Қазақ жазуын кириллицаға көшіру саясаты қалай жүзеге асырылды

Жалғасы. Басы өткен санда

Орта Азия халықтары арасынан орыстануға ең жақын жұрт қазақтар екенін терең ұғынған отаршылдар өлкеде ашылған орыс-түзем мектептеріне ең алдымен қазақ балаларын тартуға ерекше күш салды. Сондай-ақ, мектептердегі оқу-тәрбие процесі қазақ тілінде жүргізілгеніне қарамастан, оқытуды міндетті түрде орыс жазуы таңбаларымен жүзеге асыруды қолға алды. Мысалы, Түркістан өлкесінің алғашқы генерал-губернаторы К. фон Кауфманның (1867-1882 ж.ж.) пәрменімен Ташкентте 1879 жылы ашылған мұғалімдер семинариясына орыс балаларымен қатар жергілікті халықтың арасынан тек қазақ балалары қабылданып отырған екен. Осы семинарияда сабақ беретін қазақ тілінің мұғалімі Я.Лютш орыс транскрипциясына негізделген қазақ тілінің алғашқы хрестоматиясын жасағандығын айта кетсек артық емес. Әрине, аталған оқу орнында қазақ тілі пәні осы хрестоматия бойынша оқытылғаны өзінен өзі түсінікті болса керек. Орыс графикасына негізделген қазақ жазуын жолға қою мәселесі мемлекеттік саясат деңгейінде қолға алынуы себепті, Ташкент генерал-губернаторы 1880 жылы 8 қараша күні Халық Ағарту министріне «қазақтарды ислам дінін терең қабылдаған көрші халықтардан бөлек ұстай отырып, орыс жазуы негізінде оқытылатын мектеп арқылы ассимилияциялау міндетін алға қойғандығы» мазмұнында арнайы хат жазып, көмек беру мәселесін қарастыруды сұрайды. Оның осы тілегі көп ұзамай патша тарапынан қолдау тауып, 1881 жылы 28 қаңтарда заңмен бекітіп берген.
Осы тұста қазақтар үшін орыс графикасындағы жазу үлгісінің алғашқы нұсқасын 1862 жылы Ильминский ұсынғандығын тағы бір еске салып өтудің реті келіп тұр. Ең ғажабы, бұл әліпбидің мәңгілік емес екенін миссионер-ғалым сол кезде-ақ жете сезінгені қайран қалдырады. «Түркі халықтары дербестікке қол жеткізген күні олар бұл графикадан бас тартатын болады» деп ол күндердің күнінде орыс жазуының қажет болмай қалатынын көрегендікпен болжап кетіпті. Содан бергі уақытта орыс әліпбиіне негізделген қазақ жазуы түрлі саяси кезеңдерден өтіп, әрқилы реформаларды бастан кешірді.

