mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Жемқор шенеунік сотталып тынды

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданының әлеуметтік саласына жауапты болған Қайырғали Назаров алаяқтық жасағаны үшін абақтыға қамалды. Ол сыбайластарымен бірге мемлекетке 38 млн теңге шығын әкелген. Сот мәліметтеріне қарағанда, былтыр Мұғалжардағы спорт алаңдарының құрылысы мен саябақтарын жөндеуден өткізу үшін 87 млн теңге қаражат бөлінеді. Экс-шенеунік бұл қаржының 38 млн теңгесін алаяқтық жолмен қалтасына басыпты. Қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін ол өзінің қарамағындағы 10 елдімекеннің әкімін «Еңбек-Ақтөбе» кәсіпорынымен келісімге отыруға көндірген. Мемлекеттік сатып алу жөніндегі келісімшартқа сәйкес, құрылыс жұмыстарын сотталушылар жүргізуі тиіс еді. Алайда оларды алыс елдімекендерге жеткізе алмағандықтан, «Еңбек-Ақтөбе» кәсіпорыны екі бірдей қосалқы мердігермен келісімге келеді. Олардың біреуі шенеуніктің әйелінің туған інісі болған. Соңыра экс-шенеунік жұмыстың толық аяқталмағанына қарамастан, аудан әкімдеріне «Еңбек-Ақтөбе» кәсіпорынына қаржы аударуға тапсырма берген. Кейін сотталушылар ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өз қажеттеріне жұмсаған көрінеді.  Сотта Қайырғали Назаров өз қылмысын толықтай мойнына алды. Таяуда Мұғалжар аудандық сотының судьясы Н. Кендірбаева алаяқтығы үшін айыпталғандарға қатысты үкім шығарды. Оған сәйкес, 49 жастағы Қайырғали Назаров пен «Еңбек Ақтөбе» кәсіпорынының директоры Мұрат Кенжебаев мүлкі тәркіленіп, 3 жыл 9 ай мерзімге сотталды. Олар өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айрылды.  Ал құрылыс жұмыстарына қосалқы мердігер ретінде тартылған «ЕрҚайсар» мен «НовоселСтройСервис» ЖШС директорлары сот залынан бостандыққа шықты. Сот Серғазы Садихов пен Жанболат Машаевқа 3 жыл 7 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Жаза мерзімі біткенше, олар пробациялық бақылауда болады. Барлық сотталушыларға рақымшылық заңы қолданылған.

(9)