mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Еурокубок: «Астана» Еуропаны мойындатты

Футбол клубтары арасындағы УЕФА аясында өткізілген Еурокубок турнирінде «Астана» футбол командасының аты тарихта өз алаңында қазақстандық аяқдоп клубтары арасында бірде-бір матчта ұтылмаған ұжым ретінде қалатын болды. Команда 17 матчтың тоғызын ұтып, сегізінде тең түскен. Мадридтік «Атлетико» «Астана» қақпасына доп соға алмай кетсе, Лиссабонның «Бенфикасы» ұпай бөлісуден әрі аса алмады. Бұрын ертегідей естілетін бұл деректер қазір өмір шындығына айналды. Рас, «Астана» сыртта өз алаңындағыдай жоғары нәтижеге жиі қол жеткізбесе де, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктен құралақан емес. Мәселен, ол 17 ойында сырт алаңда тек Юрмаланың «Спартагын» ғана жеңсе, енді, міне, жақында Тель-Авивтің «Маккабиін» де тізе бүктіріп, тарихи жеңіске қол жеткізді. Тарихи болатын себебі, «Астана» Еуропада алғаш рет бір команданы үйде де (4:0), түзде де ұтып (1:0), әрі топтық кезеңдегі ойында алғаш рет сыртта өз қақпасына доп жіберген жоқ. Мұндай жетістік біздің футбол тарихында бұрын-соңды болмаған-ды. Футболда тек шабуылдау ғана емес, сауатты қорғана білу де үлкен өнер саналады. Қазіргі таңдағы футболда ең басты құндылық — жасындай жарқылдап ойын көрсетіп, бірақ гол соға алмау емес, соңғы нәтижеде олжа салып, ұпай санын арттыру. Осы тұрғыдан алсақ, «Астананың» ойыны кәрі құрлықтың азулы командалары көрсететін ойын өрнегіне біртабан жақындап қалғаны байқалады. Команданың бас бапкері Станимир Стойлов қорғанысқа көп көңіл бөлетін маман, ол команданың ойын тактикасын қорғанысқа негіздеп құрады. Содан да болар, «Астана» осымен қатарынан үшінші жыл Еурокубок ойындарының топтық кезеңінде ойнап келеді. Жыл сайын ілгерілеу бар. Мәселен, 2015-2016 жылғы маусымда Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Атлетико» (Мадрид), «Бенфика» (Лиссабон), «Галатасарай» (Стамбұл) сияқты азулы командалармен бір топқа түсіп, 5 гол соғып, 11 гол (топтағы ең төмен көрсеткіш) жіберген еді. Бірде-бір матчты жеңе алмай, төрт ойында тең түскен. 2016-2017 жылы Еуропа лигасының В тобында оның жолы «Янг Бойз» (Берн), АПОЭЛ (Никосия) және «Олимпиакоспен» (Пирей) секілді командалармен түйісті. Бұл топта бір ойында жеңіске жетіп (АПОЭЛ 2-1), екі ойында тең түсті. Тағы да 5 гол соғып, 11 гол жіберді. Енді, міне, Еуропа лигасының А тобында «Вильярреал», «Славия» (Прага), «Маккаби» (Тель-Авив) секілді футбол ұжымдарымен плей-офф кезеңіне шығу үшін таласқа түсіп жатыр. Бар-жоғы 4 тур өткізді, бірақ 7 гол соғып үлгерді («Вильярреалмен» бірдей көрсеткіш). 2 ойынды ұтып, бір тең ойынға қол жеткізді. Әлі үйде испандармен, түзде чехиялықтармен кездесу өткізеді. Ендеше, қазіргі 7 ұпай соңғы меже емес екені кәміл. Еврей командасымен өткен соңғы кездесу соған көз жеткізді. Бүгінгі күні «Астана» Еурокубоктағы ойындардан 20 млн. еуро көлемінде пайда түсірді. Команданың Еуропаға жорығы жалғаса берсе, түсетін қаржы көлемі де ұлғаятыны сөзсіз. Бүгінгі футболдың заңдылығы қоржыныңды ұпаймен ғана емес, қаржылай да толтыр деуге келіп саяды. Мұндай олжа қазақстандық клубтар үшін екі есе жеңіс деу орынды. Барша жанкүйер қауым атынан «Астанаға»: «Осы қарқыныңнан тайма!» — дейміз.

(8)