mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Биыл бітпеген тірлік келер жылы тіктеледі

Жыл аяғы жақындаған сайын есепті кезеңде атқарылған жұмыстарға есеп жүргізілетіні белгілі нәрсе. Жамбыл облысының кәсіпкерлік саласына жауапты мамандар да жыл қорытындылап, инвестиция бағыты бойынша жүйесін тапқан жұмыстарды таразылауда.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, Қазақстан Республикасының индустриялды-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста кәсіпкерлік қолдау картасы бойынша, жалпы құны 558,6 миллиард теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде екен. Олардың іске асырылу барысындағы құрылыс жұмыстары кезеңінде 6591 адам жұмыспен қамтылса, іске қосылғаннан кейін 5990 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Оның ішінде жалпы құны 429,3 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба кәсіпкерлікті қолдаудың республикалық картасына енген. Осы арқылы алдағы уақытта 2409 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпы, алдыңғы жылы іске асырылған 4 инвестициялық жоба 371 жаңа жұмыс орны ашылуына септігін тигізген. Былтыр 10 инвестициялық жоба іске қосылып, ашылған жаңа жұмыс орны 446-ны құраған. Биыл іске асырылуы тиіс13 инвестициялық жобаның ішінде 6-ауы жүзеге асырылып, соның арқасында 398 адам жұмыспен қамтылыпты.
— Негізінен, жобаларды индустрияландыру картасына және өңір кәсіпкерлігін қолдау карталарына енгізу тәртібіне сәйкес жылына екі рет нақтылау жұмыстары өткізіледі. Қорытынды бойынша олар жаңа жобалармен толықтырылып, кейбір жағдайда жобалардың бірқатары картадан шығып қалып жатады. Осыдан кейін жобалардың санымен іске асыру мерзімі және құны өзгереді. Былтыр, алдыңғы және осы жылы жалпы құны 35,8 миллиард теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, 1215 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылды.
Іске асырылған жобалардың бүгінгі таңда 15-і 50 пайыздан жоғары жоспарланған қуаттылыққа ие болса, Тараз қаласындағы «Бағұл», Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік Халал Тағамдары», Шу ауданындағы «KAZMIYA», Талас ауданындағы «Жамбыл Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жоспарланған қуаттылықтың ең болмаса 50 пайызына жете алмай отыр. Алдағы уақытта жер қойнауын пайдалану бойынша 12, жер телімін беру бойынша 8, инфрақұрылым тарту бойынша 12, пайыздық ставканы субсидиялау бойынша 8 жоба іске асырылады. Бұл жобалардың Жамбыл облысының экономикалық саласына қосатын үлесі маңызды. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындары 259,5 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Оның ішінде Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындардың арқасында өндірілген өнім көлемі 28,9 миллиард теңгені құрап, жалпы өнеркәсіп өнім көлемінің 11,3 пайызына ие болып отыр. Іске қосылған кәсіпорындардың орташа жоспарлы қуаттылықты игеруі қауқары 77 пайыз. Ал екінші жартыжылдықта іске асыруға жоспарланған 7 жобаның 4 жобасын Қордай, Мойынқұм және Тараз қаласының әкімдіктері іске асыру мерзімдерін ауыстыруды сұрап отыр, — дейді Қарлығаш Әмірқызы.
Жалпы, Тараз қаласынан — 11, Жамбыл, Қордай аудандарының әрқайсысы 4-еуден, Мойынқұм, Талас аудандары 3 жобадан, Байзақ, Меркі, Шу, Т. Рысқұлов аудандары 2 жобадан, Сарысу ауданы
1 жоба ұсынса, Жуалы ауданында әзірге индустриалды картаға енгізілетін бірде-бір жоба жоқ екен. Нәтижесінде облыс индустриалды-инновациялық саясатты жүргізу бойынша республика деңгейінде 11 орынға тұрақтаған.
— Талас ауданындағы «Жамбыл Недр» цемент зауыты биыл 75 мың тонна өнім өндіруі тиіс еді. Ал оның қарқынына қарасақ, өндірген өнім көлемі ұнжырғамызды түсіріп отыр. Себебін сұрасақ, зауыттың қондырғыларды жаңасына айырбастау барысында уақыт оздырып алғанын, цементті өткеру мерзімі өтіп бара жатқанын алға тартады. Бұл сылтау емес. Біздің өңір жыл мезгілі өтіп кетті дейтіндей Астана, Қарағанды емес. Негізінен, облысымыз цементке зәру. Өңірдегі бүкіл зауыттар жабылып 1 миллион 700 тонна цемент өндірген. Ал жамбылдықтардың сұранысын қанағаттандыру үшін 2 жарым миллион тонна цемент керек. Сондықтан бұл істі бір ізділендіруіміз керек, — дейді Қарлығаш Аралбекова.
Иә, кемшіліктер болғанымен, жаңа инвестициялық жобалардың ел игілігіне берері көп екені айқын. Биыл тірлігі тіктелмеген шаруалар, ертең бауымен байлауын табады деп сенеміз. Ал ең бастысы қандай жағдай болмаса да Жамбыл жеріне инвесторлар қаржы құюға лек-легімен ағылып жатқаны қуантады.
Саятхан Сатылғанов

(2)