mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Қаз дауысты Қазыбек би: «…Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз…»

БАБАСЫН ҰЛЫҚТАҒАН ӘКІМ

«Ұлық болсаң, кішік бол» дейді бабадан жеткен тәмсіл. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлы Қошановтың қазақы мінезі, ата-баба дәстүріне жетік болмысы, рухани жаңғыруға қосып жатқан үлесі даналар сөзін санасына құйып өскендігін көрсетіп берді. «Түрі игіден түңілме» деген қазақ, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп, игі іске бастамашы болған баласын үнемі қолдап, қорғап отырғанын да білеміз.
Ел басқарған азаматтың қадір-қасиеті туған елінің тілі мен дініне, көне тарихына терең тамыр жіберуінен басталатыны белгілі. Сенім биігінен көрінген баласына елі мен жұртының ілтипаты да ерекше болатыны тағы ақиқат.
Ел басқарып жүрген көптеген басшылардың көзіне қамшы тиген аттай жасқаншақ, буыны кеткен мәстектей сүріншек келетіні ұлттық рухтан алыстап кеткенінен. Ондайларға билік қамшысын ұстатудың өзі қауіпті. Өйткені асыл мен жасықты ажырата алмайтын, көлеңкесінен қорқатын әкім-қаралар елге тұтқа бола алмайтынын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын таза қазақ тілінде жариялауында асқақ мән-мағына, үлкен астар жатыр білгенге. Ел болашағы кімнің қолында екенін, ертеңгі жарқын өмірдің коды ұлтжандылықта болатынын сыналап болса да жеткізе білді Елбасы. Оны терең ұғынып, іс етер азаматтың ұтары көп…
Қарағанды қаласында Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өте үлкен деңгейде аталып өтті. «Ұлы қазақ ойшылы Қазыбек бидің қызметі мен шығармашылық мұрасы — қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды факторы» тақырыбымен өткен алқалы жиынға Ресей, Түркия мен Өзбекстан ғалымдары қатысты. Еліміздің зиялы қауым өкілдері мен тарихшылары да конференцияның биік деңгейде өтуіне күш салды.
Салтанатты жиында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов:
— Өткенді білмей, бұқаралық сана жаңғыруы мүмкін емес. Біз ұлттық код дейміз, ұлттық кодты ояту арқылы ғана біз жаңғыра аламыз. Ұлы Қазыбек бидің мұрасы қоғамдық сананы жаңғыртудың факторы деп конференция тақырыбын атағанымыз да сондықтан. Қара қылды қақ жарып, билік айтқан кемеңгер бабамыздан ұшан-теңіз мұра қалды. Оны зерттеп, ұрпаққа аманат ету — бүгінгі ғалымдардың абыройлы міндеті, — деді.
Алыс-жақыннан жиналған қонақтар әуелі Қаз дауысты Қазыбек би ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан соң Қарағанды мемлекеттік университетіндегі кітап көрмесін тамашалады. Мұнда «Қаз дауысты Қазыбек би және оның тарихи заманы» атты жаңа монографияның тұсауы кесілді.
«…Біз Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз…» деп, қаз дауысты Қазыбек би бабамыз айтқан сөз санамызда жаңғырып тұр. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы-ау. Кемеңгер бидің кесек-кесек сөздері ауыздан-ауызға тарап, аңыз боп қалды. Биге ескерткіш орнатылып, мұрасы зерттеліп жатыр. Әлбетте, біз біле бермейтін бабадан жеткен тағылымды дүниелер көп-ақ. Оның бәрін зерттеп, зерделеу күн тәртібінен түспейді деген ойдамыз.

ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ШАПАНЫ 60 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ТҰРАДЫ

Дамыған елдерде көнеден жеткен құнды дүниелер аукцион арқылы бәленбай миллион долларға сатылып жатады. Қызығушылық күшті. Әлемге танымал тұлғалардың көйлегінің түймесі мен қолына ұстаған инесі де қастерлі. Ал бізде ше? Жасырмайық, салғырттық басым. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазыбек би бабамыздың шапаны туралы әңгіме тарағанда елеңдесіп қалғанымыз рас. Себебі, тарихқа көз жүгіртсек, шешен бабамыз Қазыбек би 1665-1755 жылдар аралығында өмір сүрген. Жарайды, жүз жылды шегеріп айтсақ, аталмыш шапан 250 жыл бойы қайда сақталды, қалай сақталды? Бұл енді жұмбақ еді. Қызығушылығымыз оянғанын несін жасырайық? Сөйтсек, біздің халқымыз ғана емес, көнеден жеткен оқалы шапан да біраз теперіш көріпті.
Қарқаралы жақтағы Едіге ауылындағы Қазыбек бидің ұрпақтары бабаның көзі болған шапанды шамалары келгенше көзден таса ұстауға тырысқан. Алайда қуғын-сүргін басталған жылдары большевиктер шапан жайлы естіп, оны құртуға тырысады. Бұл хабар сенімді адамдар арқылы бидің ұрпағының құлағына тиеді. Не істемек керек? Ағайындар ақылдаса келе дауыл басылғанша шапанды түзге жасыруға байлам жасайды. Өйткені бұл шапан табыла қалған күнде оны сақтаған жандарға аяушылық жоқ еді. Осыны білгендіктен, шапанды неғұрлым аулаққа апарып тығуға тырысады.
Сасқалақтап шапанды сыртқа ала жүгірген әкесінің соңынан ере шыққан 15 жасар Алтын Қожахметов осының бәрінің тірі куәгері-тін. Ойын баласы шапанды шөмеле астына қазып тыққанын, екі жыл жер астында жатқанын есінде сақтап қалыпты…
Ертесіне қызыл коммунистер келіп, үйдің ішін астан-кестен етіп тінтіп шапанды іздейді. Таба алмайды. Көрші-көлемнен сұрастырады. Ізім-ғайым жоқ. Олар жай кетпейді, қоқан-лоқы көрсетіп, зәрелерін ұшырып кетеді. «Егер табыла қалса, ескілікті көксейді, бай-билердің кезеңін аңсайды» деген жаламен жер аударатындарын, тіпті ату жазасына кесілетіндерін қадап айтады.
Осыдан кейін «Байтал түгіл, бас қайғы» тіршілік басталады. Шөмеле астындағы шапанға тірі жан жоламайды. Асылдың көзі қамқа шапан екі жыл қараусыз жатады. Кейін ұмытыла бастады-ау деген уақытта үйге әкеліп, жасырып ұстайды.
Екі ғасырдан астам тарихы бар шапан матасының асылдығы, жіптерінің құндылығы арқасында бізге жетіпті. Әйтседе шапан әбден тозған еді. 20 пайыздай жері ғана бүтін. Салғырттық емей немене, шапанның әр тұсынан ырымдап қиып алғаны да анық байқалып тұрыпты. Бұл енді қазақтың бір ырымы — тәбәрік алудың «жемісі». Осының салдарынан құнды дүние тілім-тілім болып ұстағанның қолында кеткенге ұқсайды.
Шапанның нәубет жылдардағы қасіретіне куә болған Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылының тұрғыны, ұлы бабамыздың алтыншы ұрпағы Алтын Қожахметов ақыры шапанды мұражайға тапсырған еді.
Реставрацияға қажетті табиғи заттарды табу қиынның-қиыны екенін біреу білсе, біреу білмес. Мәселен, Суретшілер одағының мүшесі, реставратор Тұрсынкүл апай Қазыбек би бабамыздың шапанын қалпына келтіру үшін қажетті зерлі жіпті іздеп Бұқараға дейін барыпты. Матасы 18 ғасырда Үндістанда жасалған көрінеді. Оны іздеуге де көп уақыт кетіпті.
Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында облыстық өлкетану мұражайындағы Қазақстанның Ұлттық мұражайы қорынан әкелінген Қаз дауысты Қазыбек бидің шапанын көруге әдейілеп бардық. Кеңес өкіметі дәуірінде ұзақ жылдар жасырын сақталған жәдігерді қалпына келтіру үшін Тұрсынгүл Жайлаубаева екі жыл уақытын сарп етіпті. Не деген жанкештілік еңбек десеңізші?! Нәтижесінде, үш жүз жылдық тарихы бар шапан күні кеше ғана тігілгендей түрленіп шыға келіпті.
Ал қазір мұражай қорындағы бұл дүниенің бағасы «60 миллион теңге» деп көрсетілген. Яғни өте құнды дүние. Асылды бағалай білгенге не жетсін!

