Қызылжар — құтты қоныс, арайлы атамекен

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында «Қазақстан — 2050: Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты  «Нұр Отан» партиясының, ҚР Ауыл шаруашылығы  министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газеті мен «Ел Ана» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының, «Қазақ радиосының»  бірлескен экспедициясы Солтүстік Қазақстан облысында

Диқандар 5,6 млн. тонна астық жинады

Солтүстік Қазақстан облысы күзгі жиын-терімді сәтті аяқтап шықты. Оған ауа райының қолайлылығы да игі әсерін тигізді.
Орақ науқанының аяқталуына байланысты республикалық және облыстық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында облыс әкімі Құмар Ақсақалов үстіміздегі жылы солтүстікқазақстандық агроқұрылымдар 5,6 млн. тонна астық жинағанын атап айтты. Бұл республикалық жалпы түсімнің 30 пайызы болып табылады. Гектар берекелілігі 18,2 центнерден айналды. Былтыр бұл көрсеткіш 17,6 центнер болған. Астық қабылдайтын және сақтайтын элеваторлар мен қоймалардың сыйымдылығы 6,6 млн. тоннаны құрайды.
— Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру жолында жүргізілген ауыл шаруашылығын әртараптандыру өз жемісін бере бастады. «Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығы саласын жүйелі түрде жетілдіруге және әртараптандыруға бағытталған саясат жүргізуде. Оны әрі қарай ілгерілетудің маңызды шарты — қайта өңделетін өнім шығаруға көшу. Қазақстан әлемдегі экспорттық ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын ірі елдің бірі болуға тиіс», — деп атап көрсетті мемлекет басшысы астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты ауыл еңбеккерлеріне жолдаған құттықтауында. Қызылжар өңірінің агроқұрылымдары жыл сайын майлы дақылдардың алқаптарын ұлғайта түсуде. Биыл майлы дақылдар 715 мың гектарға егілсе, келесі жылы оның көлемі 1 млн. гектарға дейін өседі, — деді Құмар Ақсақалов.
Алдағы жылдың көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр. Қазір жоспарланған 3 млн. гектар алқаптың 100 пайызында сүдігер жыртылды. Биыл топыраққа 76 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілсе, келесі жылы бұл көрсеткіш 100 мың тоннаға дейін жетеді. Үстіміздегі жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 7,5 млрд. теңгеге 1 мыңнан аса жаңа техника сатып алды. Өңірдегі агроқұрылымдарға мемлекеттен биыл 44 млрд. теңге демеуқаржы бөлінді.
Тұқымды жаңарту жұмысы да ерекше бақылауға алынған. Биыл шаруашылықтар 25 мың тонна элиталық тұқым, 4 мың тоннаға жуық түпнұсқа тұқым септі. Соның нәтижесінде тұқымның 5,3 пайызы жаңартылды. Келесі жылы бұл көрсеткіш 7,5 пайызға дейін жетеді. Азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығындағы басым бағыттардың бірі болып саналады.
— Келесі жылы әр ауданда 20 гектар жерге картоп егіледі. Бұл іске шаруашылықтар және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар тартылмақ. Картопты шаруалар мен тұрғындардан сатып алатын сервистік-дайындау орталықтары құрылып жатыр, — деді өңір басшысы.
Биыл облыста 24 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Бұл құрылымдар халықтан сүт сатып алумен айналысуда, мал сою қосындары да жұмыс істеуде. Сондай-ақ, кооперативтер қой және ара шаруашылығын дамытуда.
Орақ науқанының аяқталуына байланысты облыс орталығында «Өңір берекесі» атты ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған өңірдің барлық аудандары мен Петропавлдағы ұқсату кәсіпорындары қатысты. Жәрмеңке кезінде облыс аумағында өндірілген 100 шақты өнім түрлері саудағы шығарылып, 900 тоннадан аса ауыл шаруашылығы тауарлары сатылды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов саудаға қойылған өнім түрлерімен танысып, бағаларды байқады.
Жәрмеңкедегі баға базарлармен салыстырғанда 20-30 пайызға төмен болды.
Бағаны өсірмеу мақсатында «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтан-дыру қорына 800 тонна картоп және 100 тоннадан сәбіз, пияз, орамжапырақ сатып алды. Қазір базарларда картоптың бір келісі 75, орамжапырақ 55, пияз 90, сәбіз 88 теңгеге сатылып жатыр. Бағаның негізсіз қымбаттауына жол бермеу мақсатында шаруашылықтар облыс орталығына көкөністі делдалдарсыз тікелей әкеледі. Әр ауданда 100 тонна картоп сақталған. Бұған қоса, апта сайын қаладағы төрт базарда 8 ауданның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қатысуымен жәрмеңкелер өткізіліп тұрады.

