ҚЖО-ның мүшесі, ақын Қалибек Шайжанның 70 жасқа толды

Жыл басында Қазақстан Жазушылар одағының хаты Мойынқұм ауданының әкіміне жолданған болатын. Онда ҚЖОның мүшесі, ақын Қалибек Шайжанның 70 жасқа толуына байланысты ауданның «Құрметті азаматы» атағын беруге және елде шығармашылық кешін жасауға ықпал етсеңіз деп жазылған. Міне сол өтініш жерде қалмай қоңыр күздің шуақты күндерінің бірінде ақынның туған жері Бірлік ауылында мерей той өтіп Мойынқұмдықтар өнерлі перзенттерін ардақтап, мәслихаттың шешімімен «Құрметті азамат» атағын әкімнің орынбасары тапсырды. Шараға Алматыдан «1класс» халықаралық дипломат, Көлтабанда туған 81 жасқа келген ардагер ақсақал Қуатбек Тәжібаев, «Сезім» атты жаңа кітаптың жарыққа шығуына демеушілік көрсеткен Талғат пен Қабылан есімді кәсіпкерлер, жерлес жанашырлар, сондай-ақ ҚЖО ның мүшелері Нұрмұқан Жанұзақ, Саят Қамшыгер, Дәулетбек Байтұрсынұлы қатысып қаламгерлер атынан одақ Төрағасының арнайы құттықтау хатын табыстады. Бір басына бірнеше өнер тоғысқан Қ.Шайжан баянмен құйқылжыта ән салып, домбырадан күмбірлете күй төгіп, жадырап-жайнап өлеңдерін жатқа оқыды. Бұл күнде Алматыда тұратын ақындарын ауыл сағынып қалған екен, жылы сөз, жымдасқан көңілдер, айқасқан құшақтар араларынан жібергісі келмей, кеш соңында ағайындар кете алмай біраз бөгелді. «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбеков өмірге келген өңірде азаматтарын ардақтаған, ұрпаққа ұлағатты кеш осылай көңілді өтті.

Дәулетбек Байтұрсынұлы

(16)