Астанада — әдемі көрме, ауылда — тозығы жеткен техника…

25-27 қазан күндері елордадағы «Көрме» орталығында «KazAgro — 2017» және «KazFarm — 2017» сынды Қазақстандағы ең ірі халықаралық көрме болып өтті. Биыл Қазақстанда сегізінші рет өткелі отырған бұл ауылшаруашылық көрмесіне Австралия, Белоруссия, Ұлыбритания, Германия, Египет, Иран, Испания, Италия, Қазақстан, Канада, Катар, Қытай, Польша, Корея, Ресей, АҚШ, Түркия, Украина, Франция, Чехия және Швециядан келген 300-ден астам компанияның өкілдері өздерінің жаңа өнімдерін жұртшылық назарына ұсынды.

Көздің жауын алады

«Іс-шараның негізгі мақсаты — ауыл шаруашылығындағы инновациялық жетістіктерді көрсету, бизнесті табысты дамыту үшін қажетті іскерлік байланыстарды алу мүмкіндігі, байланыс және іскерлік келіссөздер үшін тиімді байланыс алаңы, қатысушылар мен олардың өнімдерінің брендін жылжыту. Көрменің сапалы ұйымдастырылуы Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешеніне инвестицияларды тартуға және тұтастай алғанда саланы дамытуға ықпал етеді» дейді көрмені ұйымдастырушы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауаптылары.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев іс-шараға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде: «ҚазАгро /KazFarm — 2017 халықаралық көрмелері» Қазақстан Республикасының әлеуетін білдіреді және отандық агробизнестің шетелдермен ынтымақтастықты кеңейтуге дайындығына куә болады. Сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, ынтымақтастықты орнату және осы іс-шаралар аясында іскерлік диалог құру қазақстандық агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға елеулі үлес қосады», — деді.
«KazAgro/KazFarm» — ауыл шаруашылығына арналған бүкіл Орталық Азиядағы ауқымды іс-шара. Көрмеде осы жылдың қорытындысы шығарылып, ауыл шаруашылығы және тамақ шаруашылығы саласындағы жетістіктер, мал шаруашылығындағы инновациялар таныстырылды. Көрмелердің іскерлік бағдарламасы аясында бизнес-миссияларды, конгрестерді, ақпараттық таныстырылымдарды, сондай-ақ, белгілі спикерлердің қатысуымен семинарлар болып өтті. Айтулы көрмеде өз өнімдерін таныстырып, жаңа тәжірибелерімен бөліскен шетелдік компаниялардың іскерлік саласындағы жетістіктері шынында таңданарлық еді. Германияның «Valtra» компаниясы Қазақстанда тұңғыш рет «Т» топтамасына жататын тракторлардың жаңа топтамасын таныстырса, «Rubber Technical Items» компаниясы “RTI” брендіне жататын арамидтік корды бар өте берік сүйір белдіктердің топтамасын көпшілік назарына ұсынды. ALFA MGC дән тазартқыш мобильді кешені дәннің қоқыстылығын 14%-дан 4%-ға дейін төмендететін заманауи кешенді таныстырады. Мұнда соңғы үлгідегі ауыл шаруашылығы техникаларының көптеген түрлері әкелінген екен. «Өсімдік шаруашылығы және көкөніс шаруашылығы» бөлімінде компаниялар өсімдіктерді сұрыптаудың әдістерін, соңғы технологияларын, сондай-ақ, өсімдіктердің көрсетілімдік сұрыптарын ұсынған. «АгрономПро» компаниясы өсімдіктер оңай сіңіре алатын амоний сульфатының тыңайтқышын таныстырды. ГЛИЦЕРОЛ топтамасына жататын өнімдер (өсімдіктерді қоректендіретін және өсімін реттейтін композициялары бар инновациялық органикалық-минералды микротыңайтқыштар) ала келіпті. «Мал шаруашылығы» бөлімінде Қазақстанда өсірілетін асылтұқымды жануарлар көрсетілімі жоспарланған. Көрме қонақтары Ангус, Герефорд, Әулиекөл, Голштинский, Қара ала, Алатау, Симментал, Әулие ата, Қызыл дала, Швицк, Бестужев сынды ірі қара малдың жетілдірілген және сирек асыл тұқымдарын көруге болады. Сондай-ақ, мал шаруашылығына арналған жабдық, жем, қоспа, мал дәрігерлік препараттар мен технологиялар да көрмеге қойылған екен.