Теріскейге оңтүстіктен 184, шетелдерден 76 отбасы қоныс аударды

Ішкі еңбек нарығын реттеу, азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында елімізде «Оңтүстіктен — Солтүстікке» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жұмыс күші жеткіліксіз өңірлерге еңбек мигранттарын көшіруді ынталандырудың тың тетіктері іске қосылғалы, Солтүстік Қазақстан облысына келушілердің саны артып отыр. Себебі Қызылжар — экологиялық жағынан таза, табиғаты әсем, жері шұрайлы да құнарлы өңір.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Қызылжар өңіріне 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан 110 отбасын қабылдау бойынша квота бөлінген болатын. Осыған орай облыста қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыру үшін 787 бос жұмыс орнының тізімі жасалды, оның ішінде білім беру саласына — 307, денсаулық сақтауға — 138, ауыл шаруашылығына — 173, бюджет және басқа қызмет салаларына — 169. Сонымен бірге өз ісімен айналысқысы келетін адамдарға жан-жақты қолдау көрсету қарастырылған, оның ішінде өсімдік және мал шаруашылығымен айналысу үшін жер телімдерін, кредиттер және т.б. беруге.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарамасының үстіміздегі жылғы 13 қазанға дейінгі дерегі бойынша, жыл басынан бері теріскейге 184 отбасы немесе 804 адам қоныс аударды, атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстаннан — 86, Жамбылдан — 37, Алматы облысынан — 39, Қызылордадан — 19, Маңғыстаудан — 3 отбасы. Олар Айыртау (9 отбасы), Ақжар (11), Аққайың (15), Есіл (10), Жамбыл (10), М.Жұмабаев (36), Қызылжар (16), Мамлют (22), Ғ.Мүсірепов атындағы (9), Тайынша (12), Тимирязев (4), Уәлиханов (6), Шал ақын (20) аудандарының 63 елді мекенінен және Петропавл қаласынан (4) тұрақты қоныс тапты.
Өз ықтиярымен көшіп келген 804 адамның 353-і — еңбекке жарамды жаста, 406-сы — бала, 28-і — студент, 17-сі — зейнеткер.
Қоныс аударған 110 отбасы (511 адам) Үкімет қаулысына сәйкес өңірлік квотаға енгізілді, 106 отбасының (490 адам) жол шығынына жалпы сомасы 38,9 млн. теңгенің жәрдем қаржысы, 80 отбасыға тұрғын үй сатып алуға 45 млн. теңге, 8 отбасыға тұрғын үй жалдау бойынша шығынды өтеуге 859 мың теңге қаражат берілді.
— Өңірімізге квотадан тыс келген 74 отбасыға демеуқаржы беру туралы мәселе Үкімет деңгейінде қаралып жатыр. Жыл соңына дейін олар да қосымша демеуқаржымен қамтамасыз етіледі деген ойдамыз. Бірде-бір отбасы назардан тыс қалып отырған жоқ. Жергілікті әкімдіктер қолдан келген көмегін жасауда, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Алма Махметова.
Облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер мен көші-қон жөніндегі орынбасары Асқар Сақыпкереевтің айтуына қарағанда, биыл Қызылжар өңіріне Қытайдан (43), Ресейден (16), Өзбекстаннан (13) және Монғолиядан (4) 76 отбасы немесе 132 адам көшіп келді. Олардың 38-і — бала, 5-уі — зейнеткер, 89-ы жұмысқа жарамды жаста. Еңбекке қабілеттілердің 6-уы — жоғары білімді, 9-ы — арнайы орта білімді, 70-і — орта білімді, 4-уінің білімі жоқ.
— Қоныс аударған азаматтарды және оралмандарды қабылдау кезінде оларды орналастыру, оңалту және жұмыспен қамту бойынша қажетті шаралар жасалады. «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК (79415 теңге) көлемінде көшіп келуге және отбасы құрамына байланысты он екі ай бойы тұрғын үй жалдау бойынша шығындарды өтеуге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұдан басқа, оралмандардың келісіміне сәйкес тұрғын үй жалдауға қарастырылған қаражат есебінен тұрғын үй сатып алу үшін біржолғы төлем беріледі, — дейді Асқар Жоламанұлы.
Еліміздің жұмыс көзі көп өңірлеріне қоныс аударуға арналған Үкіметтің «Солтүстіктен — оңтүстікке» жобасы аясында мүдделі әкімдіктердің екіжақты байланысы нығая түсуде. Олар әртүрлі деңгейдегі солтүстікқазақстандық әкімдердің, басқармалар мен бөлім басшыларының оңтүстіктегі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысуы, жергілікті тұрғындар арасында кездесу өткізу, қоныс аударғысы келетіндердің өкілдерін жұмыс күшін қажет ететін елді мекендермен таныстыру сипатында жүзеге асырылуда.
Таяуда осыдан 20 жыл бұрын Қытайдан қоныс аударып, Оңтүстік Қазақстан облысында тұрақтап қалған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрхан Сұлтанбайұлы Қызылжар өңіріне арнайы келіп, келесі жылы осы облысқа 50-60 отбасын көшіруге көмек көрсетуге ниетті екендігін, сол үшін облыстың елді мекендерімен танысуды мақсат тұтатындығын айтып, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер мен көші-қон жөніндегі орынбасары Асқар Сақыпкереевтің қабылдауында болған еді. Асқар Жоламанұлы оңтүстіктен арнайы келген қандасымызға ризашылық білдіріп, қазақ ауылдарын аралауға арнайы қызмет көлігін бөлді, ақын қалаған елді мекендердің адамдарымен кездесуге тиісті жағдай жасады.
— Оңтүстік облыстарда адам саны көп. Бір Мақтаарал ауданының өзінде 400 мың халық тұрады. Жұмыссыздық бар. Сондықтан оларды теріскейге көшіруде жайбасарлыққа салынуға болмайды. Облыстың аудандарын аралағанда аңғарғаным — ауылдардың басты тірегі мектебі екен. Оқушылар саны тым аз. Оларды жабуға жол бермеуіміз керек. Есігіне бір рет қара құлып салынса, оның кілтін қайтадан таба алмаймыз. Күнгейден келетін көш кідірмеуі тиіс, ал теріскейдегі ағайын қоныс аударушыларды жылы қарсы алса екен. Елдің тұтастығын сақтап қалу үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған ауқымды шараны қолдауымыз қажет, — деген еді Қызылжар өңіріндегі жергілікті халықтың тыныс-тіршілігімен көзбе-көз танысқан ақын Нұрқан Сұлтанбайұлы тұрғылықты жері — Оңтүстік Қазақстан облысына аттанар сәтінде.

