Президент латын қарпіне көшіру туралы Жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қазақ әліппесін кириллицадан латын қарпіне көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Онда осыдан 2 апта бұрын ұсынылған соңғы нұсқа бекітіліп, үкіметке латын графикасына орай Ұлттық комиссия құру жайлы тапсырма беріліп, 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшуді қамтамасыз ету жүктелген. Сонымен я, ю, ц, щ, э әріптері жоқ. Апострофтар – төбесіне үтір қою арқылы жазылатын нұсқа бекітіліп отыр.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек: «Басты проблема — біздің төл дыбыстарымыз дұрыс дыбысталмай, дұрыс берілмей келді. Сондықтан қазір тәртіп орнатып жатырмыз. Дұрыс айтып, дұрыс жазу үшін. Біз әріптерді емес, әліппені өзгертіп отырмыз. Қазақ тілінде 28 дыбыс бар, бірақ 32 жасадық, себебі өзге тілдерден алынған сөздер, тиісінше ф мен в сияқты әріптер жаппай қолданылады. Жалпы, латын қарпіне көшу — концептуалды маңызды қадам. Сол себепті мемлекеттік тілімізді өз тұғырына қондыру бүгінгі күннен бастап қолға мықтап алынды деп есептеймін. Бұзылған ережелерді қолдануға етіміз көндігіп кеткен жағдайы бар. Сондықтан тілді қазір бүкіл қатпарлармен артық дүниелерден арылту оңай болмайды. Бірақ игі істің мәні зор. Оған қоғам болып жұмылу біздің борышымыз», — дейді.

(14)