БИДІ ҰЛЫҚТАУ ЕЛДІКТІ ДӘРІПТЕУ ЕМЕС ПЕ?

Қазыбек Келдібекұлы — қазақ халқының XVII-XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін Болатқожа атасынан шыққан ол, 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек есімдері елге белгілі әділ билер болған.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, 350 жылдық мерейтойды атап өту 19 тамызда Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ кентінде басталған болатын. Ауыл маңына жүздеген ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Ат шаптырып ас берілді. Мерекелік шаралар барысы Қазыбек би ескерткішіне гүл шоқтарын қою және құран бағыштаудан басталып, көрермендер назарына мерекелік концерт пен спорттық сайыстар ұсынылған еді. Сол күндері Қаз дауысты Қазыбек би жолымен «Бабаларға тағзым!» автокеруені жолға шықты. Керуенге ілескендер 7 көлікпен Қарқаралы, Бұқар жырау, Жаңаарқа және Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Ташкент, Науаи, Шымкент, Тараз, Балқаш қалалары, Ақтоғай және Шет аудандары арқылы жүріп өтіп, 30 тамызда Қарағанды қаласында мәреге жетті. 20 тамызда Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында Моңғолия, Қытай, Қырғызстан және Қазақстанның ақындары қатысқан халықаралық аламан айтыс болды. Дәстүрлі тойлау қазақ күресімен жалғасын тауып, елдің рухын оятты… Қазыбек бидің 350 жылдығын тойлау мұнымен тамамдалмады. Үш ай аралығында түрлі халықаралық конференциялар өткізілді, жыршы-термешілер республикалық байқауы ұйымдастырылды, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында өзара серіктестік туралы меморандум жасалды.
Осы орайда айтарымыз, баба қаны тамырында бүлкілдеп соққан облыс әкімі Ерлан Жақанұлынан үш жүзге аты мәшһүр Қазыбек бидің мерейтойы атаулы мерекелермен шектелмей, үнемі жаңғырып, рухани болмысымыздың қайнар бұлағына айналса деген тілек айтқымыз келеді.

БИЛЕР СОТЫНА ОРЫСТАР НЕГЕ ЖҮГІНДІ?

