mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Зейнетақы активтері тиімсіз жұмсалып жатыр ма?

Үкімет отырысынан кейін осы сауалға жауап берген ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев: «Біздегі мәліметтерге сәйкес, 1 қарашада зейнетақы активтерінің көлемі 7,5 трлн теңгені құрады. Салымшылардың шотына 462 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық табыс бөлінді. Бұл – 6,68 пайыз Ал осы уақыт аралығында инфляцияның көлемі – 4,2 пайыз. Осы жылы табыс жоғары болды. Сондықтан зейнетақы активтері тиімсіз жұмсалып жатыр деп уайымдауға негіз жоқ. Өкінішке қарай, әртүрлі мерзім көрсетіліп, түрлі сандар жазылған есептер бар. Олар халықты шатастыруда. Ашығын айтсақ, 9 айда зейнетақы активтері кірісінің есебі алынып, ол жылдық инфляция мөлшерімен салыстырылады. Бұл – дұрыс емес. Мен жоғарыда зейнетақы активтерінің кірісі инфляция мөлшерінен жоғары екенін көрсететін цифрларды атадым. Сондықтан қаржы тиімсіз жұмсалып жатыр деп уайымдауға негіз жоқ»,— деп, көпшіліктің алаңдаушылығын басқандай болды.

Бұдан кейін валюта нарығына тоқталған ведомство басшысы: «Қазіргі таңда елімізде бұл жағдай тұрақты. Айырбастағы теңгенің бағамы жоспардағыдай. Айырбас бағамына түзету енгізуге алғышарттар көріп тұрған жоқпыз. Сондай-ақ, жылдың соңында экспорттаушылар тарапынан шетелдік валютамен салықтық төлемдерді беру ұсынысы артады. Бұл теңге бағамының өсуіне жоғары мүмкіндік береді»,— деген болжамын айтты.  Ал, RBK банкінің мәселесіне қатысты: «Үкімет отырысында RBK банкінің мәселесі бойынша нақты шешім қабылданды. Үкімет Ұлттық Банк және квазимемлекеттік холдингтермен бірігіп, аталған банкті сауықтыру бойынша жұмыстарды белгіледі. Банктің 600 млрд теңгеге бағаланған проблемалы портфелі мамандандырылған компанияға беріледі. Ол компанияның тікелей банк жұмысына қатысы жоқ. Осының нәтижесінде банк проблемалы портфелі бойынша тиісті жұмыстарды жүргізеді. Бұл жұмыс Ұлттық банк пен квазимемлекеттік компаниялардың қаржысы есебінен жүреді. Осы қаржы бұған дейін несие ретінде берілген. Осыдан кейін инвестор RBK банкін 160 млрд теңгеге капитализациядан өткізеді»,— дей келіп, мұндай шешім шешім неге қабылдағанын: «Біріншіден, осы банкте еліміздің көптеген азаматтарының қаржысы сақтаулы. Оның мөлшері – 108 млрд теңгеге жуық. Оның ішінде жеке азаматтардың 28 мың шоты мен депозиті бар. Сондықтан банкті сауықтыруға шешім қабылданды. Сондай-ақ, азаматтарымыздың жинаған ақшасын қорғау назарға алынды. Банк алдағы уақытта тиісті процедураларды жүргізеді. Ұлттық банктің банк секторын сауықтыру бағдарламасына RBK банкі де қатыса алады. Тиісті жұмыстардың нәтижесінде біз «сау», проблемалы портфелі жоқ банкті аламыз», — деумен түсіндірді.

Қазақстан Қор биржасының 2017 жылғы 1 қарашадағы мәліметі бойынша, РБК-нің акционерлері ретінде 9 тұлға көрсетілген.  Олардың қатарында: «Фон-инвест» мүліктерін басқару дирекциясы (Бірінші Президент қорының бір бөлімі) — 19,4%, Фарид Люхудзяев —9,53%, Темир Джумаев — 9,25%, Дінмухамед Ыдрысов — 7,52%, «Нур-ЭкспортНС» серіктестігі — 6,97%, Владимир Ким — 6,75%, Уәлихан Нұрмухамедов — 6,74%, Бахаридин Аблазимов — 5,5%, Игорь Мажинов — 5,51%. Ал 1 қыркүйектегі мәліметке сай, РБК банкінде жеке және заңды тұлғалардың 588 млрд теңге депозиті бар. Және  Ұлттық банк —150,7 млрд,  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры — 49 млрд, «Даму» қоры —13 млрд, «Қазақстан Даму банкі» — 10,7 млрд,  Аграрлық несие корпорациясы — 10,4 млрд теңге кредит берген, яғни ақша құйған. Ал, «Дельта» банк жабылатын болды. Бас банк оны сот арқылы лицензиядан айыруға кірісті. Ал жеке тұлалардың 126 млн теңге депозитін «Депозитті кепілдендіру қоры» өтейтін болады.

(7)