mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің жауапты хатшысы, "Біздің сұхбат" бөлімінің редакторы.

Шығыста «Шық бермес Шығайбайлар» жоқ немесе «Туған жер» форумында мәрттік танытқандар

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңір кәсіпкерлерінің басын қосқан   «Туған жер»  форумы ерекше аталып өтті. Жиында өңірдегі ірі кәсіпорындардың басшылары, кәсіпкерлер, білім саласының қызметкерлері, спорт пен мәдениет саласының майталмандары бас қосты. Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жер ─ әркімнің шыр етіп жерге түскен бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениетіне мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу ─ шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», —  деп жазған болатын. Форумда сөз сөйлеген облысы әкімі Даниял Ахметов  туған жеріне бей-жай қарамайтын барша азаматтарды осындай ізгі бастамаға қолдау көрсетуге шақырды.

«Менің мектебім» акциясы аясында өңір кәсіпкерлері туған ауылдарына, өздері оқыған  мектепке қолдау көрсетіп, керекті құрал-жабдықпен қамтамасыз еткен. Осындай игі бастамадан ЖОО ректорлары да қалыс қалмаған екен.  Мысалы, осы өңірдің тумасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректоры Ғалымқайыр Мұтанов 5 000 000 теңгеге өзі оқыған мектепке 1 газель көлігі және 10 ноутбук тарту еткен. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Батташұлы Семей қаласындағы №37 гимназияның  математика кабинетін 3 000 000 теңгеге жабдықтаған. Кәсіпкерлердің арасынан ең алғаш болып форум сахнасына көтерілген Бақыт Баймұхамбетова болды.  Зайсандық қарапайым кәсіпкер Бақыт Зейнолдақызы туған жері Қаратал ауылындағы мектептің география пәнін  2 500 000 теңгеге күрделі жөндеуден өткізіп, заман талабына сайт еткен. Өңірді аралаған облыс әкімі Даниял Ахметов  кездейсоқ көріп қалып,  кәсіпкермен танысады. Демеушілігін естиді. Жүрек қалауымен жасалған ізгі амал облыс әкімі Д.Ахметовке ой салыпты.  Осылай туындаған идея  «Туған жер» форумның өтуіне ұласқан. Облыс әкімдігі мен өңір кәсіпкерлері бірлесе ұйымдастырған форум өз мақсатына жетті.  Форумда кәсіпкерлерден тек білім саласы үшін  барлығы 2 274 605 000 теңге қаржы жиналды.  Форумда ең комақты  қаржы аударғандардың ішінде Үржар ауданы  кәсіпкерлері болды (248 800 000 теңге).   Сондай-ақ, Тарбағатай ауданынан 64 000 000  теңге,  Жарма ауданынан 54 200 000 теңге,  Көкпекті ауданынан болса,  47 600 000  теңге қаржы жиналды.  Жұрт алдына шыққан    кәсіпкерлердің тебіреніске толы сөздері, туған жерге, елге деген жүрекжарды тілектері көпшілік қауымды бейжай қалдырмады. Форумда өнер көрсеткен халық әртісі Роза Рамбаева да тек әнімен ғана емес, туған жеріне  млн теңгемен шашу шашты.  Асылы осындай басқосулардың көп болғандығы халық пен билікті жақындата түсетін сияқты.  Ірі кәсіпорындардың ішінен «Қазцинк» ЖШС»  211 млн теңге,  «ҚАЗ Минералс» тобы 531 млн теңге,   «Титан магний комбинаты» 646 млн теңге, «Полиметал» АҚ 240 млн теңге қаржы бөлген екен.     Бұл қаржы жергілікті «Парыз» қайырымдылық қорына   аударылып, өңірдегі барлық мектептер заманауи физика, химия, биология кабинеттерімен қамтамасыз етіледі.

 

Бауыржан Карипов

Алматы ─ Өскемен

(92)