Ғылым майталманы – Майра!

«Басқадан кем болмас үшін біз һәм күшті болуымыз керек, білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек».
Ахмет Байтұрсынұлы

Өмір болғасын, қоғамда әртүрлі адамдармен кездесесің, әрқандай жағдайлар болуы заңдылық. Әр нәрсені салыстыра жүріп саралайтынымыз тағы бар. Кейбір қалпақ киген ер-жігіттер атқара алмайтын тірлікті бір өзі тындыратын тынымсыз жандар бар. Кейде олар тағдыр тасасында тығылып, ескерусіз ғұмыр кешеді.
Сондай жандардың бірі – айтулы ғалым, құрметті ұстаз Мұқышева Майра Кизатқызы. Ол 1980 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетінің арнайы бөліміне оқуға түседі. Физика пәнін ағылшын тілінде оқыту құқығы бар арнайы бөлімнің түлегі, жас маман Майра Кизатовна еңбек жолын 1987 жылы Рудный индустриялық институтының физика кафедрасында оқытушылық қызметтен бастайды. 1989-1992 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясының Ядролық физика институтының аспирантурасында білім алған жас физик Майра Кизатқызы сол жылдары физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін кандидаттық диссертациясын қорғап шығады.
Қашанда адам баласы бақытты я алыстан іздеп, я біреуден тартып алмасы анық. Оны өзінің төккен терінен іздегені ләзім. Осыны терең түсінген адам жанын салып, жалықпай жұмыс істеп бақытқа қолы жетпек. Майра өзі еңбек еткен салалардың қайсысында болмасын, тынымсыз тірлік пен терең білімділігінің арқасында, еңбектен бақытын тапқан жан. Ғылым мен білімге қосқан өлшеусіз үлесі де еленбей қалған жоқ. Өзі жүрген саласының бәрінде де лайықты марапатқа ие. Еңбек жолын Ядролық физика институтының аға ғылыми қызметкері ретінде жалғастырған Майра осы жылдар ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының бас ғалым хатшысы, бюджеттік бағдарламалар мен ғылыми-техникалық ақпарат мониторингі бөлімінің басшысы, 2011-2013 жылдары Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Атом энергетикасы мен өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Майра Кизатқызы өзі еңбек еткен кәсіпорындардың ғылыми-техникалық және инновациялық қызметінің негізгі бағыттары мен стратегиясын әзірлеп, халықаралық және ғылыми жобаларға басшылық етті.
Кеше ғана еліміздің шалғай жерінен білім қуып, арман арқалап келген қазақтың қаршадай қызы Майра бүгінде білім мен ғылымның биік шыңына жанкештілікпен еңбектеп жеткен ғалым. Техника ғылымдарының докторы, профессор Майра Мұқышеваның еңбегі еленіп, 1992 жылы «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын иеленсе, 2002 жылы Президентінің грамотасымен, 2005 жылы«Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», 2011 жылы «ҚР 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген сегіз қырлы, бір сырлы ғалым қыз АҚШ, Италия, Германия,Польша, Испания, Франция, Ресей Федерациясы, Үндістан, Қытай, Жапония мемлекеттерінде өткен халықаралық семинарларға қатысып, тәжірибелі маман иесі ретінде 2007 жылы «Атом өнеркәсібі саласында сіңірген еңбегі үшін» І дәрежелі төс белгісімен марапатталады.
Рыскен ӘБІШЕВА
Абай атындағы ҚазҰПУ аға оқытушысы
филология ғылымының кандидаты

(28)