Балабек еңбегімен дара кеп, көпке үлгі көрсетуде

Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газетінің бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы, газеттің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ертай Айғалиұлы бастаған экспедиция мүшелері Мағжан Жұмабаев ауданында болған сапарында оңтүстіктен қоныс аударғандардың қазіргі жағдайымен жақынырақ танысуды мақсат етті. Оған аталмыш газеттің 5 қазан күнгі санында жарық көрген Саятхан Сатылғановтың «Оңтүстіктен көш келсе, Солтүстік қош көре ме?» деген мақаласы да себеп болғандай.
Алғашқы ат басын тіреген ауыл — 76 шаңырақты Хлебороб елді мекені болды. Ол Октябрь ауылдық округіне қарайды, аудан орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Табиғаты әсем жер. Жағалай ақ қайыңдар орманы.
Біздің арнайы іздеп келген адамымыз Балабек Оралов болатын. Октябрь ауылдық округінің әкімі Азамат Шәріповтің айтуына қарағанда, Балабек Бұхарбайұлы аталмыш елді мекенге өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы Абай ауылынан қоныс аударған. Отбасында 7 адам бар. Отағасының зайыбы — Замира Медеуқызы Хлебороб орта мектебінде ұстаздық етеді. Ұлы Жарылқасын аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет істейді, қызы Гүлнұр М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті. Кәмелетке жасы толмаған үш баласы мектепте оқиды.
Бүгінгі күні Балабек Оралов 50-100 бас асылтұқымды мал алу мақсатында 20 мүшесі бар ауыл шаруашылығы кооперативін ұйымдастырып отыр. Кәсіпкер тауарлы сүт фермасын құру үшін мал шаруашылығын дамытуға арналған әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкердің меншігінде 17 ірі қара мал бар, олардың 8-і — сиыр. Оны мемлекеттік бағдарлама бойынша 6 пайыздық үстемемен берілген 1,2 млн. теңгенің кредитіне алған көрінеді.
— Сегіз сиырды қолмен сауу оңай шаруа емес. Сондықтан интернет желісі арқылы іздестіріп, 100 мың теңгеге электр қуатымен сауатын аппарат сатып алдық. Жаз бойы күніне 80 литрден сүт тапсырып тұрдық. Бір литрі — 80 теңге. Қазір шамамен 30-35 литр сүт өткіземіз. Көкөніс өсіру үшін кооперативімізге 9 гектар жер берілді. «Нива» және «Мерседес» автокөліктерінен басқа әзірше техникамыз жоқ. Сондықтан биыл 1 гектар жерге қырыққабат, 3 гектарға картоп ектік. Өнімі жаман болған жоқ. Оларды сақтайтын қоймамыз бар. Өнген өнімді өткізу қиындық туғыза қоймайды, оның үстіне Ресей Федерациясының Омбы қаласы да бізден өте алыс емес. Құнарлы жерде шыққан өнімнің далада қалмайтындығына көзіміз жетіп отыр, — дейді алғашқы жылдың өсімін өз тәжірибесі арқылы байқап көрген Балабек Бұхарбайұлы.
Жеке кәсіпкер алдағы уақытта мал басын көбейтуді, көкөніс алқабын кеңейтуді мақсат етіп отырғанын да жеткізді. Өзімен бірге оңтүстіктен қоныс аударған Азамат Оспанов пен Қадірбек Сыдықовтар да кооперативке мүше екен.
— Ата кәсібімізді дамытамыз, көкөніс өсірумен айналысамыз деп келгеннен кейін қол қусырып отырған жоқпыз. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек еткіміз келеді. Аудан мен ауылдық округтің әкімдері тарапынан қажетті көмек көрсетілуде. Бәрі бір күнде бола қоймайды ғой. Қиындықтарға түсіністікпен қараймыз. Көштің көрікті болуы өзімізге де байланысты. «Шешінген — судан тайынбас», — деп ата-бабаларымыз тегін айтпаған. Өз ықтиярымызбен келгеннен кейін, міндетсімей еңбек етуіміз керек деп есептеймін. Өзім жеті ағайынды баланың кенжесімін. Ел жақтағы өзім білетіндерді шақырып жатырмын «құнарлы жерге келіңдер» деп, — дейді ағынан жарыла Балабек бауырымыз.
Үйінің жанында малдың қысқы азығы — 7 мая шөп пен жарылған отын тау болып үйіліп жатыр. Ендеше, бұл отбасының қыстан қысылмай шығары сөзсіз.

