«Құндылықтар негізінде білім беруге» арналған конференция өтті

Еліміздің білім беру саласындағы айтулы оқиғалардың бірі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ң IX Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының екі күндік жұмысы қорытындыланды. Салтанатты шараны Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің көлеңкелер театры «Рухани жаңғыру» атты жаңа қойылыммен бастап, көрермендер қошеметіне бөленді. Ал, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ң Басқарма төрайымы Шәмшидинова Күләш Ноғатайқызы қатысушыларға сөз арнап, «Білім берудің жарқын болашағына арналған құндылықтар, әл-ауқаттылық және инновация» тақырыбында баяндамасын оқыды.


Білім беру саласындағы белгілі фин сарапшысы Паси Салберг «Білім берудегі жаһандық реформалар мен мемлекеттік білім берудің болашағы» тақырыбында тыңдаушыларға баяндамасын таныстырды. Ал Сингапурдың ұлттық білім беру институтының директоры Он Сен Тан «21 ғасыр мұғалімінің құндылықтары мен құзыреттілігі» тақырыбында өзінің мазмұнды да қызғылықты, өзекті баяндамасымен қатысушыларды баурап алды. Пленарлық отырыстан кейін дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы стратегиялық серіктестер – әлемдік білім аренасының көшбасшыларымен кездесу өткізді. Білім саласындағы инновация панельді және секциялық отырыстарда жалғасты.
«Рухани жаңғыруға» арналған арнайы секцияда, Қазақстанның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, қазіргі замандағы жетістіктеріне арналған талқылаулар өтті. Атап айтқанда «Туған елге тағзым», «Жүз күйдің тарихы», «Екі апта ауылда», «Қазақ әндері» секілді зияткерлік мектептерде енгізілген жобалар көрініс тапты. Сондай-ақ конференция аясында Ньюфелд Институтының директоры, психолог Гордон Ньюфелд, «Cambridge assessment» директоры Тим Оутс, OECD ұйымының білім департаментіндегі ерте балалық және мектеп бөлімінің жетекшісі Юри Белфали баяндамаларын оқыды. Бұл күні елімізге белгілі доктор Мақпал Жадринаға «Уақыттан оза туған» симпозиумы арналды.
Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған мың жарымнан аса қатысушы қазіргі заман адамзатына маңызды білім саласындағы ортақ проблемалар мен перспективаларды жан-жақты зерделеп ой түйді.
Әнуар Жаманқұлов, Атырау қаласындағы Н.Ә.Назарбаев
Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметінің жетекшісі

(27)