mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Атырауда браконьерлер заңға пысқырмайды. Неге?

Бұл сауалға үкімет отырысында өңір әкімі Нұрлан Ноғаев: «Мемлекеттік органдардың қабылдаған шараларының нәтижесінде қазіргі таңда браконьерлер қалаға кірмейді. Олар өздерінің заңсыз тапқан өнімдерін біздің Каспий теңізінің территориялық аумағы арқылы Ресей Федерациясының субъектілеріне иә басқа облыстарға жеткізіп жүр. Браконьерлікпен айналысатын елді мекендердің тұрғындары «біздің басқаша жолмен күн көретін жағдайымыз жоқ» дегенді айтып отыр. Каспий теңізінде балық аулайтын ауылдарда, яғни Жанбай және Зенедин ауылдарында жылдың басынан бері 7 жәрмеңке өткіздік. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» және басқа да бағдарламалардың аясында аталған елді мекендердің жұмыссыз тұрғындарын жұмысқа орналастырдық. Яғни тиісті шаралардың арқасында 364 адамның 119-ы тұрақты жұмысқа тұрды. Браконьерлікпен айналысатын азаматтардың мамандығы жоқ. Біз оларға ең алдымен мамандық беру мәселесімен айналысып жатырмыз. Сондай-ақ олардың басым бөлігі шартты түрде сотталған азаматтар болып саналады. Сол себепті өңірдегі бүгінгі басты мәселе —  заңсыз балық аулау,  яғни браконьерлік. Биылғы жылы бізде 1 300 құқық бұзушылық анықталды. Оның 250-і сотқа жіберілген болса, 18-не қатысты қылмыстық іс қозғалды. 1 тонна 200 кг қызыл балық, 1 300 тонна заңсыз балық аулау құралдары және 230 заңсыз қайықтар тәркіленді. Тәркіленген қайықтардың 27-сі «Байда» деген қуатты моторлармен жабдықталған. Оның қуаты – 500 аттың күшімен тең. Мұндай мотордың бағасы – 50 мың доллар. Осындай қайықтар тәркіленді. Бұрын мұндай болмаған. Браконьерлердің материалдық-техникалық жабдықталуы біздің мемлекеттік органдардың материалдық-техникалық жабдықталуынан әлдеқайда зор және күштірек. Осыны ескере отырып, өңірдегі балық инспекциясы мемлекеттік органын қажетті қайықтармен, теңізде жүретін кемелермен, видео камералармен, дрондармен басқа қажетті материалдармен жабдықтау үшін 1 млрд 200 млн теңге көлеміндегі қаражат бөлуге ұсыныс енгіздік. Ал 2018 жылға 620 млн теңге қажет. Осы ұсынысты қолдауыңызды сұраймын. Сіз Атырау облысында іссапармен болған кезде де осы мәселе туралы айтқанбыз. Біз балық инспекциясын қажетті заттармен қамтамасыз етпесек, браконьерлікті жою неғайбыл»— деумен жауап берді.

(10)