mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

«Жас отау» қоғамдық қорының мақсаты

Астанада жас отбасылар мен табысы аз адамдарды баспанамен қамтамасыз етуді мақсат еткен республикалық «Жас Отау» қоғамдық қорының тұаукесері болып, сонда сөз сөйлеген қордың директоры Асхат Базарханұлы: «Қор қала сыртынан кооперативті үйлер салу үшін Үкіметтен тегін жер телімдерін сұрау; Заманауи технологиялардың жетістігін пайдалана отырып, шағын және орташа көлемді 2-3 қабатты қолжетімді үйлер салу; Инвесторлардан қайтарымды және қайтарымсыз қарыз алуға қол жеткізу қатарлы жұмыстарды атқаруды мақсат еткен. 90 пайыздық қайтарымды қарыз жұмыс істейтін отбасылардың кірісіне қарай үстеме пайызсыз 1 жылдан 5 жылға дейін беріледі. Ал 10 пайыздық қайтарымсыз қаражат жетім-жесірлер мен мүгедектерге қайырымдылық мақсатта жұмсалады. Қор «Жасыл экономика» бағдарламасына сай, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың жоба – инновациялық толық автономды термосүйлер салуды да қарастырып отыр. Бұл үйлер жарық пен жылуды күн мен желден алатындықтан, энергиясы мен суы толық автономды болады. Термосүйлердің әр шаршы метрін 60-80 мың теңгеден асырмау көзделуде. Сонда 20-30 шаршы метр бөлмелердің құны 1,2 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейінгі аралықта болады. Яғни, жас отбасылар қарызды ай сайын 50-100 мың теңгеден төлеп, 1 немесе 2 жылдың ішінде пәтерге қол жеткізе алады. Статистика бойынша елімізде 2 миллион 300 мың адам баспанаға мұқтаж. Астана тұрғындарының ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар 40 мыңнан асады. Ал жер кезегінде тұрған 1 миллион 300 мың адамның 100 мыңға жуығы да Астанада тұрады. «Казжилстрой-Кооперация» кооперативінің анықтаған мәліметіне қарағанда мектеп пен ауруханада қызмет істейтіндердің 65-70 пайызы жалдамалы пәтерлерде тұрады екен. Бұл — мұғалімдер мен дәрігерлердің 2/3-сі үйсіз-күйсіз жүр деген сөз. Олардың көбі бір жалақыға сүйеніп өмір сүреді. Қазіргі кезде бұл қоғам боп шешетін әлеуметтік мәселеге айналды. Мәселен, Астанада баспаналық тұрғын-үй кешендері күн сайын бой көтеруде. Алайда жоспарланған көрсеткіштер үйге мұқтаж адамдардың сұраныстарын қамтамасыз ете алмай отыр. Бүгінде қалалық жерлерде баспана ала алмай, пәтер жалдап жүргендердің басым көпшілігі жастар. Өкінішке қарай, оларда пәтер алуға жетерліктей қаражат жоқ. Қазіргі уақытта халықтың баспанаға қол жеткізуінің 2-3-ақ жолы бар: біріншісі, тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар мен кооперация болса, екіншісі, әкімдік арқылы пәтердің немесе жердің кезегінде тұру, ал үшіншісі, бастапқы жарна жинап, содан кейін ғана екінші деңгейдегі банктерден несие рәсімдеу. Елімізде мемлекет тарапынан арнайы шығарылған табысы төмен адамдарға арналған бағдарламалар бар, бірақ ол бәріне бірдей жете бермейді. Сол үшін де халық кооперациясы арқылы бірігіп салынатын үйлер жастар мен жағдайы төмен отбасыларға ең қолайлы шығар жол болып отыр. Қазіргі кезде Алматы қаласының шетінде 2 тұрғын үй, Астана қаласының шетінде екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Астанадағы үйлерде 82 отбасы тұрып жатыр. Оның сыртында Қосшы кентінен тағы бір үйдің құрылысы басталды. Қазір бұл қор арқылы үй алғысы келетіндердің саны күн санап артып келеді»,— деген деректерді алға тартты. Жиын соңында қоғам мүшелері, қор қызметкерлері, Астана қаласы Ақсақалдар алқасы, қоғам қайраткерлері қатарлы азаматтар арнайы үндеу қабылдады.

(25)