mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Өнер әлемінде «SALEM» журналы

Республикалық бұқаралық ақпарат кеңістігінде тағы бір игілікті жаңалық дүниеге келді. Өнер мен бизнестің бүгінгі жетістіктерінен қалың оқырманға хабар жеткізетін көркем суретті, жарнамалық әдеби-сұхбаттық «SALEM» журналының алғашқы саны жарық көрді. Жаңа басылымның шығарушысы, жас ақын, кәсіпкер Қазыбек Шахан оқырманға арнау сөзінде:
«Әлемнің көптеген ақпарат — басылымдарын парақтап отырып, неге біздің Қазақстанда атақты жандар мен өнер жұлдыздарының олардың өміріндегі жаңалықтары мен жетістіктері, алдағы мақсат-жоспарлары туралы сыр шертетін журнал жоқ деген ойға қалдық… «Сәлем» журналы осындай мұраттардан дүниеге келіп отыр.
Бүгінде баспасөздің көпшілікке жетуі — таралуы театр мен киноның теледидар дүниеге келгендегі бұлыңғыр болашақты хәліне ұқсас тәрізді. Ал ғаламтор теледидардың өзін жолда қалдырып отыр. Бірақ театр теледидардың көлеңкесінде қалған жоқ.
Қазақстан — Еуразия кеңістігінің мәдениеті бай, бірден-бір үлкен аймағы. Сонан соң да бұл журналымыз біздің елімізді жақсы білетін, бізбен қызықты жаңалықтарымен бөлісуге ықыласты біраз елдерді қамтиды. Баку, Стамбул, Сеул, Гонконг, Москва, Вена, Париж, Токио және тағы басқалары біздің бұл басылымның бетінде мәдени, рухани жаңалықтарымен бөліседі», — деп түйіндейді.
Журналдың әсем безендірілген беттерінде көрнекті кино, театр артисі Нұрлан Әлімжан, көрнекті тележүргізуші Лейла Сұлтанқызы, Голливуд жұлдызы Жайдарбек Кунгужинов, Қазақстан іскер әйелдер Ассоциясының басқарма мүшесі Галима Такунова, белгілі кәсіпкер Бейбіт Әлібековтермен сұхбат; ЭКСПО өмірінен, Астанада өткен «Арт фест» фестивалінен фото репортаждар; опера өнерінің әлем бас иген шебері Маэстро Домингоның даласындай кең, аспанындай биік, іңкәр дауысымен дүниені тәнті етіп жүрген Димаш Құдайбергеннің, сән өнерінің әлемге әйгілі шебері, қандасымыз Алла Ильчунның, «А Студио» тобының, сондай-ақ Оңтүстік Корея, Жапония, Гонконг өнер жұлдыздарының шығармашылығына арналған эксклюзивті репортаждар жарияланған. Шетелдегі, еліміздегі танымал блогерлер: Жәмила Азанбаева, Әлия Жолболдина, Жанна Ахметова, Светлана Сон, Сәуле Сергазиновалар әйелдердің бүгінгі қоғамдағы орны төңірегінде әңгімелер қозғаған. Жаңа басылымның шығарушыларына біз де сәт сапар, шығармашылық табыс тілейміз!

(27)