Қазығұрттан қанат қаққан азамат

Жолбасшымыз, Октябрь ауылдық округінің әкімі Азамат Шәріповтің айтуына қарағанда, бүл елді мекен бір кездері Суворов кеңшарының орталығы болыпты. Округке Октябрь, Хлебороб, Гаврино, Мичурино, Зарослое, Суворовка ауылдары қарайды. Октябрь осыдан 85 жыл бұрын РФ-ның Есілкөл ауданына қараған көрінеді. Елді мекенде 152 отбасы түтін түтетіп жатыр.
Еңбек жолын Лебяжье ауылдық округінде бастаған Азамат Сайранұлы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене тәрбиесі бөлімінде бас маман, аудандық сотта маман-хатшы қызметтерін атқарып, біраз тәжірибе жинақтапты. Отызға әлі толмаған жігіт өткен жылдың маусым айынан бері осы округтің әкімі қызметін атқарып келеді.
Округтің қарамағындағы ауылдардың жағдайын күнде көріп жүрген, жергілікті тұрғындар санының жыл сайын азайып бара жатқанын жан жүрегімен сезінген жас әкім иесіз жерлерге ие табуға, ауылдарға жұмыс күші басым оңтүстіктен қандастарымызды тартуға мүдделілік танытуда. Сондықтан көштің алғашқы легімен қоян-қолтық жұмыс істеуге, оларға қолдан келген көмегін көрсетуге барын салуда.
Биылғы оқу жылында ауылдың білім беру ошағы оңтүстікқазақстандық ерлі-зайыптылармен толыққанын әкімнің жол бойғы әңгімесінен естідік.
Біз мінген көліктер үш қабатты ғимараттың алдына келіп тоқтады. Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған мектепте 58 бала ғана оқиды екен. Даярлық тобы, шағын орталық жұмыс істейді. Арнайы іздеп келген адамымыз Нүркен Нұрсейіт — дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі. Математикадан сабақ беретін зайыбы Сарагүл Сәрсенқұлқызымен және 5 баласымен Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауылынан үстіміздегі жылдың 28 тамызында көшіп келіпті. Екеуі де Түркістандағы қазақ-түрік университетін тамамдап, мамандықтары бойынша ауылындағы «Дарын» мектебінде 10 жыл қызмет атқарыпты.
— Осы жақтан келген басшылар елімізде мемлекеттік деңгейде қолға алынып отырған жоба жайлы айтып, көшіп-қонуға демеуқаржы берілетіндігін және әлеуметтік қолдау көрсетілетіндігін, қоныс аударғысы келетін азаматтардың оған ерікті түрде қатысу мүмкіндігі барлығын жеткізді. Теріскейге көш түзегендермен кеңесе келіп, біз де олардан қалмауға бел байладық. Сөйтіп, жаңа оқу жылы басталар кезде Октябрь ауылынан бір-ақ шықтық. Басты мақсат — ұстаздық етіп қана қоймай, қосалқы шаруашылықпен де айналысу. Киер киімдеріміз бен төсек орындарымызды, ыдыс-аяқтарымызды ғана алып, көз көрмеген жаққа осылайша тартып отырдық. Бізді жергілікті басшылар жылы қарсы алды. Басымызға баспана берді, отынмен қамтамасыз етті. Жергілікті тұрғындар да бізді жатсына қойған жоқ. Қазақ, орыс демей араласып кеттік. Осы жаққа келгеннен бері орысшаға да төселе бастадық. Ауылда 12 қазақ отбасы ғана бар екен. Мектепте балалар саны жетпегендіктен, биыл қазақ сыныбын аша алмадық, — дейді қазақы сөзге қамшы салдырмайтынын алғашқы таныстықтан-ақ байқатқан Нүркен Артықбайұлы.
Келген жерде қазақ сыныбы болмағандықтан, «Дарын» мектебінде жаратылыстану пәндерін тереңдетіп оқыған 3 баласын Мағжан ақын туған жері Сарытомар ауылындағы мектеп-интернатқа беруге мәжбүр болған.
— Үлкен ұлымыз Ерсұлтан 11 сыныпта оқып жатыр. Одан кейінгілері 9 бен 7 сыныпта. Осынау шалғайға балаларымыздың болашағы үшін келгенімізді несіне жасырайық? Оңтүстікте қандай еңбекақы алсақ, мұнда да сондай. Тұңғышымыз келесі жылы мектепті бітіреді. Дәрігер болсам дейді. Республикалық «Серпін» бағдарламасы оңтүстіктен қоныс аударғандардың балаларына да қолданылса деген тілек бар. Өйткені біз бір күнге ғана келгеніміз жоқ. Себебі осы жердің оттың оттап, суын ішетін болғандықтан, мынандай табиғаты әсем ауылды түпкілікті мекенге айналдырсақ па дейміз. Ел жақта қалған ағайын-туыстарды, дос-жарандарды теріскейге шақырып жатырмыз. Осы жақты қазағы қалың ел қылу керек. Орыс ұлты өкілдерінің балалары жұмыс болмағандықтан, ауыл іргесіндегі Ресейдің көрші Түмен, Омбы облыстарына кеткен көрінеді. Елбасымыз биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», — деді. Соның бір пұшпағы — осы жер. Соны біз мекен етпегенде, құнарлы жерді біз игермегенде, жат жұрттың жаны аши ма?! Ел дегенде емешегі үзіліп тұратын жанның бірімін. Тәуекелге барғанымыз да сондықтан. Мал мен құс ұстасақ, көкөніс ексек дейміз. Үдере көшкендегі басты мақсат — осы, — дейді Нүркен Нұрсейіт.
Бірі Қызылорда, бірі Жамбыл облысында туған экспедиция басшыларының: «Келіп қалғандарыңызға өкінбейсіздер ме? Осы жерді жерсінбей, кейін қайтып жатқан кейбір отбасылар сияқты көшті кейін бұрмайсыздар ма?» — деген сауалына манадан бері әдеп сақтап, жұбайының сөзін бөлмей отырған Сарагүл қарындасымыз жауап берді.
