«Жетісу» жетті жеңіске

Жуырда Алматы облыс әкімі Амандық Баталов «Жетісу» кәсіби футбол клубының футболшыларын марапаттау салтанатты рәсімін өткізді. Атап өтсек, команда футболдан өткен XXVI Қазақстан Чемпионатында бірінші лига командаларының арасында бірінші орынды иеленіп, Премьер-лигаға мерзімінен бұрын жолдама алған болатын. Салтанатты шара Талдықорған қаласындағы «Жетісу» орталық стадионында өтті, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Осы күні “Жетісу” стадионында бірінші лиганың 26-шы финалдық матчы өтіп, ойын қорытындысында талдықорғандық “Жетісу” Петропавлдың “Қызылжар” командасын 2:0 есебімен ұтты.
Облыс әкімі А. Баталов жиналған жанкүйерлер мен «Жетісу» футбол клубының ойыншыларын және жетекшілерін құттықтап сөз сөйледі.
Мұнан соң жетісулықтарды Қазақстан Футбол федерациясының президенті Сейілдә Байшақов құттықтады.
Салтанатты жиын марапаттаумен жалғасып, футболдан өткен XXVI Қазақстан Чемпионатында бірінші лига командаларының арасында бірінші орынды иеленген «Жетісу» кәсіби футбол клубының ойыншылары арнайы медальдармен, кубоктармен, сол сияқты облыс әкімінің құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды. Ойыншыларды облыс әкімі Амандық Баталов марапаттады.
Екінші орынды иеленген «Қызылжар» командасының ойыншыларына марапатты Қазақстан Футбол федерациясының президенті Сейілдә Байшақов табыстады.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен аяқталды.
Атап өтсек, Алматы облысында футболдың дамуына ерекше назар аударылып келеді. Қазіргі кезде өңірде футболмен 111 мың адам айналысады. Облыста 900-ге жуық футбол алаңдары мен 22 стадион жұмыс істейді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

(12)