mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Ел біріншілігі: Турнирдегі жағдай шиеленісе түсті

Аяқдоптан премьер-лигада өнер көрсететін командалар демалыс күндері 31-і тур ойындарын өткізді. Керекулік «Ертіс» «Ақтөбе» командасын қабылдап, тартысты өткен кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Екінші таймның 72-минутында алаң иелерінің қақпашысы Давид Лория допқа секіргенде сәтсіз құлап, аяғын қайырып алып, кездесуді жалғастыра алмады. «Ертіс» рұқсат етілген үш футболшы ауысымын осы уақытқа дейін пайдаланып қойғандықтан, қорғаушы Руслан Есімовтың қақпаға тұруына тура келді. Алаң иелерінің жеңіске жете алмауына осы оқиға да себеп болуы әбден мүмкін, өйткен, футболда қақпашының орнына қорғаушының қолғап киіп, қақпаны қорғауы өте сирек құбылыс. Ал, «Ордабасы» мен турнир көшін бастаушы «Астана» арасындағы кездесуде шымкенттіктер елордалық әріптестерін 2:1 есебімен ұтып, турнирдегі жағдайды одан әрі шиеленістіре түсті. Ал, Қостанайдың «Тобылы» Көкшетаудың «Оқжетпесін» 4:1 есебімен ойсырата ұтты. «Астананы» өкшелеп қуып келе жатқан Алматының «Қайраты» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдап, қонақтарды 2:1 есебімен жеңді. Астаналықтар жеңілгеннен кейін Елорда командасы «Астана» мен «Қайраттың» арасын жалғыз 1 ұпай бөліп тұр, рас, астаналықтардың алматылықтардан бір ойыны кем. Ал, Қызылорданың «Қайсар» командасы өз алаңында «Атырауды» қабылдап, қонақтарын 4:1 есебімен тас-талқан етті. Ең қызық ойын Таразда өтті. Жергілікті команда қарағандылық кеншілерді қабылдап, кездесу 2:3 есебімен Қарағандының «Шахтер» футбол клубының пайдасына шешілді. 31-і турдан кейін турнир кестесінде 30 ойыннан 73 ұпай жинаған «Астана» тұрса, екінші орынға 31 ойыннан 72 ұпай жинаған «Қайрат» командасы жайғасқан. Үздік үштікті Шымкенттің «Ордабасы» клубы түйіндеп тұр, оның еншісінде 31 ойыннан кейін 55 ұпай бар. Көш соңында «Атырау» (31 ойыннан 29 ұпай), «Тараз» (31, 26) және «Оқжетпес» командалары тұр (30, 24).

(4)