“Сегізінші керемет” (ән-әуендер әсері)

Ән-әуеннің, жалпы музыканың адам баласының жан-дүниесін толқытатын құдыретті күш-қуаты жайлы аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ. Дегенмен, бұл қанша айтса да таусылмайтын ерекше дүние, өзгеше әсер-пайым болса керек. Себебі ол кез келген жанның өмір-тұрмысымен біте қайнасқан, шекара-шегі жоқ, тіпті тілі мен ділі бөлек жер бетіндегі бүкіл адамзаттың бәріне таныс-жақын, көпшілікке ортақ, табиғат берген қазына-байлық емес пе? Өйткені сүйіне де, күйіне де білу тек адам баласына бұйырған бақыт, несібе. Тек онда бір-біріне ұқсай бермейтін әр ұлттың, әр ұлыстың өзіндік ою-өрнегі, өзінің қызылды-жасылды нақыш-бояуы, болмыс-бітіміне байланысты жарқ-жұрқ еткен сезім фейерверктері бар екені даусыз.
Осы орайда, ән тыңдаған кездегі сөз бен әуен бірігіп, біртұтас дүние боп қабысып кеткендегі өнердің ғаламат әсерін тілмен айтып жеткізу оңай емес… Тек тыңдаушыда оны еститін құлақ, сезетін жүрек, пайымдайтын ақыл болсын деп қана тілейсің.
Бұл тұрғыда өз басым тыңдаушы ретінде ән мен әуенге, жалпы музыка деген құдыретке ерекше көңілмен ден қоямын. Әрине, мен ешқандай әнші де, музыкант та, музыка зерттеушісі де емеспін. Алайда сөздері мен әуендері келісімін тауып, біртұтас бүтін күйінде құйылып түскендей жүректі қозғайтын әндерді тыңдауды ұнатамын. Және мен сияқтылар бұл дүниеде аз емес болар деп те топшылаймын.
Мәселен, өзіміздің «МұзАрт», «Меломан», «Жігіттер», «Парасат», «Алашұлы», «Заман» тобындағы әншілер орындайтын шығармалар еліміздегі көпшіліктің көңілінен шығатынына күмәнданбаймын. Бір-біріне ұқсамайтын бұл музыкалық топтардың репертуар таңдауы, дауыс диапазондары, ән орындаудағы мәнерлері, сахналық киімдері, ырғақты билері бүгінгі қазақ эстрадасының, қазақ жігіттерінің биік шеберлік деңгейін сөзсіз дәлелдейтін факторлар дер едім.
Осыдан біраз уақыт бұрын «Парасат» тобы «Жеті ән» атты телевизиялық
хабарда /10-шілде, 2017 ж./ «Аяулым» атты әнді (әні Е. Белғозиевтікі, сөзі Т. Молдағалиевтікі ) орындады. Осындағы үш жігіттің әдемі әуезді дауыс тембрлерінің бір-бірімен үндесіп, бірін-бірі күшейте түсуі, әндегі лирикалық сұлу сезім мына өмірде шынайы махаббаттың бар екенін айқындай түседі. Сондай-ақ, сазгер Ұлықпан Жолдасовтың «Өмір-өзен», «Сәби бақыты» әндерін
(қателеспесем, «Заман» тобының жігіттері орындайды) бей-жай тыңдау тіпті мүмкін емес.
«Өмір-өзен ағады,
өкініштің алауы,
Жанымды өртеп барады…
Өмір-өзен ағады,
Менің жаным жаралы,
Қай жағада қалады…» — деп келетін әннің әр жолынан соң «әт-тең!!! …» деп аһ ұрғандай қайталанатын сәттер жабыққан көңілдегі ащы өкінішті, өмір-тағдыр жайлы терең философияны баяндайды. Өз басым осы әндерді қай кезде, қай уақытта тыңдасам да осы қазір, жаңадан естіп тұрғандай толқимын. Әсіресе сәби бақыты туралы ән айтылғанда бала деп елжіреген ана жүрегінің нәзік қылы үзілмесе де, үзілуге шақ қалады-ау… Ән әсері соншалықты — жан-дүниең жел соғып, дауыл тұрмаса да, теңіздей толқып тебіренеді.
«Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» деген сөздер айтыла-айтыла әбден жауыр болса да, оның шындығын мойындамау мүмкін емес. Қалай десек те, тек шынайы сезім, тек шын сүю мен шын күю ғана кісіні шын баурай алады.
Осы ретте Ғ.Жанайдың «Ханшайымым» атты әнін өзімше атап өткім келеді. Мәселен, «принц», «принцесса» деген атауларды бала кезімізде аңыз-ертегілерден оқып-білгеніміз бар. Хан мен ханшалар қазақ тарихында да болған. Ал, бұл өз сүйіктісін «ханшайымым» деп атап, оны Сүйіспеншілік Тағына отырғызған тұңғыш ән, алғашқы автор шығар-ау деп ойлаймын (бірақ менің де білмейтін нәрселерім бар болуы даусыз)… Бір қарасаң, оның мәтінінде асыл тастардай жарқ-жұрқ еткен жаңа ештеңе жоқ, бәрі күнделікті өтіп жатқан өміріміздегідей қарапайым әңгіме тәрізді, әйтсе де, сол қарапайымдылықтың астарында ерекше нәзік сезім, шынымен елжіреп тұрған жанның жұдырықтай жүрегінің дірілін сезесің. Мұның бәрі ән авторының, әрі орындаушысының терең талантының, әншілік ойлы-сырлы қасиетінің әсерінен болса керек.
Сол тәрізді кейінгі кезде тағы бір әдемі ән дүниеге келген екен. Ол «Сегізінші керемет» деп аталады. Біз дүниеде әлем жұрты көз тіккен жеті керемет бар екенін тарихтан, әдебиеттен білеміз. Ал автор «Сегізінші керемет» деп, өзі құлай сүйген махаббат иесін айтып отыр. Мұндағы автордың тапқырлығына, сөз құдыретіне, ой құндылығына сүйсінбеу мүмкін емес. Осылай сезінбесе, осылай толқымаса, мұндай жолдар ақын жүрегінен тумас еді… Әрі өз білімін, интеллектін ұтымды пайдаланудың да жақсы үлгісі-ау бұл…
«…Бес күндегі саған
ғашық адаммын,
Алты құрлық өзгерсе де, адалмын.
Жеті айналсам жердің бетін,
таппайтын
Сегізінші кереметі ғаламның!..»
Әнді орындайтын жас жігіт Қуандық Рахым. Ол шығарманы жанымен, жүрегімен түсініп орындайды. Ән мен әуен бірігіп, әнші сол құдыретті музыканың қанатында еркін қалықтайды. Жалпы, бұл ән дәл осындай жастарға өте лайық туынды дегім келеді.
Бұдан басқа, Мейрамбек Беспаев орындайтын ақын Есенқұл Жақыпбековтың сөзіне жазылған «Мұңлы жарық» деген әннің әсері жайында бірер сөз айтсам деймін. Есенқұлдың қандай талантты ақын екендігін көңілі ояу қазақ жұрты жақсы біледі. Ол өлеңде:
«…Жұлдыз неткен мұңлы жарық,
мұңлы жарық.
