mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Астанада ай сайын түрік фильмдері тегін көрсетілмек

28 қазанда Астанада «120» атты түрік фильмінің тегін көрсетілімі болады. Оған басты себеп 29 қазанда бауырлас Түркия Республикасының құрылғанына 94 жыл, ал Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым -қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы 2017 жылы бойынша осы атаулы оқиғаларға орай, Түркия елшілігінің қолдауымен «Түрік фильмдерін ай сайын көрсету» шарасы шеңберінде ұйымдастырып келеді. Астаналық күносүйер қауым шара аясында ай сайын бір түрік фильмін тегін тамашалай алады. Өткен ай Қазақстандықтар жақыннан танитын Бурак Өзчивит басты ролін сомдаған «Махаббат саған ұқсайды» атты туындыны тамашалаған болатын. Қазан айында Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы “120” атты болған оқиға ізімен түсірілген кинокартинаны туыстас ел көрермендеріне ұсынады. Қарға жазылған шынайы аңыз желісімен түсірілген фильмнің режиссері- Өзхан Эрен. Басты рольдерді Бурак Серген, Өзге Өзберк, Жансел Эльчин сияқты танымал түрік актерлері сомдаған. «120» фильмінің көзі қарақты киносүйер қауым жақсы танитын «Жаужүрек мың бала» фильмімен мазмұндас тұстары да мол. Астанада тұсауы кесілетін туындыда 1915 жылғы жағдай суреттеледі. Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталған кезі… Түрік армиясының қару – жарақ қоры бітуге жақын, шекараға шұғыл түрде Вандағы қоймадан оқ-дәрі жеткізілуі тиіс. Ересектер майданда болған соң бұл міндетті 12-17 жасар 120 жеткіншек өз мойындарына алады. Оларды сержант Мұса мен санаулы ғана әскер бастап жолға шығады. Жолда көптеген шабуылға ұшыраса да шекарадан келген лейтенант Сүлейман мен әскерлердің көмегімен қару діттеген жерге жеткізіледі. Жолдағы айқаста лейтенант Сүлейман қаза табады. Жаужүрек 120 жеткіншектің 22 -нен басқасы шәйіт болады. Жастарына қарамастан отан үшін шыбын жанын шүберекке түйген балалардың аттары есімсіз қаһармандар ретінде тарихқа жазылып қалды.

(10)