Өтірік өріс алған уақыт

Өтірік айту — ертеден келе жатқан ауру. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген мақал да бар. Бірақ қазір бір-ақ тұтам емес, кем дегенде сала құлаш. Бүгінгі күні шарықтау шегіне жеткендей. Әсіресе депутаттыққа үміткерлердің өздерінің өтірігімен халықты жарылқап тастайтындарын қайтерсің. Интернеттегі жарнамалар тек өтіріктен құрылғандар. Содан опық жегендер қанша ма? Орысша «… правда» газеттері бар, олардың өзі де өтірік айтып қояды. Оқыған адам алдымен мәліметтерге қарайды. Ол мәліметтер шылқыған өтірік екенін білесіздер ме? Әрине, көбіңіз білмейсіздер. Айналып кетейін Марк Твен осыдан бір ғасыр бұрын: «Существуют три вида лжи: ложь, наглая ложь и статистика», — депті. Ал осыған қарсы айтарыңыз бар ма? Статистика деген ғылым — ғажап ғылымдардың бірі. Оны институтта оқыдым, бертін зейнеткерлікке шыққаннан кейін колледжде статистикадан сабақ бердім. Бірақ ғылым өтірік айт демейді, оған өтірік айтқызатындар жоғарыдағылар…
Көштен қалмаймыз деп, жасанды цифрлар жасаймыз. Оның бәрін тәптіштеп қайтейін. Алысқа бармай-ақ отбасымызға келсек, баласы әкесі мен шешесіне өтірік айтады «Мен крупный бизнесменмін» деп. Әжесі немересіне өтірік айтады «Мен Қазақстанға белгілі атақты адам болғам» деп…
Бәрін тере бермей, өзіміз жүрген ортаға, күнделікті өмірімізге оралайық. Қазақ тойшыл халықпыз ғой. Мерейтойларда той иесін жарты сағат мақтағанда орныңнан тұрып кеткің келіп отырады. Шылқыған өтірік. Оның иттігін, әкесі ат басындай алтын қалдырмаса да, қандай жолмен байығанын біле тұра астына көпшік қойып мақтайды-ау кеп, мақтайды. Өткенде мен де бір мерейтойда болып, жұрт мақтап жатқасын сөз кезегі келгенде лепірдім-ау. Үйге келген соң өтірік айтқан аузымды қайта-қайта шайып, қолын ұстаған қолымды сабындап жудым. Әйелім: «одан да ваннаға біржола жуынбайсың ба?» — деді. Мен болсам: «Ертең де өтірік айтатын жер бар ғой, содан кейін моншаға бір-ақ барып, екі-үш сағат отырам», — деп, оның да, өзімнің де көңілімді жұбатқан болдым…
Совет Хамитұлы

(8)