— Осында келерде ондай отбасылармен де хабарластық. Айтатын уәждері — теріскейдің қысы қатал. Отын жағып, үй жылыту, ас пісіру керек. Қысқы киімдер қосымша шығынды қажет етеді. Біздің ұққанымыз — олар алғашқы қиындыққа төзбеген сыңайлы. Отбасының ұйытқысы — әйел. Шаңырақтың шайқалмауы бәрінен бұрын бізге байланысты. Өзіміз қандай болсақ, жұрт та сондай. Адам өзіне қажетті жағдайды өзі жасауы керек. Масылдықты жанымыз сүймейді. Сондықтан бізде өкініш те жоқ. Кенжелеріміздің бірі — даярлық тобында, екіншісі — шағын орталықта, — дейді Сарагүл Сәрсенқұлқызы.
Ауылдан аттанар сәтте ашық та ақжарқын, сөзге шешен әрі отансүйгіштік, елжандылық қасиетті бойларына дарытқан ерлі-зайыптылар:
— «Қуыс үйден құр шықпа» деген ғой ата-бабаларымыз. Үйімізден бұйырған астан дәм татыңыздар, — деп, қоярда-қоймай баспаналарына ертіп әкелді.
Қоныстанған үйлері осыдан жарты ғасырдай бұрын салынған көнелеу ғимарат екен. Қора-қопсысы да ескірген. Құлағалы тұр десе де болады. Алайда үйлерінің іші жып-жинақы. Төргі бөлмеге қазақы дәстүрмен оюлы көрпелер төселген.
— Өткен жексенбі күні бір қой сойып, аралас-құраласымыз нығая түссін деген ниетпен ауылдың қазақтары мен оңтүстіктен өзіміз сияқты қоныс аударғандарға қонағасы бердік. Дастарқан басында ауылдың болашағы жайлы да сөз қозғалды, — дейді Нүркен ініміз.
Ас бөлмеде жүрген Сарагүл аз уақыттың ішінде дастарқанды жаңа ғана піскен жып-жылы бауырсаққа, етті сорпаға, оңтүстіктің өрік-мейізіне толтырып тастады.
— Округтің қарамағында 48 мың гектардан астам ауыл шаруашылығына жарамды жер бар. Егістік жердің денін атышулы «Трансавто» компаниясы жалға алған болатын. Олар егін егіп те жарытқан жоқ, жергілікті тұрғындарды еңбекақымен де қарық қылмады. Округтің 18 шаруашылық субъектісінде еңбекке жарамды 502 адамның 30-ы ғана жұмыс істейді. Оның үстіне 6 ауылдың халқы 1 мыңға да жетпейді, оның 173-і — зейнеткер, 39-ы — мүгедек. 3 ауылда бар-жоғы 50 отбасы немесе 115 адам ғана түтін түтетіп жатыр. Октябрь мен Хлебороб ауылдарындағы мектептерде 86 бала ғана оқиды, шағын орталықтарға баратыны — 20 жеткіншек. Сондықтан оңтүстіктен келетін қандастары-мызға қолымыздан келетін барлық жағдайды жасауға мүдделіміз. Бірақ кейде «қолдың қысқалығы» бөгесін бола береді. Оның біріншісі — баспана мәселесі. Бізде бос үйлер болса да, олардың тозығы жеткен. Олар уақытша тұруға ғана жарайды. Сондықтан үй салып аламыз деген қоныс аударушыларға демеу қаржыдан басқа пайызсыз немесе ең төменгі пайызбен несие берілсе. «Солтүстікті құтты қоныс етеміз» деп бел шешіп келген қандастарымыз жаңа баспана, қора-қопсы тұрғызудан қашпасы анық. Оны осы сапарда тілдескен адамдардың сөзінен де байқадыңыздар. Екіншісі — солтүстіктің қысы 6 айға созылатындығы және қысқы киім-кешек оңтүстікке қарағанда қосымша шығынды қажет ететіндігі. Сондықтан Кеңес дәуірі кезіндегі еңбекақыға қосылатын теріскейге ғана тән 15%-дық үстемені, яғни «Солтүстік коэффициентін» қайтадан енгізу қажет. Ішкі еңбек нарығын реттеуге бұл өте қажет, — дейді Октябрь ауылдық округінің әкімі Азамат Шәріпов.
Ауыл әкмінің сөзінен тағы байқағанымыз, оңтүстік өңірден келген ағайынды Төреқұловтар «Трансавто» иелігінде болған 17 мың гектар егістік алқапты жалға алып, оны іске асыруға кіріскен. Қараусыз қалған қыруар жердің биыл 300 гектарына бидай егіп, жер телімін сеніп берген жергілікті тұрғындарға «пай» үлестірген. Ала жаздай өңдеген жерді олар енді келесі жылдың көктемгі егіс науқанына әзірлеп жатқан көрінеді. «Диқан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған жаңа инвесторлар 2 себу кешенін сатып алған, сөйтіп, лизинг арқылы техникалармен жарақтана бастаған.
— Ауылымызда алғашқы жаңа тұрғын үйді салып жатқан да осы ағайынды Төреқұловтар. Оңтүстіктен қоныс аударушылар санын көбейтеміз деп отырғандар да –солар. Қазіргі қадамдары көңіл көншітерліктей, — дейді ауыл әкімі.
Тұралауға жақын қалған ауылға керегі де осы емес пе?!
Аталмыш елді мекеннен аттанар сәтте округ қарамағындағы ауылдардың оңтүстіктен қоныс аударатын қандастарымызбен толыға түсуіне бар жан-тәнімен мүдделілік танытып жүрген, көштің алғашқы легіне өзінің қолынан келетін жағдайдың барлығын жасап жатқан, күнгей мен теріскей облыстардың арасындағы үгіт-насихат жұмыстарына тікелей қатыса бастаған жергілікті әкім Азамат Шәріповке экспедиция басшысы Сәуле Мешітбайқызы «Әрдайым ұлттық намысыңды осылай қамшылап отыр» деген ниетпен қамшы тарту етті.

