Ким Чен Ын Трамптан айылын жияр емес

АҚШ президенті Дональд Трамптың Азия елдеріне сапары жалғасып жатыр. Алғашында 10 күнге жоспарланған сапарға Президент мырзаның Филиппинде өтетін Шығыс Азия елдері саммитінің ашылу рәсіміне қатысатындығы себепті екі күн қосылып, бас-аяғы 3-14 қараша аралығына жоспарланып отыр. Трамптың Азия елдеріне «мемлекеттік сапарының» басты мақсаты Шығыс Оңтүстік Азияның тұрақтылығы  мен экономикалық қатынастар төңірегіндегі мәселелер жайында болмақ.

Әңгіменің ашығы, өзі барған елдердің басшыларымен ақылдаса отырып, Пхеньянға қарсы санкцияларды күшейте түспек. Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және Вьетнам елдеріне жасайтын сапарының ішінде Қытай сапары айрықша маңыз алады дейді сарапшылар. Бұған себеп Солтүстік Кореяның әлемді алаңдатып отырған ядролық сынақтарына тосқауыл қою үшін Ци Циньпинмен ақылдасып көрмек. Бұл — ақ үй басшысының таққа отырғаннан бергі Азияға алғашқы сапары. Дональд Трамп Жапонияның Йокота базасында болып, Америка және жапон әскери қызметкерлерімен кездесті. Президент бұдан соң «гольф дипломатиясы» аясында Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен де кездесіп, гольф ойнады. Ол Жапониядан кетерінде АҚШ-тың Жапонияға әскери қару-жарақ беретіндігін мәлімдеді. Тағы бір хабарда АҚШ-тың қаруларымен жарақталған Жапон әскерилері өз әуе кеңістігінен КХДР зымырандарын «тосқауылдап тұрып, жоқ қылып жіберуге» қауқарлы дегенді айтқан. Бұл АҚШ-тың одақтасы Жапония мен Кореяны Пхеньяннан келетін қауіптен «арылтқаны» еді.
Трамптың кезекті сапарынан кейін қандай жаңалықтар болатындығы әзірге белгісіз. Саясаттанушылардың барлығы Қытай басшысымен болатын ресми және бейресми кездесулерден соң КХДР-ға қарсы санкциялар басталуы мүмкін деп жорамалдап отыр. Оған себеп 2017 жылдың шілдесінде Трамп мырза өзінің «Твиттердегі» парақшасында «2017 жылдың алғашқы 4 айында Қытай мен КХДР арасындағы сауда көлемінің 40%-ға артқандығын сынағандығы» болса керек. Ал Қытайдың АҚШ-тағы бас елшісі Суй Тиян Кай, Трамптың кезекті сапары жөнінде берген сұхбатында: «Қытай елі АҚШ Президентін ықыласпен күтіп алады», — деді. Қытай мен Солтүстік Корея арасындағы сауда мәселесі төңірегіндегі тілші сауалына жауап берген бас елші «Қытай тарапы бұл тақырыпты талқылау үшін жақсы дайындалып жатыр. Екі ел басшысының кездесулері нәтижелі аяқталатындығына сенім артуға болады. Әрі Корей түбегін қырып-жойғыш қарулардан тазарту төңірегінде ортақ шешімге келеді» деп жауап беріпті.
Қытай елі қазірге дейін КХДР-на түрлі гуманитарлық көмектер берумен қоса, белгілі деңгейде сауда қатынасын сақтап келе жатқан санаулы мемлекеттердің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынас 1950 жылдардан басталған. Қытай қазіргі таңда КХДР-на шикі мұнай, жеңіл өнеркәсіп бұйымдары, астық, байытылған көмір сынды заттарды экспорттаса, олардан цемент, көмір, болат материалдары, кен өнімдерін импорттайды. Қытайдың Кеден бас мекемесі таратқан мәліметке қарағанда, 2016 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 6,4 миллиард АҚШ долларына жеткен. 2017 жылдың алғашқы 4 айындағы сауда көлемі 1,2 миллиард долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 37%-ға артқан. АҚШ күн санап артып келе жатқан осынау цифрларға тосқауыл қою арқылы Солтүстік Кореяның «империалистермен өліспей беріспеймін» деп отырған Ким Чен Ынды «ықтырып» алғысы келетіндігін жасырмай отыр. Алайда бұл санкциялар Пхеньянды қорқыта алмайтын секілді. Қарашаның 2-сі күні КХДР орталық ақпарат агенттігі «мемлекеттің ядролық қарулар төңірегіндегі» ұстанымын жария етті. Онда «АҚШ Корей түбегін ядролық қарусыздандыру туралы келіссөздер жүргіземін деп дәмеленбей-ақ қойсын» делінген. «КХДР қазіргі таңда барлық жағынан ядролық қарулармен жарақтану тұрғысында көздеген межеге жетуге таяды. КХДР АҚШ-тың жолсыз талаптарына қарсылығын жалғастыра береді. Ядролық қаруларды дамыту, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалғыз жолы. Мемлекеттің ең жоғары мүддесі мен халықтың қауіпсіздігі үшін КХДР ешқашан ядролық қарудан бас тартпақ емес. Сондықтан бұл төңіректегі келіссөздерге қызығушылық танытпайды» деген екен.
Солтүстік Кореяның қасарысқан ұстанымын Трамп мырза өзгерте ала ма, жоқ па, ол алдағы күннің еншісінде. Алайда Қытайдың «екінші Мао» атанып келе жатқан басшысы Ци Циньпин арқылы Ким Чен Ынды ымыраға келтіремін деп үміттенетін сияқты. Ал Орта Шығыс елдеріне қолданып үйреніп қалған «ескі тәжірибесі» Корей түбегіне үйлесе қоймайтыны тағы бар. Қос бүйірде отырған Корея мен Жапония сынды «екі әріптесінің қамы үшін» Ким Чен Ынмен жаға жыртысудың арты жақсылыққа апармайды дейді Қытай сарапшылары. Ал «Америка үні» радиосының қытайтілді сайтында 6 қараша күні жарияланған «Саясаттанушылар пайымы: Трамп АҚШ ықпалын арттыра ала ма?» атты мақала оқырмандардың аңысын қозғапты. Мақалаға қазіргі Қытай билігін айыптаушылар «Бейжің КХДР-дың ядролық қаруларды дамытуына астыртын көмектесіп отыр…» деген де пікір қалдырған. Ал өткен айда германиялық саясаттанушы «РФ Пхеньянға зымыран қозғалтқыштарын сатып отыр» деген еді. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, мұндай «жел сөздердің» Президенттер арасында айтылар-айтылмасын Құдай білер, ал қазірге белгілісі Ким Чен Ынның «жер бетінен империалистер жоғалмайынша қаруын тастамайтындығы» ғана…

Ерқазы Сейтқали

(13)