mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Иса пайғамбар ма, әлде…

Алланың қалауымен Қостанайға жол түсті. Мұнда «Қазақстан Заман» газетінің осы өңірдегі тілшісі Қыдырбек Қиысхан деген азамат бар. Жазуы тастай. Сөзге де шешен. Екеуіміз негізгі жұмыстарымызды бітіріп алғасын, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қолға алынып жатқан іс-шараларға қатысу үшін, таң алакеуімнен газел автокөлігіне мініп жолға шықтық. Қасымызда Қостанайлық журналистер. Бағытымыз: Ұзынкөл, Меңдіқара аудандары. Міндетіміз: сол өңірлердегі киелі жерлерге тағзым ету. Жол ұзақ. Әрісі 260, берісі 200 шақырымды құрайды. Әттең дегізетіні, менің уақытым қысқа. Кеш 19:30 да Астанаға поезд күтіп тұр.
Әйтсе де 300 шақырым дегеніңіз жеңіл көлікке, не тәйірі. Алайда біз мінген «арғымақтың» бауырын жазып шабуына ойқы-шойқы асфальт жол мүмкіндік берер емес. Одан қалды ақ жауын себелеп тұр.
Жобаның ауқымы кең болғанымен менің пешенеме тап осы күні Қостанайдағы ең көне екі шіркеудің тарихымен танысу бұйырды. Біріншісі, Ұзынкөл ауданының Пресногорьков селосындағы православ Свято – Никольск атындағы шіркеу. 1799 жыл салынған. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ жеріне алғашқы бекіністер тұрғызылған кезеңмен тұспа-тұс келеді…
Екіншісі: Меңдіқара ауданы, Боровской селосындағы Косьма мен Дамиан бес күмбезді шіркеуі. XX ғасырдың туындысы. Сәулеті керемет. Реставрацияға кеткен қаржы 50 милион теңге. Ішкі жұмыстарын толық бітіру үшін әлі 20 миллион теңге қажет…
«Күріштің арқасында күрмек су ішеді» дейміз бе, әйтеуір киелі жерлерге деген игі шараның Қостанай төңірегіндегі шіркеулерге де шапағатын тигізіп жатқаны анық аңғарылады…
Осы жерде есіме «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғали мырзаның: «Қасиетті Қазақстан» – діни жоба емес, таза ғылыми да жоба емес. Бұл — Қазақстан тарихында орны бар тұлғалардың, жерлердің тізімін жасау. Бұл тізімге тас дәуірінен қалған нысандар да енуі мүмкін», — дегені түскені…
Сонымен, баратын жеріміз туралы құлағдар болғасын, қасымдағы Қыдырбекті қажаймын келіп. «Әкімдікке рахмет. Сенің түп аталарыңның сенімі болған шіркеулерден сапарымыз басталды. Арты қалай болар екен?» деп қоямын баяғы. Ол болса, менің сөзіме ішек-сілесі қата күледі. Бұлай айтуыма өзі себепкер.
Бірде әңгіме арасында, «…менің руым — найман. Менің түпкі аталарым исламға дейін християн дініндегі несториан ағымында болған. Нестроианшылдық ағым «адам Құдай» жайлы христиандық ұғымды сынға алады. Олардың пікірі бойынша, қасиетті Мария ана адамды туған, кейіннен Иса адамға тән әлсіздікті жеңіп, мессия дәрежесіне жеткен. Сондықтан ислам келгенде, менің бабаларым ақ пен қараны ажыратып, һақ дінді берік ұстаныпты, – деп мақтанғанын қалай ұмытайын. Сол сөзді бетке ұстап, шіркеуге сапар аясына соны тықпалап, «бұралқы сөз күлуге жақсы» екенін көрсетіп жатырмын өзімше.
Енді әңгімені осы жерден үзіп, Ұзынкөл ауданы Пресногорьков селосындағы Свято – Никольск шіркеуінің Иерейі Евгений Елагинмен болған сұхбатқа кезек берейін.

— Евгений, мырза! Шіркеудің іші тола сурет екен. Небір әулиелер кескінделіпті. Қанаты бар бала бейнесіндегі періштелер қарасы көп. Қалың жұртқа уағыз айтқан сақалды діндарлар да аз емес. Түйе тектес мақұлықтың ботасының таңдайына су тамызған ізгі жүректі адам да көзге шалынады? Ең әсерлісі ағашқа керілген Иса. Осының мәнісін түсіндіріп беріңізші?