Сулышоқ ауылы екі отбасымен толықты

Сулышоқ ауылы — Успенка ауылдық округіне қарайтын 5 елді мекеннің бірі. Орталау мектебі бар. Ауылдағы тұрғын үйлер саны 50-ден аспайды. Алайда тұрған жерінің табиғаты әсем. Жағалай орман. Топырағы құнарлы. Ауылдағы «Жәнібеков» шаруа қожалығын жергілікті жердің тумасы Қайрат Жәнібеков басқарады. Биыл 1500 гектарға бидай мен арпа егіп, 17 центнерден астам өнім алған. Мал фермасында етті бағытта 350 бас асылтұқымды ірі қара өсіреді. Ауылдың 12 адамын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған да осы шаруашылық.
Қайрат ініміз биыл жаз айларының бірінде аудан орталығындағы әкімдікте Алматы облысынан қоныс аударғандармен кездейсоқ кездесіп, солардың екі отбасын үгіттеп, ауылына алып келіпті.
Ерлі-зайыпты Берік пен Әйгерім Сейкімбаевтар Талдықорған қаласының маңындағы Үйтас деген ауылдан екен. Жас отбасылардың 4 баласы бар. Екеуі жергілікті мектептің бастауыш сыныптарында оқиды, екеуі шағын орталықта тәрбиеленіп жатыр. Берік шаруа қожалығында еңбек етеді, Әйгерім — шағын орталықта тәрбиеші. Квотадан тыс келсе де, бірден баспана берілген, отынмен қамтамасыз етілген.
Аумағы 100 шаршы метрден асатын ауылдағы ең көрікті баспанаға ие болған ерлі-зайыпты Асхат Нүсіпов пен Гүлнұр Ақаева шаруашылық жетекшісіне әбден риза. Қырықтың белесінен жаңа ғана асқан Асхат пен үш мүшел жасты өткен жылы еңсерген Гүлнұр 7 бала тәрбиелеп отыр. «Күміс алқа» иегері.
— «Алтын алқа» мына кенжеміз бір жасқа толғанда ғана беріледі. Екі педагогикалық мамандығым бар. Әзірше декреттік демалыстамын. Шаруа қожалығының басшысымен құрдас болып шыққан отағасым жергілікті мектепті күзетеді әрі шаруашылықта электрші болып еңбек етеді. ШҚ жетекшісі қосалқы шаруашылықпен айналысыңдар деп 15 қой, 20 тауық берді. Үлкен ұлымыз Жетісу гуманитарлық колледжінде сырттай оқиды. Тамыз айында ғана келгендіктен, оның оқуын Солтүстікке ауыстырып үлгерген жоқпыз. Асхат орақ науқаны аяқталғаннан кейін, бір шаруамен туған жерге кетті. Туған-туыстарды, дос-жарандарды Сулышоққа шақыра келу де ойында бар, — дейді Гүлнұр қарындасымыз.
Ауылдағы орталау мектептің бастауышқа айналмауына осы екі отбасының балалары әсер еткен көрінеді.
— Ауылымызда бос үйлер әлі де бар. Дегенмен шаруашылықтың күшімен келесі жылы 2 үй салуды жоспарлап отырмыз. Оңтүстіктен кемінде 5 отбасын көшіріп алу ойымызда бар. Бар мақсат — ауылды, ондағы мектепті сақтап қалу. Ал теріскейді атақоныс етеміз деп келгендерге тиісті жағдай жасау, жерсініп кетуіне үлес қосу — біздің міндетіміз, — дейді Қайрат Жәнібеков.
Успенка ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Абаев Жамбыл облысының тумасы болып шықты. Алматы экономика және статистика академиясын қаржыгер, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекттік университетін заңгер мамандықтары бойынша аяқтап, 5 жылдан бері Есіл және Тайынша аудандық соттарында еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған жас маман тамыз айынан бері ауылдық округті басқарып келеді.
— Округ қарамағындағы Рощино ауылына Қытайдан 5 отбасы қоныс аударды. Қолымыздан келгенше оларға көмектесіп жатырмыз. Қайрат сияқты жергілікті шаруашылық басшылары құтты мекен іздеп келген қандастарымызға қолдан келген көмегін шынайы түрде көрсететін болса, «Оңтүстіктен — солтүстікке» жобасының оңтайлы шешілетіндігіне сенімім мол. Қоныс аударғандардың басты назар аударатын мәселесі — жанға жайлы баспана, тұрақты жұмыс пен 6 айға созылатын қыс қана. Әйтпесе, олардың қалаған ісімен айналысуына мемлекеттің көрсететін қаржылай қолдауы аз емес. Тек соларды тиімді пайдалана білу керек. Бақшамен, өсімдікпен және мал шаруашылығымен айналысуға бізде мүмкіндік мол, — дейді ауылдық округтің әкімі.

«Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесіндегі кездесу

Экспедиция мүшелері сапардың екінші күні М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де орналасқан «Рухани жаңғыру»жобалау кеңсесінде болып, аталмыш жоғары оқу орнында мамандық алып жатқан «серпіндіктермен» кездесті, облыстық мұрағатта «Солтүстік Қазақстан облысының қасиетті жерлері» картасымен танысты.
«Рухани жаңғыру»жобалау кеңсесінің жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, университеттің ғалым-хатшысы Ақмарал Ыбыраеваның айтуынша, бүгінгі күнге дейін облыста барлық жобалық институционалдық құрылымдар құрылды. Жобалау офисі мен сараптама кеңесінің құрамы бекітілді. Оған азаматтық қоғам институттары (үкіметтік емес ұйымдар, этно-мәдени бірлестіктер, жастар, интеллигенция, БАҚ) ғылыми-білім беру мекемелері, мемлекеттік органдар жұмысқа тартылды.
Бұдан басқа, облыс әкімінің өкімімен басшының, сол сияқты өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жауапты адамның міндеттері бекітілді. Аталмыш жұмыс әрбір ауданда, облыс орталығында және ірі ауылдық округтерде жобалау офистерінің ашылуымен жолға қойылды. Осынау жұмыс жүргізілетін шаралардың тиімділігін іс жүзінде арттыруға мүмкіндік береді.
Барлық аудандарда және облыс орталығында күн сайын шара өткізуді қарастыратын желілік кесте жасалды. Атқарылатын іс-шаралар бағдарламаның мақсаты мен міндеттеріне сәйкес келуі үшін қайта қаралды. Олардың барлығы кестеге сәйкес уақытында өткізілуде.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. «100esim.el.kz» порталында 178 адамның анкетасы орналастырылды, облыстан қорытынды дауыс беруге 17 кандидат жіберілді. Дауыс беруге жіберілгендердің саны бойынша өңірлер арасында облыс 8-ші орында.
Үстіміздегі жылы «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында үкіметтік емес ұйымдардың және бизнес құрылымдардың қолдауымен облыста жалпы сомасы 1,209 млрд. теңгенің 119 әлеуметтік жобасын жүзеге асыру жоспарланған.
Үстіміздегі жылғы қыркүйек айында «Ұлы дала Батырлары» жобасы аясында Ингушетия Республикасының Бірінші Президенті, Кеңес Одағының Батыры Руслан Аушев туған өлкесінде болып, туған жері Айыртау ауданындағы Саумалкөл орта мектебіне шағын автобустың кілтін сыйлады.
Келесі жылы қазақтың батыр ұлы Қожаберген жырауға ескерткіш, туғанына 125 жыл толуына орай Мағжан Жұмабаевтың жаңа мүсінін орнату, Қызылжар өңірінен шығып, әртүрлі салаларда жетістікке жеткен құрметті қонақтарды шақыру арқылы «Жерлестер құрылтайын» өткізу және тағы басқа шаралар жоспарлануда.
Облыста 15 ақпараттық-түсіндіру топтары құрылып, тұрғындармен 241 кездесу өткізді.
Ақпараттық қолдауға арналған жұмыс қайта қаралды. Облыстың барлық аудандарында мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» идеясын алға жылжыту бойынша әлеуметтік желілер, қауымдастықтар, топтар құрылды.
Беделді өнімдер (кітаптар, журналдар, буклеттер, күнтізбелер, кітапшалар және т.б.) шығару бойынша жұмыс жүргізілуде.
Облыста аудиторияларды тартудың мақсатты көрсеткішін анықтау үшін, аталмыш бағдарламаны ақпаратты қолдаудың медиа-жоспары қайта бағдарланды.
Бағдарламалық мақала жарық көргеннен бері өңірлік сараптама кеңесі жүзеге асырылып жатқан жобалар мен шараларға мониторинг жүргізіп келеді. Олардың нәтижесі кеңестің отырыстарында қаралады.