Көк шыққанға бір қуанып,
Шөп шыққанға бір қуанып,
Өмір өтті-ау, зырғып ағып,
зырғып ағып… » — деген жолдар бар… Ал енді осы тұнық сөздерге… терең құдықтан тартқан мөлдір судай сылдыраған мұңдылау әуенді қосып, оны Мейрамбектей әнші өзінің ешкімге ұқсамайтын сырлы дауысымен төгілте орындап тұрса, тебіренбей көр… Ол үшін үшін тас керең болуың керек шығар…
Таяуда Ресей телевидениесі арқылы «Удивительные люди» атты хабардың бір шығарылымын ( 15.09.2017 ж. 7-арнадан ) көріп қалдым. Сонда Михаил Молин деген жас жігіт музыкалық бір нотамен уілдеп ән айтқандай дыбыс шығарып тұрғанда қолындағы шыны фужер быт-шыты шығып, сынып кетті… Міне, дауыстың, дыбыстың, әннің құдыреті осындай да болады екен. Шыны шытынап сынып жатса, ет-жүрегіміз қалай жарылмайды десеңізші… Әннің құдыреті, сөздің құдыреті самалдай сипап аялайды да, қанжардай тіліп жаралайды да. Бұл ежелден белгілі жайт қой…
Рас, қандай әнді айтам десе де, өнерпаздың еркі бар, әлбетте. Бірақ бәріне талғам төреші. Ол да шын. Сол талғам дегеннің бір саласы өзіне, дауысына лайықты, ел-жұртқа жақсы әсер сыйлап, әдемі ой салатын шығармаларды таңдау болса керек. Оның үстіне тек жігіттер ғана, яғни ер адам, яки қыз-келіншектер, әйелдер айтуға тиіс, өзіндік адресі бар шығармалар кездеседі деп те есептеймін.
Мәселен, таяуда Қазақ радиосынан «Ақ тілек» бағдарламасы ( 28- тамыз, 2017 ж., сағ. 12- лерде) жүріп жатты. Тыңдармандар сұрауы бойынша ақын Қадыр Мырзаәлінің сөзіне жазылған «Жібек сезім» әні берілді. Шыны керек, әнді орындаушы үзілтіп, үзілдіріп керемет орындайды. Қыз дауысымен:
Айым да сен,
Күнім де сен,
Сүймесем, сені сәулем,
Дәл бұлай сағынбас ем…» — деп сызылта шырқайды….Ән мен әуенде, орындаушыда мін жоқ… Бірақ осы әнді қыз (әйел) емес, өр дауыспен, еркек мінез танытып біздің мықты әнші жігіттеріміздің бірі, яғни ер-азамат айтып жатса, қандай орынды, жарасымды, әсерлі болар еді!.. Әрі бұл Қадыр ақынның ой-сезіміне көрсетіп жатқан тағы бір құрмет-қошеметіміз болмас па еді…
Осыдан сәл бұрынырақ тағы да радиодан «Дудара-ай» әні беріліп жатты (бұл халқымыздың құлағына әбден сіңген, өз тағдыры, өз тарихы бар, шынайы махаббатты дәріптеуші, жолданған «адрестері» белгілі әндердің бірі ғой). Өзінің кең дауысымен, әннің нәзік иірімдерінің сынын келтіріп, сұлу мәнермен орындаушы жігіт, ер адам:
«… Дудар-ай, келер болсаң
тезірек кел,
Орныңа талай жаман таласып жүр…» — деп, әрі қарай әннің жолдарын қосып, әдемі аяқтайды. Бұл әншінің орындау шеберлігіне айтылатын сын жоқ. Әйтсе де, Мәриямнің жүрегінен шыққан сөздерді Мәриям тәрізді қыз-келіншектер айтса, келісімді бола түспей ме…
Жалпы, осындай көпе-көрінеу «адресті» әндерді орындауда жақсы таразы керек сияқты. Мәселен, Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін Ермек Серкебаев, одан кейін Әлібек Дінішев қалай шырқайды!.. Осы әнді бір әйел әншіге айтқызу ешкімнің ойына келмейтін болар… Әйтпесе, еркек айтатын әнді — әйел, бала айтатын әнді — ересек жан немесе ересектерге арналған дүниені бала-балапандар айтып жатса, ол әбестік болатын шығар. Құдайға шүкір, қазақта ән де жетеді, әнші де мол, музыкалық сарапшылар да аз емес, сондықтан бұл секілді азды-кемді мысалдар өз жөнін табады деп ойлаймыз.
Халық өнер адамдарынан әрдайым жақсылық, жаңалық күтеді . «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген де бар. Айналып келгенде халықтан жоғары, елден биік ештеңе жоқ. Біз үшін елге, жұртқа рухани қызмет етуден артық не болсын. Ол үшін бәріміз әрдайым ізденіс үстінде болуымыз керек-ау деп санаймын.
Кәмила Құдабаева

(89)