mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Қысым көрген қандастарымыздың мәселесі қалай шешілуде?

Бұл сауалға жауап берген Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов: «Биылғы жылдың 23-і маусымында Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Германиядан келген қазақ Елбасына Қытай үкіметінің ондағы қазақтарға қысым көрсетіп, қандастарымыздың құқықтарын таптап жатқанын жеткізген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев бұл жағдайдан хабарсыз екенін айтып, Сыртқы істер министрлігіне мәселенің анық-қанығын анықтауды тапсырған еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы істер министрлігіне, басқа тиісті ведомстволарға ондай мәселе көтерілсе, оны егжей-тегжейлі екі жақты қарастыру жөнінде нақты тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау барысында бізге ресми түрде мәлімет түссе, міндетті түрде Қытай тарапымен, олардың сыртқы істер министрлігі, басқа да мекемелердегі әріптестерімізбен мәселені көтереміз. Қазақ диаспорасының шетелдегі мүдделері мен құқықтарын қорғау — бұл біздің тікелей міндетіміз.

Қытаймен ресми үкіметаралық деңгейде қарқынды диалог орнатылды. Екі жақты келіссөздер барысында барлық мәселелер талқыланады. Құрылтай қорытындысы бойынша Қытайдағы қазақтар, оның ішінде Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданында ресми құжаттар алу, шекараны кесіп өту үшін қолға төлқұжат алу бойынша қиындықтар көріп отырғанын анықтадық. Қытайда мемлекеттік қызметтегі қазақтар төлқұжат ала алмай қиналып жүр. Осы мәселелердің бәрін егжей-тегжейлі зерделеп, саралап, қытайлық әріптестерімізбен талқылап жатырмыз», — деп мәлім етті. Министр екі жақты келіссөздердің күн тәртібін толық аша алмайтынын да айтып өтті. Мәселенің өзіне келсек, ҚҚР-дағы бірқатар қандастар Қазақстанға көшіп келмек болғаны үшін немесе Қазақстандағы туыстарына саяхаттап келгені үшін қуғын көріп, тіпті ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылып жатқан көрінеді. Бұл туралы баспасөз мәслихатын өткізген қоғам белсенділері мен Қытайда сотталған қандастардың туыстары мәлім етіп отыр. Жиынға қатысқан саясаттанушы, қоғам белсендісі Расул Жұмалы соңғы бір-екі жылда Қытай қазақтары бұрынғыдан бетер қиын-қыстау жағдайға тап болғанын, бұл мәселе бірнеше рет көтерілгенімен, әзірге тиісті шешімін таппай отырғанына қынжылыс білдіріп: «Қазіргі кезде 5 миллионға жуық қандасымыз шетелде өмір сүріп жатыр. Соның ішінде ең бір қиындыққа тап болып отырған – Құлжа, Шыңжаң өңіріндегі қандастарымыз. Әсіресе соңғы бір-екі жылда жағдай тым ушығып кетті. Бірталай азамат өте күмәнді себептермен, кей кездері себепсіз түрмеге жабылып, ұзақ мерзімге сотталып жатыр, кей азаматтар сол түрмеде мерт болды. Одан өзге де, түрлі шектеулер тудырып, әсіресе құжатын тартып алып, сөйтіп, Қазақстанға шығармай қоятын жағдайлар да кездеседі. Бұдан бөлек, атажұртқа оралып, азаматтық алған қандастарға Қытайға виза бермеу мәселесі де бар. Қытайдың өз ішінде қытайландыру саясаты, қазақ мектептерін қытайландыру, қазақ дәстүрін жою не шектеу, діни ар-ожданға шектеу жасау күшейіп кетті. Бұл – халықаралық адам құқықтарын ғана емес, Қытайдың өз заңдарын, ұлттық аймақтарға қатысты заңдарын өрескел бұзу», – дейді.
Ермек Назым

(12)