«Серпін» жастарға серпін береді

Солтүстік Қазақстан облысында 2014 жылдан бері бакалавриат бағдарламасынан 24, техникалық және кәсіптік білім беруден 11 мамандық бойынша Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының жастары білім алып жатыр. 2017 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыстың 5 колледжінде оқитындардың саны 325-ті құрайды. Биыл Петропавл теміржол көлігі колледжін «Теміржолдың жылжымалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету» мамандығы бойынша 45, Ақжар ауданындағы Ауыл шаруашылығы колледжін «Есептеуіш техника және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша 22 студент аяқтап шықты. Облыстық білім басқармасының күнделікті жүргізетін мониторингіне қарағанда, «Серпін — 2050» бағдарламасы аясында колледждерді аяқтаған 52 маман жұмысқа орналасқан, оның мамандығы бойынша еңбек ететіні — 9, ЖОО-ға түскені — 11, қысқа мерзімді курсқа қабылданғаны — 2, денсаулығына байланысты жұмысқа орналаспағаны — 2.
Өкінішке орай, оқу кезінде ерекше жағдайлар жасалғанына, солтүстікте жаңа достар тапқанына, 2-3 жылдың ішінде Қызылжар өңіріне үйреніп қалғанына қарамастан, мамандық алып шыққан түлектердің өз өмірін солтүстікпен байланыстырғаны саусақпен санарлықтай, нақтырақ айтсақ, 67 түлектің 12-сі ғана. Мысалы, Ленинград ауыл шаруашылығы колледжін тамамдаған «Серпін» бағдарламасына қатысушы 22 түлектің барлығы да туған жерлеріне оралған.
Бүгінгі күні серпіндіктер жоғарыдағы оқу орындарынан басқа Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық, Петропавл құрылыс-экономика, Ж.Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы колледждерінде мамандық алып жатыр. Олардың басым бөлігін қызылордалықтар (169) мен оңтүстікқазақстандықтар (138) құрайды.
Қазіргі кезде облыстың орта арнаулы және жоғары оқу орындары әлеуетті жұмыс берушілермен ауқымды жұмыстар жүргізуде, студенттер ұйымдар мен кәсіпорындарда өндірістік тәжірибелерден өтуде. Әсіресе, дуалды оқыту әдісіне ерекше назар аударылуда. Осының өзі білім мен еңбекті ұштастыруға, болашақ мамандардың тәжірибе жинақтауына, кәсіптің қыр-сырын тануына көмектесетіні сөзсіз. Алайда кәсіпорындар мен ұйымдар өздерінде тәжірибеден өтіп жатқан болашақ түлектермен еңбек келісімшартын жасауға құлшыныс таныта қоймауда.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де «Серпін — 2050» бағдарламасы бойынша 860 студент оқып жатыр. Олардың алғашқы легі келесі жылы мамандық алып шығатын болады.
Экспедиция мүшелерімен университетте өткен кездесуге 150-ден астам серпіндіктер қатысты.
Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ертай Айғалиұлы бірлескен экспедицияның алдына қойған мақсаты туралы айта келіп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға орай өскелең ұрпақтың алдында тұрған келелі міндеттерге тоқталды, «Туған жер» бағдарламасының өзіндік ерекшеліктерін саралады.
Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газетінің бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы:
— Осындай экспедиция ұйымдастыру барысында Солтүстік Қазақстан облысында жылына кемінде бір рет боламыз. Аудандардың көптеген ауылдарын аралап, тыныс-тіршілігімен таныстық. Республикамыз бойынша мүлдем арақ-шарап сатылмайтын ауыл — Теңдік пен Қарасай елді мекендері Солтүстік Қазақстан облысында екендігін осыдан 7-8 жыл бұрын экспедиция барысында тауып, саламатты өмір салтын ұстану жайында Үндеу қабылдағанбыз. Оған соңғы жылдары Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылы да қосылып отыр. Бұл — құптарлық жағдай. Облыс кең байтақ еліміздің теріскейінде орналасқан. Ресей Федерациясының Омбы, Қорған және Түмен облыстарымен шектеседі. Осы облыстармен арадағы шекараның жалпы ұзындығы 1268 шақырымды құрайды. Шекара бойында орналасқан ауылдар ғана емес, өңірдегі елді мекендердің көпшілігі еңбек күшіне мұқтаж болып отыр. Осы облыста болған сайын Қызылжар өңірінің табиғатына, әсіресе, ормандар алқабына, жерінің құнарлылығына, онда өнген өнімдердің экологиялық тазалығына таң қаламын. Күні кеше ғана болған М.Жұмабаев ауданында бар-жоғы 33 мыңдай ғана халық тұрып жатыр. Ал өзіміз жақсы білетін оңтүстіктегі кейбір елді мекендердегі жергілікті тұрғындардың саны солтүстіктің бір ауданына пара-пар. Онда жер де тапшы, жұмыс күші де артық. Сондықтан Үкіметіміз арнайы қаулымен «Оңтүстіктен — Солтүстікке» жобасын қолға алып отыр. Соның алғашқы нәтижесін кеше өз көзімізбен көріп, жергілікті басшылардың қоныс аударған қандастарымызға қолдан келген көмегін көрсетіп жатқанына риза болдық. Теріскейді қоныс еткендердің жеке кәсіпкерлікпен айналысуына, қосалқы шаруашылықтарын дамытуына, балаларының білім және мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз етілуіне барлық жағдай жасалған. «Серпіндіктер» де оқу орнын аяқтағаннан кейін осы игілікті іске өз үлестерін қосса деген тілегіміз бар. Елбасымыз айтқандай, жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек, — деді.
Кездесуге қатысқан Шынарай, Әсел, Сапархан, Талант есімді студенттер түлектерге баспана, заман талабына сай еңбекақы мәселесі шешілсе, Қызылжар өңірінде қалып, жастық жігермен жұмыс істеуге қарсы емес екендіктерін жеткізді.
Тағы бір айта кетерлігі, таяуда Павлодар облысында «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттердің өкілдері Қызылжар өңірінде болып, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де мамандық алып жатқан жерлестерімен кездесті, облыс орталығының мәдени орындарымен танысты.
Сонымен бірге, І республикалық «Мені шыңдаған серпін» байқауының алғаш рет күні кеше ғана Қызылжар өңірінде өткізілгенін, сөйтіп, отансүйгіш жастардан зор үміт күтетіндігін атап айтуға болады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Алма Махметованың айтуынша, қазіргі уақытта «Серпін — 2050» бағдарламасы аясында білім алатын жастарды Ерікті көшіру бағдарламасының қатысушылары қатарына қосу мәселесі Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінде қаралып жатыр. Аталмыш мәселе оңтайлы шешілсе, «серпіндіктер» солтүстіктің оқу орындарын аяқтағаннан кейін өздері мамандық алған өңірде баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етілулеріне, әлеуметтік қолдау иеленулеріне кепілдік берілетін болады. Әзірше, шынын айтқанда, «Серпін» бағдарламасына қатысушылар шәкіртақыға, жол шығынына, қысқы киімдеріне, тамақтарына, жатақханада тұруларына мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаражатты ақтай бастады деп айтуға әлі ертерек.

Нұрсайын Шәріп

(29)