«Алтын Жүрек» «Атымтайларды» анықтады

Алматы қаласында Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында 11-ші мерейтойлы «Алтын Жүрек» сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
2007 жылдан бері өз жұмысын бастаған «Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен жанданған бұл жоба жыл санап өз мәртебесі мен деңгейін жоғалтпай келеді.
Қайырымдылармен танысуға 1000-ға жуық халық жиналды. Салтанатты марапаттау рәсімі керемет декорациялар мен жүрекке жылу ұялататын концерттік бағдарламамен ұласты. Кеште Нұрғали Нүсіпжанов, «Ұлытау», «Алашұлы», Әлішер Каримов, Ситора Назарова және тағы басқалар көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Лауреаттардың өмір тынысы мен өмірлік оқиғалары шынымен де әрбір жанның жүрегін елжіретеді.

«Алтын жүрек» сыйлығының негізін салушы Жұлдыз Омарбекова:
— «Алтын жүрек», бұл менің өмірімнің мәні десем болады. 11 жыл қатарынан мен мыңдаған адамдардың жасап жатқан қайырымды істерінің шынайы куәгері болып келемін. Әрбір мейірбан жанға үлкен шексіз алғысымды білдіре олардың алтын жүректеріне бас иемін, — деп, өз жүрекжарды лебізін жеткізді.
Салтанатты рәсімнің шарықтау шегінде сахна төріне «Жетім балаларға көрсеткен көмегі үшін» номинациясы бойынша лауреат атанған Екатерина Яценко шықты. Екібастұз қаласының тұрғыны Екатерина Яценко мен оның күйеуі Херман Петрович 13 баланы өсіріп, тағы 12 бала тәрбиелеп жатыр. Ата-аналар балалардың ешқайсысын бөліп-жармай, ұлтына да қарамастан бауырына басқан. Олардың отбасыларында өте ауыр науқасқа шалдыққан балалар да бар. Жеңімпазға сыйлықты ҚР мәжілісі депутаты Зағипа Балиева мен 2016 жылғы «Алтын Жүрек» сыйлығының «Жетім балаларға көрсеткен көмегі үшін» номинациясы бойынша лауреат атанған Рада Хайрушева табыстады.
Келесі «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» номинациясы бойынша марапатталған — Біржан Қожақов. 2015 жылдың қазан айында үшінші топтағы, жазатайым оқиға салдарынан, екі аяғынан айырылған мүгедек Біржан Қожақов, ДЦП-мен ауыратын мүгедек жандарға көмек ретінде арнайы вертикализаторлық-техникалық құрылғыны ойлап тапқан. Түркия, Ресей және Германиядан шыққан осы құрылғылардың аналогтары мүгедектерге қолжетімсіз, себебі олардың құны жоғары. Вертикализаторларды дайындау қағидаттарымен танысып, медициналық мамандардың ұсынымдарын алды, өзінің кішігірім кәсіпорны «Демеуді» ашып, оларды шы-ғара бастады. Бүгінгі таңда оның кішігірім цехында мүмкіндігі шектеулі 15 адам жұмыс істейді.
«Денсаулық саласына қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «Алматы марафон» қайырымдылық спорттық іс-шарасы лауреат атанды. Шараның басты мақсаты — Республикалық маңызы бар қайырымдылық жобаларын іске асыру. Марафонға қатысудан түскен алымдар қайырымдылыққа беріледі.
Тағы бір лауреат жайлы айтар болсақ, ол — Алматы облысының тұрғыны Темірлан Шайнүсіпов. Жамбыл ауданының кәсіпкері Темірлан Шайнүсіпов өзінің туған ауылы Ақтеректі құрылыс алаңына айналдырды. Өзінің туған жерінде өз есебінен жолдарды жөндеді және ауыл тұрғындарына үйлер бөліп берді. «Жылдың қайырымды адамы» номинациясы бойынша лауреатқа сыйлықты танымал қазақстандық тележүргізуші Салтанат Қалиева табыстады.
2016 жылдың 13 қаңтарында Мұрат Әділхановтың көмегімен 216 балаға әмбебап спорттық және ойын залы бар № 125 балабақша салынып, Алматы қаласының меншігіне берілген. «Білім саласына қосқан үлесі үшін» лауреатқа сыйлықты «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов табыстады.
Бірер жыл бұрын қатарға қосылған «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша он бес жыл бұрын американдық Виктория Шарбону мен Элизабет Турнок есімді еріктілер Тараз қаласындағы «Қамқор жүрек» қоғамдық қорын құрды. Қордың мақсаты — қауіпсіз орын үшін бұрынғы балалар үйінің түлектеріне, мұқтаж жалғыз басты аналар мен олардың балаларына қауіпсіз орын беру.
Салтанатты кеште Алматы қаласының әкімі Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек жеңімпаздарға өз жылы лебізін білдіріп, елімізде «Алтын жүрек» сынды сыйлықтың қоғамда ерекше маңызға ие екендігін баса атап өтті. Осымен биылғы жылғы қайырымдылық жолындағы ең айтулы шара да өз мәресіне жетті. Ең бастысы еліміздегі қайырымдылық деңгейінің жыл санап өсіп келетіні байқалды. «Атымтай» жомарт жандарға алдағы істеріне демеу болатын «Алтын жүрек» сыйлығы енді келесі жылға қамданады. Жақсылық пен мейірімділік бар жерде аталмыш сыйлықтың ғұмыры ұзақ болары хақ!
Айнұр Сәлім
Фото Роман Егоровтікі

(11)