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген мақал кейде бізге қарата айтылғандай көрініп тұратыны бар. Тасқа қашалған тарихымыз бола тұра, данышпан бабаларымызды қаншалықты ұлықтап жүрміз? Үш жүздің бетке ұстар үш биі — Төле, Әйтеке, Қазыбекке Астанадан өзге қай өңірде ескерткіш тұрғызылды? Үш бидің сара жолын жалғастыратын шешендік мектеп тәуелсіздік алған 26 жылда қалыптасып үлгерді ме? Әз Тәукенің заманындағы «Жеті жарғының» күш-қуатынан асатын сот жүйесі бізде қалыптасты деп айта аламыз ба? Бір ауыз сөзге тоқтаған ата қазақтың бүгінгі ұрпағы неге өз қағынан жеріп жүр? Сауал көп. Жауап аз.
Пленарлық отырыс барысында конфе-ренцияның Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы жақсы бір ой тастады. «Билер соты даладағы халық арасында жалпыға бірдей беделге ие болды. Қазақстандағы орыс этносы да көп жағдайда империялық соттан гөрі әділетті қазақ билерін таңдады. Мысалға, мынадай қызық дерек бар: 1859-1865 жылдары Көкшетау сыртқы округінде орыстар билер сотына 117 рет жүгінгені тіркелген. Баянауыл округінде 65 шағымның 63- і қазақ билерінің әділетті сотына берілген. Осы кезде Ақмола округінде барлық 41 өтініш билер сотын таңдаған. Сөйтіп, империялық ресейлік соты көпұлтты халық артық көрген қазақ билер сотына бәсекелестікке жарамаған. Патша үкіметі XIX ғасырдың 60-90-жылдары билер сотын түбегейлі ыдыратты. Ол отаршыл биліктің жалпы империялық басқару ісін енгізуіне кедергі жасады. Қазақтың озық зиялы қауым өкілдері билер соты бұрынғыша қалуын жақтады. Мысалы, белгілі ағартушы, ғалым Шоқан Уәлиханов нақ осындай ұстанымда болды. Қазақстанда осы ежелгі билер сотын бірте-бірте және абайлап қазіргі сот жүйесіне енгізу қажет сияқты» деді. Тарихшының бұл ойы отарланған санаға сына қақса, қанекей?!
Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың 350 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда көптеген өрелі ойлар айтылды.
Жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлы-ғының иегері Алдан Смайыл мырзаның парасатты пайымы көзі қарақты жұрттың талғам-таразысына сай келгендей көрінді.
— Біздің елімізде жазушы Оралхан Бөкей оқулары болып тұрады. Тап осы үрдіспен Қазыбек бидің туған жерінде жыл сайын қазақтың шешендік өнерінің байқауын өткізіп тұруымыз керек сияқты. Ел басқарған тұлғалардың тағылымды өмірі бүгінгі ел басқарып отырған азаматтарға үлгі болып, шешендік өнерін үйренсе, сол билер сияқты сөйлеуге талпынса, қандай жарасымды?! Біз осыны қолға алуымыз керек. Шешендік сөз, әділетті ұстаным Қазыбек бидің ғана қасиеті болып кетпеуі керек, басшыларға да жұғысты болса дегім келеді. Ұрпақтан-ұрпаққа осы шешендік өнерді алып шығу берік ұсатыным негізі болып қаланса, құптарлық іс болар еді…
Қоғам қайраткері, филология ғылым-дарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің түркітану кафедрасының меңгерушісі Мырзатай Жолдасбековтың тұжырымды көзқарасы да салмақты шықты:
— Сөзі пәтуәлі, кесімі дуалы Қазыбек би — қазақтың кемеңгері. Ол бар күш-жігерін қазақ хандығын күшейтуге арнады. Жоңғар хандығының біржола құлауын қамтамасыз етті. Ханның сенімді ақылшысы, халқының ханға бергісіз биі болды. Ел тыныштығының елшісі болды. Қазақтың сөзге тоқтаған, кісіліктің салтанат құрған кезеңі үш бидің тұсында анық аңғарылады. Олар қазақ даласындағы сот реформасын жандандырды. Қаз дауысты Қазыбек би — Қарағанды облысына ғана емес, исі қазаққа ортақ тұлға! Осы жерде айтқым келетіні: Қазақтың үш биінің тағылымдық білімін біз қалыптастыра алмай келеміз. Оларға неге ғылыми зерттеу институттарын, арнайы дала шешендік мектептерін, даналық мектептерін ашпасқа? Билер оған лайық тұлғалар емес пе? Жастарды ата-баба дәстүрімен тәрбиелемесек, келешекте алдымызда не күтіп тұрғаны беймәлім.
Қазақтың тілін жетік білетін түрік жігіті, белгілі журналист Ахмет Аляздың Қазыбек бидің шешендік сөздері туралы баяндамасына жиналған қауым дүркірете қол соқты. Нақты зерттеулерге сүйенген, бұлтартпас оқиғалар негізіне құралған баяндама Қазыбек бидің тұлғалық портретін жан-жақты ашуымен есте қалды.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай мырзаның пікірі де ескеруге тұрарлық:
— Жылдың аяғына дейін Қаз дауысты Қазыбек жылы болып, бүкіл Қазақстанда жүргізіліп жатқан ірілі-ұсақты шаралардың әрқайсысының астарында біздің қазақ халқының ұйысуы, қазақ мемлекеттігінің нығаюы, қазақ жастарының біліміне, санасына қайтадан жаңғырту рухы сіңіп жатқанына мен қатты қуанамын. Конференцияда ел ғалымдарымен қатар, шетелдік қонақтар да дала данышпанының тарихи бейнесін, қайраткерлігін, шешендігін жаңа қырынан аша білді деп ойлаймын. Мұның бәрі егемендіктің арқасы!