Тасырқаған өндіріс

Көрмені аралай жүріп көңілге түйгендеріміз де аз болған жоқ. Көздің жауын алатын соңғы үлгідегі техникалардың қай-қайсысына да таңданбау мүмкін емес еді. Бір өкініштісі барлаған адам бағаларының да «осал еместігін» аңғарар еді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ортаға қойған «ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналуы керек» дейтін ұран төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Жеткен жетістіктеріміз де біршама. Кең-байтақ Қазақстан даласында өндірілген астық пен өзге де дәнді дақылдар алыс-жақын шетелдерге тасымалданып, Қазақстан шаруаларының қалтасына қаржы болып құйылып та жатыр. Алайда бұл жаттанды сөздермен мақтана беруден түк шықпасы белгілі.
Қазанның 23-і күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «АӨК-ті дамыту Карталары — ауыл шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдау» тақырыбында Үкімет сағаты өткені белгілі. Депутаттық корпус алдында ҚР Премьер-министрдің орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов: «АӨК-ті әрі қарай дамыту үшін маңызды мәселелер анықталып, жүйеленген нақты индикаторлары Карта түрінде әзірленді», — деп атап өтті. «АӨК-ті дамытудың өзекті мәселелерінің бірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің техникалық жарақтануы болып табылады. Ауыл шаруашылығы техникасының паркіне жүргізілген талдау барысында техникаларды қолдану мерзімі 17 жылдан асып кеткенін көрсетіп отыр. Бұл ретте аталған тракторларды жөндеу мен жанар-жағармай шығыны 20%-ға өсіп, астық жинау барысында зиянын тигізетінін көрсетті. Картаны жүзеге асыру машина-тракторлы парктерді жаңалау қарқынын арттырып, отандық ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру көлемін ұлғайтуға және импорттық техникалар көлемін азайтуға мүмкіндік береді», — деп сендірді министр мырза. АШМ-нің ресми сайтындағы жарияланған мәліметтер мен өзге де ақпарат құралдарындағы дәлел-дәйектерге негізделгенде аталмыш Картаны әзірлеген мамандар бұл салаға талдау жүргізіп көрген. Оның нәтижесіне сенсек, «ауыл шаруашылығы саласында қазіргі қолданыста жүрген тракторлардың — 65%, комбайндардың 46%-ның пайдалану мерзімі 17 жылдан асқан. Сондай-ақ, тракторлардың 15% қазірдің өзінде істен шықса, 26% есептен шығаруға жатады. Комбайндардың да жағдайы осындай. Ескі техникаларды пайдалану шығынды көбейтеді және егінді толық жинап алуға мүмкіндік бермейді. Осының салдарынан тұқым себу және егін жинау кезінде дәнді және майлы дақылдардың 14% -ы шығынға ұшырайды. Бұл мөлшермен 200 миллиард теңге көлемінде болады», — делінген. Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 272 миллион гектар егіс алқабы бар екен. Осының барлығын озық техникаларды пайдалана отырып игере алсақ, Елбасының армандап жүрген «ауыл шаруашылығы драйвері» идеясының жүзеге асары сөзсіз. Ал қазірге білеріміз ауылдағы шаруаларды титықтатып жүрген «өкпесі сырылдаған комбайндар мен тракторларға» қажетті қосалқы бөлшектердің өзі «құстың сүтіндей» қат болып тұрғандығы ғана. Ендігі арман АШМ тарапынан әзірленіп жатқан Картаның кезекті науқан күйінде қалмай, халықтың игілігі үшін қызмет етуі дер едік…

(5)