— Дінбасылардың пікірі бойынша, сурет өнері ерте заманда сауатсыздар үшін «інжіл» міндетін, христиан кітаптарында айтылатын окиғаларды бейнелеу, суреттеу, сенімін арттыру, тозақ азабымен үрейлендіру қызметін атқарғанын жасыруға болмайды. Кейін өнерге еркіндік берілді. Сурет салу шіркеудің тапсырмасы бойынша жасала бастады. Негізі діни тақырыпқа арналған суреттер өмір жөніндегі түсінікті, адамның адамгершілігін және сезім байсалдылығын дәріптейді.
Ал Исаның суреті имандылыққа бастар жолда оның қалай азапқа түскенін бейнелейді…
— Иса пайғамбар ма, әлде…?
— Иса құдайдың баласы. Сіздің не айтқалы тұрғаныңызды білемін. Оның әкесіз дүниеге келгені анық. Дұшпандары оның денесін азаптағанымен, рухын азаптай алмады. Қасиетті рух Оны көкке алып кетті. Денесі жерде қалды. Ол бір замандар да адамдарды құтқару үшін келеді. Бұл ақиқат.
— Сіз Құранды оқыдыңыз ба?
— Оқымадым. Бірақ келешекте оқысам ба деп жүрмін. Менің сізге мынаны айтқым келеді: Ислам діні бертінде келді. Інжіл түскелі қашан!
— Оны сұрап жатқаным, қасиетті құранда «Мариям» сүресі, және Мәриям анамызға қатысты көптеген аяттар бар. Негізі Мәриямұлы Исаның өмірге келуі де, көкке көтерілуі де мұғжиза ғой. Ол өзінің хақ пайғамбар екенін дәлелдеу үшін қауымына көптеген мұғжизалар көрсетті. Құранда бұл жайлы: «Біз Мұсаға Кітап бердік және одан кейін де пайғамбарларды бірінен соң бірін жіберіп отырдық. Мәриямұлы Исаға да (пайғамбарлығын дәлелдейтін) айдан анық мұғжизалар бердік һәм оны Қасиетті Рухпен (Жәбірейілмен) желеп-жебедік», – делінген («Бақара» сүресі, 87-аят).
— Сіз мені түсініңіз, мен өз пікірімде қалғым келеді. Біздің күнәмыздың құнын төлеу үшін Иса Құдай болуға, ал өлу үшін Ол адам болуға тиісті болған. Адам баласы Иса Мәсіхке сенім арту арқылы ғана құтқарыла алады! Иса – Құдай әрі құтқарылудың жалғыз жолы. Ол Өзінің Құдай екенін былай жариялаған: «Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды» делінген ізгі хабарда.
— Құранды оқымапсыз, жарайды, соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) жайлы Тәуратта, Інжілде айтылған Алланың хаттары туралы оқыдыңыз ба, бәлкім естіген боларсыз?
— Естімеппін. Сенсеңіз ондай мәліметті кездестірмеппін.
— Онда 1944 жылы Лондонда арапшаға аударылған Тәураттың бір жолында «Алла Тағала адамзатқа Синада жақындады. Сайрада шағылып көрінді. Фаран тауларында көрініп, өзінің біртұтас толықтығын жария етті» (Сифр, Тәсния, баб: 33:2) депті. Мұндағы Синада жақындауы Алла тағала құдіретін хазіреті Мұса (а.с) арқылы көрсетуі. Сайрға келсек, ол – Палестина жері. Хазіреті Исаға (а.с) берілген пайғамбарлық. Ал Фаран – Мекке қаласы. Өйткені, Тәураттың басқа бір жолында хазіреті Ибрахим баласы Исмайылды Фаранға тастап кеткені жөнінде айтылады. Демек бұл Мұхаммед пайғамбардың хақтығынан хабар береді.
Інжілде Хазіреті Исаның «Фарақлит келу үшін мен кетуім керек» деп сүйіншілеген пайғамбары Мұхаммед (с.ә.у) екенін әлем ғұламалары мойындағалы қашан! Жарайды, шіркеуді жаңартып жатыр екенсіздер? Құлшылық жасаушылар саны көп пе?
— Соншалықты көп дей алмаймын. Көбіне бізге әйелдер мен балалар келеді. Оларды қасиетті сумен тазартып, күнәдан арылтуға күш саламыз. Діни мерекелерді шама-шарқымыз жеткенше ауыл болып атап өтеміз. Шіркеудің бар шығыны халықтың мойнында. Қыстық отыны мен жарық бар. Кейде бай – мырзалар демеушілік жасап тұрады.
