамп пен Си Цзинпиннің ұстанымдарының екі бөлек екендігіне Қытай баспасөздері баса назар аударды. Олардың қорытындысы бойынша «Си Цзинпиннің барлық елдер ынтымақтаса отырып ортақ дамуға талпыныс жасау идеясы» айтылғанда, залдан көтерілген шапалақ үні талайға дейін толастамаған көрінеді. Ал Трамп мырзаның «көп елдер арасында жүргізілетін келісімдерді қолдамайтын, АҚШ-тың сауда-саттық жағындағы қазірге дейінгі қателіктерін қайталамау үшін, әр ел мен жеке-жеке келісімдер аясында ғана жұмыс істегісі келетін ойы» көп Президенттерден қолдау таппаған көрінеді…
Трамптың Азиядағы 5 елге жасаған 12 күндік сапары АҚШ-тың экономикалық мүддесі үшін қаншалықты табыс әкелетіндігі алдағы уақыттың еншісінде. Алайда Трамптың ойға алған жұмыстарын тындырып қайтқандығы анық еді. Азияға сапарының соңында АҚШ президенті Дональд Трамп Филиппинге барып, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері ассоциациясының (АСЕАН) саммитіне қатысты. Ол Филиппиндегі кезінде: «Біз сауда-саттық жағында өте жақсы ілгерілеушілікке қол жеткіздік. Азияға жасаған сапары барысында біздің компанияларымызбен Қытай арасындағы келісімдерді қосып есептегенде, жалпы құны 300 миллиард долларлық сауда келісімдерін жасадық», — деді. Ал Пхеньян жағы Орталық Ақпарат Агенттігі арқылы екі мәрте мәлімдеме жасап үлгерді. Алғашқысында КХДР-ның ядролық қарулардан бас тартпайтындығы айтылса, 9 қараша күнгі екінші мәлімдемесінде «соғысқұмар Трамп ядролық соғысты өзі тілеп отыр. Дүниенің бейбітшілігі мен орнықтылығын қаламайтын «қара ниетін» тағы бір рет әшкереледі, сол арқылы Корей түбегінде ядролық соғысты қалайтындығын дәлелдеді» деп салды. Ал Трамп болса өзінің «твиттердегі» парақшасында: «Мен олардың (Солтүстік Корея) мені «құтырған қақпас» деп балағаттайтындығын білемін. Мен Ким Чен Ынды бірде-бір рет «қортық» деп көрген жоқпын ғой. Мүмкін алдағы уақытта біздер дос болып та кететін шығармыз деп үміттенемін», — деп жазды.

Ерқазы Сейтқали

(9)