mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің Астана қаласындағы тілшісі.

Елордалық каратэші Англиядан алтынмен оралды

Жапондардың ұлттық спорты десе де күллі әлем асқан қызығушылықпен айналысатын каратэ-до біздің елімізде де қарқынды дамып жатыр. Оған ел намысын абыроймен қорғап жүрген каратэшілердің көптігі дәлел. Әсіресе, жас өрендердің алыс-жақын шетелдерден олжалы оралып жатқанын жиі естіп біліп жүрміз.
Солардың бірегейі деп айтсақ та артық емес, Астанадағы №4 Ж.Жабаев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Бэлла Самашева 26-29 қазан күндері Англияның Кроли қаласында өткен әлем чемпионатынан 2 алтын және 1 күміс медальді иеленіп қайтты. Биыл ғана Болгарияда өткен WSF (World Shotokan Federation) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған шәкіртінің ақжолтай жаңалығымен алғаш бөліскен жаттықтырушы Рауан Тоғызбаев:
— Қаршадайынан каратэні серік қылған Бэлланың қабырғасы қатайып, бұғанасы бекіп келеді. FSKA (Funakoshi Shotokan Karate Association) тұжырымы бойынша өткен осы әлем чемпионатында Қазақстан атынан жалғыз өзі атой салса да, намысты қолдан бермегеніне қатты қуандым. Сенім де, төгілген тер де ақталды. Әлемнің жиырмадан астам елінен 600-ге жуық спортшы қатысқан дүниежүзілік турнирде 13-14 жастағы қыздар арасында каратэ-до шотаканның ката бағдарламасында 4 кездесу өткізіп, итальяндық қарсыласына ғана жол беріп күміс алса да, кумитэ бағдарламасында 9 жекпе-жек өткізіп, 2 алтын еншіледі. Алдымен, тағы бір итальян қызын жеңген Бэлла қара белбеу иелері арасында өткен чемпионаттың басты бәсекесінде португал қызын тізе бүктірді, — дейді.
Ерекше атай кететіні, Бэлла Самашева XIX рет өтіп отырған FSKA тұжырымы бойынша өткен әлем чемпионатында 5 мәрте жеңімпаз атанған. Сондай-ақ, WSF тұжырымы бойынша былтыр Польшада өткен әлем чемпионатынан күміспен оралған еді. «Абырой» спорт клубында жаттығып жүрген Бэлла 16 қарашада Чехияда сарапқа салынатын WSF-тің Әлем Кубогінде бақ сынап, ел абыройын қорғамақ.
Ермұрат Назарұлы

(9)