ТҮЙІН:
Қазақта «Біткен іске сыншы көп» деген керемет мақал бар. Бұл кез келген игі істің күнгейі мен көлеңкелі тұсының болатынын білдірсе керек. Осы орайда аздаған датымыз бар. Конференция барысында Қазыбек би бабамыздың тарихтағы орны, қайраткерлік тұлғасы барынша ашылғанымен, баяндамашылар тарапынан кей мәселеде жаттандылық, таптаурын болған сүрлеуді айналсоқтап жүріп алу көзге ұрып тұрды. Бағзыдан жеткен аңызға бергісіз оқиғалар желісіне құрылған, тарихтан алшақ, дерексіз, дәйексіз ұстанымдар айтылып қалып жатты. Бұл Қазыбек би бабамыздың даңқын асқақтатпайды, керісінше, абыройына нұқсан келтіретінін тарихшылар сезінгені дұрыс-ау. Тарихи тұлғаны дәріптеу барысында тыңнан түрен салу тарихшыға зор абырой әкелмек. Осы ретте тарихшы ғалымдар атақты бидің үрім-бұтағының өмір жолына көз жүгіртіп, азаттықты аңсап, қасық қаны қалғанша күресіп өткен Мәди сынды ұрпағын сөз етіп, тектінің ұрпағынан тектілік жойылмайтынын тарих сахнасына алып шықса, қандай игі іс болар еді…
Сосын Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында қойылған «Қаз дауысты Қазыбек би» спектаклі де «бір қайнауы ішінде кеткен» дүние секілді көріне берді. Ылғи айқай-сүргін, дау-дамай. Соғыс-сойқан. Ұнжырғасы түскен халық. Оқиғалар желісінде тұтастық жоқ. Таптаурын болған намысты аяйсың. Жігерді жанудың орнына болмашыға талас-тартыс көп. Рухты көтеруге талпыныс көре алмадық. Езілген қараңғылыққа ез болып қашанғы жүреміз?
Ең қажетті нәрсе — бала Қазыбектің қабілетінің ұшталуы, қайраткерлік келбеті мүлде ашылмады. Керісінше, ышқынып сөйлейтін даукес, кіжініп отыратын қажыған бала биді көрдік.
Ұстамдылық, биге тән сабырлы қалып, данагөй даралық керек еді… Еңсені басар жорық маршы, тарсыл-күрсіл музыка әуені де көрерменді ығыр етіп, тыныққысы келген жүйкені шаршатып мезі еткенін айтпасқа болмас.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы қазақтың ұлы биі, қоғам және мемлекет қайраткері Қазыбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметі туралы деректі фильмнің түсіру жұмысын бастапты деп естіп едік. Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына орайластырылғанынан да хабарымыз бар-тын. Бірақ көре алмадық.
Алыстан ат арытып алдырған Ресей Федерациясының ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, Федор Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің профессоры Сорокин Юрий Алексеевичтің баяндамасы да «Мен не деймін, домбырам не дейдінің» кебін құштырды. Баяндамасының тақырыбы «Орыстың ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында болғаны туралы Омбы облысының мемлекеттік тарихи архивінің материалдары» негізіне құрылған. Әу, ағайын! Қазыбек би бабамызды ұлықтаған конференцияда тақырыптан ауытқуға жол беруге болмайды ғой. Ғалым сөз етіп отырған кезең Ресей басқыншыларының қазақ жеріне көз алартып, бекіністер салуға кіріскен кезі-тін. Ол кездегі жайт көзі ашық жұрттың бәріне белгілі нәрсе ғой.
Шынын айтайық, қазақ пен орыстың достығын дәріптеп, анау-мынауды қаузайтын тарихшылар өз арамызда да толып жүр емес пе? Сонау Ресейден тарихшы келді деп, арзан бедел жинау әлі де болса құлдық санадан арылмағанымызды көрсетіп тұрған жоқ па?
Өзбекстан Республикасынан келген ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Өзбекстан Республикасының Ғылым академиясының Тарих институтының профессоры Раджабов Кахрамон Кенджаевичтің «Қазыбек бидің қызметі және қазақ жүздері мен Бұхар хандығы арасындағы қарым-қатынастар» тақырыбында жасаған баяндамасында да терең толғаныс жетіспей тұрғанын кәнігі көздердің аңғарғаны анық…

Нағашыбай Қабылбек

(85)