mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Экс-министрге психологиялық қысым көрсетілген бе?

31 арна: «Ақша жымқырды деген айып тағылған Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы алғаш рет сұхбат беріп, елге осындай шындықты айтты. Экс-министрдің анасы Альмира Нұрлыбекова ұлына жасалған қысым туралы айтып, сотта оның қорғаушысы болатынын жеткізді»,— деп хабарлайды. Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа 7 бөліп, 346 миллион теңге пара алды және Қызылордадағы әйнек зауытының құрылысына бөлінген 1 миллиард 200 миллион теңгені жымқырды деген айыптар тағылған болатын. Ұлттық бюроның мәліметінше, «Болашақтың» түлегі бұл іске қарамағындағылармен бірге туған бөлесін де тартқан. Осы іс бойынша айыпталған 23 күдіктінің 20-сы кінәсін мойындаса, Бишімбаев бастаған үшеуі ғана келіспей отыр. Кінәларын мойындағандар арасында «Бәйтерек –Development» басшысы болған Бақыт Жақсыбаев, оның бұрынғы орынбасары,  Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыповтың ұлы Аслан Жақыпов бастаған 20 адам бар. Альмира Нұрлыбекова: «Ұлымды қамауға алғаннан соң, олар өз жауаптарын өзгертіп, бұл ақшаның барлығына Қуандықтың қатысы бар дей бастады. Ал айыбын мойындаудан бас тартқан ұлыма тергеу абақтысында айлап психологиялық қысым көрсетілді. Мәселен, ондағылар ұлыма: «Әке-шешең болмайды, қайтыс болып кетеді. Әйелің кетіп қалады. Балаларың өсіп кетеді. Ал сен айыбыңды өз басыңа алатын болсаң, түрмедегі уақытыңды 15 жылдан азайтамыз»,— деп бопсалаған. Баламды  адам зорлаған күдіктімен бірге жатқызып, таңғы 6-дан түнгі 10-ға дейін тар бөлмеде жатпақ түгілі, отыруға болмайтын абақты азабын да тартқызған. Соған қарап мен ұлыма қатты психологиялық қысым көрсетілген деп ойлаймын»,—  дейді көз жасын тоқтата алмай. Бұрын Мәжіліс депутаты болған,  бір жылға жуық сары уайымға салынған Қуандықтың әкесі Уәлихан Бишімбаев отбасылық трагедияны көтере алмай, жүрегіне ота жасатыпты. Қуандықты айналасындағылар сатып кетті деген ол: «Ұлымның ең үлкен өкініші — Елбасының сенімінен шыға алмағаны. Басқасын алып қойғанда, бірінші орында Елбасы, ол кісінің сенімі тұрған еді. Әрине, бұл жанұямызға, ата анаға, білім қуғандардың отбасынан шыққан, үш дипломы бар Қуандықтың өзіне үлкен трагедия болды, мұндайды күтпеген едік. Абақтының азабы мен дүйім жұртқа миллиардтарды жеп қойды деп аты шыққанына күйінген ұлымыздың шашы ағарып, қан қысымы көтеріле бастады. Төрт баласының үлкені алдағы жылы мектеппен қоштасса, ең кішкентай төрттегі қызы «әкем қашан келеді» деп күнде сұрайды. Қуандықтың атында Ұлттық бюро айтқандай Қосшыда миллиондарға салынған үйі жоқ. Ол құрылысы бітпеген монша ғана. Ал, оның істі болуына «Шыны королі» атымен әйгілі Мұратхан Тоқмәдидің қатысы болуы мүмкін. Біздің сот жүйесінде адам айтқысыз «ғажайыптар» бола береді ғой. Егер айыптарын мойындаған бірнеше күдікті соттан босап шықса, оған біз еш таңқалмаймыз»,— деп отыр. Ал кімнің ақ, кімнің кінәлі екенін тек сот қана анықтары анық.

(10)