— Қостанай өңірін аралап жүріп, екі ғасырдан астам тарихы бар көне шіркеулердің көптігіне куə болдық. Тіпті сол шіркеулерді қайтадан реставрация жасап, қолданысқа беруге талпынып жатқан бизнесмендер жайынан да хабардармыз. Меңдіқара ауданында болғанымыз да көне шіркеуді 2005 жылдан бері жаңартып жатыр екен. Соған жұмсалған қаржының 70 миллион теңге екенін естідік. Тіпті сол жұмыстың ортасында жүрген кісінің: – «əлі 20 миллиондай қаржы керек. Осы салынып біткен күннің өзінде бұл шіркеуге 100 ден артық адам келмейді», — деп кейігені де құлақта тұр?
— Бұл енді кешегі кеңестік дәуірдің кесірі ғой. Бір заманда шіркеулерді құлатты, кейбір жарамдыларынан қойма, мал қора жасады. Бірақ қазір тәубә. Көрші Ресейден қаржылық демеушілік көрсетіп жатқан бизнесмендер баршылық. Бұрынғыдай емес, шіркеуге деген көзқарас дұрысталып келеді. Қалай десек те дін қоғамсыз өмір сүрсе де, қоғам дінсіз тіршілік кеше алмайды ғой.
— Ашық адам екенсіз. Сұрақты да ашық қоя берейін. Орыс ағайындардың өлім-жітімде арақ-шарап ішіп жүруі христиан дініне қайшы келмей ме?
— Арақ ішуге болады. Тек шама шарқын білуі керек қой адам. Ал өзіне сенбесе, ішпегені абзал. Бұл сөзіме дәлел мынау. Иса Мәсіх бір қонақта отырғанда жүзім шарабын ішкені туралы жеткен хабар бар. Сондықтан ішпе деп айта алмаймыз. Бірақ ақылын ішпесе дейміз.
— Дегенмен, бұзақылықтың бәрі осы арақтан бастау алады ғой…?
— Иә, оған дауым жоқ. Бірақ адамды құдай ақыл-ой беріп жаратқан. Ерік, таңдауы бар….
— Шошқаның еті жайлы не айтасыз? Інжілдің алғашқы нұсқаларында бұл мақұлықтың еті харам етілген дегенді бір жерден оқып едім?
— Шошқаның етін жеуге болады. Ол да құдайдың адамға азық ретінде жіберген жануары. Шошынуға негіз жоқ. Асқазанда оның бəрі тазартылып сыртқа шығады. Сондықтан одан келер қауіп аз.
— Ислам дінін қабылдап жатқан өзге дін өкілдері өте көп екенін білетін боларсыз? Керісінше християн дініне өткендер туралы айтарыңыз бар ма?
— Біздің дінді қабылдаған қазақтар, өзге де ұлт өкілдері көп болмаса да бар. Бір оқиға айтайын. Християн дініне өткен бір қазақ болды. Ол кейін бір селода священник болып қызмет етті. Өкінішке орай бертінде жол апатынан қаза тапты. Соған бір мұсылман қазақ былай деп кіжініпті. — Егер Имам Сені өлтір десе, ойланбай-ақ өлтірер едім. Сен дініңді сатқан опасызсың деп. ҺАҚ дін жолында жүрген адамдар мұндай ауыр сөзді айтуға болмайды ғой. Қай дінге жүрегі тартады ол адамның өз еркіндегі қалауы.
— Саясатқа деген көзқарасыңыз қалай? Бір замандарда шіркеулер биліктің тірегі, ақиқаттың айнасы болды дегендей?
— Бізде дін мен мемлекет екі бөлек. Сондықтан әркім өз міндетін адал атқарса жарасады. Саясат киелі ұғымдардың – жауы. Саясат жүрген жерде лас дүниелер еріп жүреді. Ізгі хабарларды елге ұғынықты қылып түсіндіру, ізгілікке адалдыққа бастау – барша діннің ұлы миссиясы. Егер билік өкілдерінің бірі сабасына түсіп, құдайды танып, шіркеуге келіп жатса құшағымызды жайып қарсы аламыз. Ақыл – кеңесімізді айтамыз. Һаққа бастар жолды көрсетеміз. Жемқорлық, парақорлық тәрізді қоғамды бұзатын, отбасын ойрандайтын, қатігездікті ту ететін ұстанымдар біздің дінге жат.
— Сұрақтарға жауап бергеніңізге рахмет!
Нағашыбай Қабылбек

(101)