mm
Халықаралық "Қазақстан-Zaman" қоғамдық-саяси газетінің журналисі. Отбасы, білім, мәдениет-өнер бөлімдеріне жауапты.

Жүрегі мейірімге толы жан

Ұстаз — еңбегі өлшеусіз дара тұлға. Өзгенің баласын өзегінен теппей, керісінше, өзіне тартатын қасиеті, мейірімі мен қамқорлығы өз алдына бөлек әңгіме ғой, шіркін!..
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбиенің бастауы болған абзал жандар қашанда құрметке лайық. Сондай жандардың бірі де бірігейі — Ғ. Мүсірепов атындағы № 86 мектеп-гимназиясында 40 жыл бойы үзбей еңбек етіп келе жатқан ардақты ұстаз Ахимбекова Разхан Төлепбекқызы. Ол — саналы ғұмырын бала болашағына сарп еткен жан.
Жалпы педагогикалық жұмыс өтіліне 50 жыл толған оны көпшілік мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, талай жастың арман-қиялының орындалуына себепкер болғандығын жақсы біледі.
Өнегелі ісімен өскелең ұрпаққа да өзіндегі барды беруді ойлайтын Разхан апай — еңбегі еленген ұстаз. Біз оны «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Әдіскер- ұстаз», «Майталман-ұстаз» деген тағы да көптеген медаль наградаларынан білдік.
Айтулы күнде мектеп директоры Қалдықыз Айтжанқызы: «Құрметті Разхан Төлепбекқызы! Сізді өмірден түйгені мол, кемел ойлы тұлға ретінде жақсы білеміз. Терең біліміңіз, берік ұстанымыңыз, іскерлік қабілетіңіз бен адамгершілік қасиетіңіз бәрімізге үлгі. Сіздің қолыңыз ашық, жаныңыз жомарт екендігіңізді, қамқор да талапшыл ұстаз, аяулы ана, ардақты әже ретіндегі абзал қасиеттеріңізді, бір сөзбен айтқанда, өнегеңізді өмірімізге азық етуге тұтарлық екенін мақтанышпен айта аламыз. Сіз қажырлы еңбегіңізбен, тындырымды ісіңізбен және қарапайым да парасатты салмақты мінезіңізбен үлкен абырой-беделге ие болған ұжымымыздың тәжірибелі, үздік маманысыз. Сіз өз мерейтойыңызға лайықты да зор құрмет көрсетуге тұрарлық жетістіктеріңізбен келіп отырсыз. Еңбек жолыңызда талай белеске шығып, ұжымның, туған-туыстарыңыздың, достарыңыздың құрметіне бөлендіңіз. Таңдаған жолыңызды абыроймен жалғастырып, тамаша шәкірттерді, жас мамандарды, балаларыңызды, немерелеріңізді тәрбиелеп өсірдіңіз. Сіздің өміріңіз — нағыз майталман маманның, ұлағатты ұстаздың, ардақты ананың жолы. Бүгінгі мерейтойыңызда сізге және туыстарыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, еңбекте тың табыстар мен өмірдің асқақ абыройын тілейміз!» — деп, ақжарма тілегін айта келе, ұлағатты ұстазға қазақтың дәстүрі бойынша сәнді комзол кигізіп, саусағына алтын жүзік тақты.
Расында да осыншама уақыт ұжымда сыйлы, беделі зор ұстаздың шәкірттері де бүгінде осал жандар емес екен. Бірі Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, бірі Астана қаласында қуыршақ театрының директоры, бірі заң қызметкері, ал енді бірі экономист, журналист болып, белді жерлерде қызмет етуде…
Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі шәкірт үшін дәл сондай жарық һәм қастерлі ғой. Мектеп ұстаздарының сөзіне қарағанда, Разхан апай мейірімге толы жүрегімен талай шәкірттерінің ағаттығын кешіре білген мейірбан жан екен. Еңбекқор тұлғадан көкейде жүрген бір-екі сауалымыздың жауабын алған едік.
— Разхан апай, мерейтойыңыз тағы да құтты болсын! Ұжымыңыз сіз үшін ерекше дайындалыпты. Әсеріңізбен бөліссеңіз?
— Рақмет, айналайын. Тату-тәтті, бірлігі бекем Қазақстан деген өз Отанымда әріптестерімнің барлығы дерлік өз туғанымдай болып кеткен. «Мектеп» атты осы бір киелі шаңыраққа 50 жылымды арнаппын. Осы күнге жеткізген Аллаға мың да бір шүкір! Маған осындай құрмет көрсетіп жатқан ұжымыма алғыстан басқа айтарым жоқ.
— Оқушыларыңызға және жас мұғалімдерге қандай өсиет, ақыл айтасыз?
— Осы мектепте 1978 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Мектеп — екінші қара шаңырағым. Бұл 12-мектептен кейінгі бетке ұстар қасиетті қазақ мектептерінің бірі. Балаларға мен көбінесе адамгершілік пен тәрбие жөнінде көңіл бөлемін. Өзімнің ұстаздық тәжірибеме сүйене отырып ұстаздарға: «Көзінің ағы мен қарасындай баласын сендерге әкеліп табыстады, соны білімді және адамгершілігі мол адам етіп шығару сендердің мойындарыңда», — деп үнемі айтып ескертіп отырамын. Қазіргі жастарға айтарым — үнемі ізденісте болып, шығармашылықпен жұмыс істеп, еңбектенсе деймін. Баласына кімнің қандай білім беріп жатқанын ата-анасы күнделікті қадағалап отырады. Сондықтан олардың алдында беделді болу үшін шәкірттеріне дұрыс білім беру керек.
— Мектеп мұғалімдерінің көп айтатыны — қағазбастылық. Осы мәселе жөнінде сіздің айтарыңыз?
— Заман талабына байланысты ісқағазбен жұмыс істеу маған қиындық тудырып жатқан жоқ. Кейбір мұғалімдердің айта беретін қағазбастылық дегені жай сөз. Мұғалім күнделікті ісін күнде тиянақты атқарып отырса, қиын жағдайға душар болмайды. Ұстаз деген атқа лайықты болу үшін семинар мен курстарға қатысып, өздерінің білімін де жетілдіріп отыруы тиіс. Себебі күннен-күнге дамып келе жатқан ақпарат заманында өз-өзімізді жетілдіріп отырмасақ, ұстаздығымызға сын болар.
— Елбасының жарлығымен кириллицадан латын әліпбиіне көшейін деп жатырмыз. Латынға көшуді алдымен мұғалімдерден бастамақшы. Осыған сіздің көзқарастарыңыз қандай?
— Латын әліпбиі бұрын біздің елде қолданыста болған. Сондықтан өз басым құптаймын және бұл көп қиындық тудыра қоймас. Елімізде іске асатын әрбір реформаны алдымен мұғалімдерден бастайтын болғандықтан, латынша оқып-жазуды әлі-ақ үйреніп кетерміз.
PS: Абыройлы, тәжірибелі ұстазға халықаралық қоғамдық-саяси «Қазақстан ZAMAN» газетінің ұжымы алдағы уақытта да өмірі мәнді де сәнді болсын, әдемі қартайсын деген тілек айтады.

Жұлдыз Әбіл

(6)