Қымбат «шетомарка» мінген не теңің?

Жақында «ҚазАвтоӨнеркәсіп» одағы жариялаған бір цифрлар осындай ойға жетеледі. «ҚазАвтоӨнеркәсіп» одағы таратқан мәліметке сенсек, биыл шенеуніктер қызметтік көлік ретінде шетелдік қымбат автомашина сатып алуға 841 миллион теңге жұмсапты. Бұл былтырғыға қарағанда қалай, шетелдік көлікке құмартушылық азайған ба, әлде көбейген бе?

Биыл анау-мынау емес, «Toyota Land Cruiser 200» және «Land Cruiser Prado» сияқты қымбат машиналар сатып алу былтырға қарағанда биыл, тіпті, өршіп 7.5 есеге, нақтырақ айтсақ, 750%-ға өсіп кеткенін мәлімдейді.
Олай дейтініміз, қымбат қызметтік көлік алуға тыйым салу туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» одағының дұрыс ұсынған ұсынысына шенеуніктер шошына қарапты. Бірінші болып баж ете қалған Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко болды. «…Жоғары лауазымды шенеуніктер өздеріне сай келмейтін көлікпен қалай жүреді?» депті ол таңғалысын жасыра алмай. Сонан соң: «Мемлекеттік қызметкерлер шетелден келген лауазымды адамдарды, оның ішінде Араб Әмірлігінің шейхтарын күтіп алғанда «Калина», «Приора» секілді көліктерге отырғыза ма, сонда» деп, мысқылдап тастапты. Ресейдің біздің елде құрастырылатын, түпкі тегі баяғы «Жигулиінен» тараған «Калина» мен «Приорасын» жоп-жорта тілге тиек етіпті. Қазақстанда шығатын маркасы жоғары көліктерді айтпай, қасақана бүгіп қалыпты. Бізде тек «Калина» мен «Приора» ғана емес, шенеуніктің тақымына тар келмейтін басқа да көліктер шығарылатынын әдейі ескермепті.
Оның әлгі сөзінен шығады, шенеуніктер осы күнге дейін шетелдік қонақтарды қымбат көліктермен күтіп алып, не қарық қылыпты? Тіпті, айта берсе, шетелдіктер бұлардың өздерін қандай көлікпен күтіп алатынына мән берер ме екен? Біздің осындай жалған намысқа жығыла кететініміз қалай? Шетелдік инвесторлар, саясаткерлер мемлекеттің күш-қуатын өзін қандай көлікпен күтіп алатынымен емес, ішкі жалпы өнімнің қаншалықты өскені сияқты өлшемдерге қарайды ғой. Өткенде осы мәселені қызды-қыздымен Алмазбек Атамбаев та айтып салып еді-ау.
Иә, иә, еліміздің бет-бейнесін дүниежүзіне ешқандай да халықаралық спорттық жарыстар емес, ешқандай да халықаралық көрмелер емес, ешқандай да шенеуніктер тақымына салып жүрген шетелдік қымбат көліктер емес, халықтың әл-ауқаты танытады емес пе? Басқасын былай қойғанда, даму деңгейін мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысының мөлшері-ақ айтып тұр ғой.

Нұрлыбек Саматұлы

(12)