Қазақ тіліне төнген қара бұлтты серпіген Ахаң

1891 жылы наурыз айында патша үкіметі қазақ жері мемлекеттің меншігі деп жариялады. Енді қазақтардан тартып алынған жерлерге келімсектерді орналастыру саясаты мемлекеттік сипат алып, осы мақсатта арнайы «Переселенческая контора» деп аталатын мекемелер дүниеге келді. Қазақ даласының ең шұрайлы жерлерінде орыс-украин елді мекендері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптай бастады. Осы жағдайға байланысты Орталық үкімет қазақтарды тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, идеологиялық тұрғыдан да терең және басыбайлы меңгеру керектігін жете түсініп, оны меңгерудің жолдары мен технологиясын одан әрі жетілдіріп, күшейте түсті. Алдымен Ресей мемлекеті жоғарғы лауазым иелерінің қолдауымен Шығыс халықтарын оқыту жөніндегі арнайы Кеңес құрылып, оның алғашқы отырысы 1905 жылы 10 мамыр мен 3 маусым аралығында Ресей астанасында өтті. Шенеуніктер мен кілең русскоцентрист оқымыстылар бас қосқан осы мәжілісте орыс емес халықтардың оқу жүйесін орыстандыру принципін алғаш рет ашық түрде күн тәртібіне қойды. Кеңес жұмысына Ресей императоры ІІ Николайдан бастап, Сыртқы істер, Ішкі істер, Ағарту ісі министрлері, белгілі миссионер ғалымдар, Шығыс өлкелерін басқаратын генерал-губернаторлар мен осы іске қатысы бар шенділердің барлығы дерлік қатысты. Кеңестің қорытындысы бойынша татарлардан басқа түркі халықтарының бәрі мектепте алғашқы екі жылын өз ана тілінде, басқасы түгел орыс тілінде оқытылып, оқулықтар орыс әліпбиінде болуы шарт деген шешімге келеді. Орыс билігі жаулап алынған жердегі орыс емес халықтардың оқу-тәрбие жүйесін орыстандыру мәселесін осылайша беттері бүлк етпестен алғаш рет күн тәртібіне ашықтан-ашық қойды. Арадан бір жыл өтер-өтпесте, яғни 1906 жылы 31 наурыз күні патшаның жеке бастамасымен арнайы Кеңес тағы да Санкт-Петерборда бас қосты. Басынан бақайшағына дейін великорос идеясымен уланған жоғары шенділер бұл отырыста алғашқыдан да әріге кетеді. Мұндағы күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе біртіндеп саяси санасы оянып келе жатқан түркі халықтарын қайтсек ауыздықтап, байлап-матап отырамыз; дербестікке ұмтылған екпінін не істесек бәсеңдетеміз; оның қандай амал-жолдары бар деген тақырыпта өрбіді. Нәтижесінде, түркі халықтарын орыс жазуына көшіру және оны кешеуілдетпеу туралы шешімге тоқтайды. Алайда Ресей ішінде басталған әртүрлі революциялық толқындар мен сыртқы саясаттағы келеңсіздіктерге байланысты бұл мәселені одан әрі ушықтырмай, уақытша тоқтата тұруға тура келген. Сыртқы және ішкі саяси жағдайдың күрт қиындап кеткеніне қарамастан, империя өзінің отаршылдық пиғылынан бәрібір бас тартпайды.
Бұратана халықтардың бойын біртіндеп кириллицаға үйрете беру үшін орыс әліпбиін ресми құжаттар мен мектеп оқулықтарында қолдануды жалғастыра беру керек деген қорытындыға келді. Қол астына қараған ұлттарды, оның ішінде қазақтарды да идеологиялық тұрғыдан игеру үшін барлық саяси-рухани майданда арпалысқан күрес жүріп жатты. Бұл күрес сырт көзге бадырайып көрінбегенімен, көзі ашық, зиялы қауым өкілдері оның зардабының ауыр болатынын жан-дүниесімен терең сезінді. Сезініп қана қойған жоқ, бірде ашық, бірде жасырын түрдегі наразылықтарын да күшейтті. Өйткені жазуды өзгерту сананы жаулаудың басы екендігін олар жақсы білді. Түркілердің көзі ашық зиялылары сол үшін күрес тәсілдерін де жетілдіріп, жанталаса қарсыласып бақты. Бұл орайда татар елінің ұлы реформатор ғалымы, қоғам қайраткері Исмайыл Гаспыралының еңбегін ерекше бөліп айтқан жөн. Гаспыралы — орыстың ұрда-жық миссионер ғалымы Ильминскийдің кертартпа әрекеттеріне табанды түрде қарсы тұрып, бітіспес майдан салған ғалым. Оның түркі халықтары алдындағы айрықша еңбегі — араб графикасына негізделген бүкіл түркіге ортақ жазу үлгісін жасағанын айтуға болады. 1883 жылы жасалған бұл жазу «төте жазу» деген атпен әйгілі. Ол бүкіл түркілерге арнап өзі шығарған «Тәржіман» газетін осы төте жазу үлгісімен жариялап тұрған. Оны кезінде Абай арнайы алдырып оқып тұрыпты. Ғалымдардың пікірінше, Гаспыралы осы газет арқылы бүкіл түркілердің басын біріктіру, саяси әлеуметін бірізділендіру түсіндірмесін жүргізіп отырған екен. Оның жәдитше, яғни жаңаша бағыттағы көзқарасын кейін қазақ әліпбиінің реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы жалғастырғаны мәлім. «… Қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отырған. Сол школдар арқылы тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді, қазақ тұтынып отырған араб әрпін тастатып, орыс әрпін алдырамыз дейді. Сол үшін балалар ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын, ана тілімен оқыса да орыс әрпімен оқысын дейді… Үкіметке керегі — мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталуы», — деп жазады ол 1914 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Бастауыш мектеп» атты мақаласында. Көріп отырғанымыздай, қазақ тіліне төніп келе жатқан қатерлі қара бұлтты Ақаң сол кездің өзінде-ақ жан-дүниесімен сезіп, оны бозторғайдай шырылдап қорғайды. Сөйтіп, 1912 жылы қазақ тілінің үндестік заңын негізге ала отырып, араб әліпбиі негізіндегі қазақ жазуын жасап, кирилшілдерге лайықты жауабын берген де болатын. Оны орыстың белгілі түркітанушы ғалымдары Е.Д.Поливанов, А.Ф.Яковлов, Л.И.Жирковтар ерекше жоғары бағалаған да еді. Сондықтан да латын әліпбиіне, одан әрі орыс жазуына ауыстыру саясаты күш алмай тұрған уақытта, олар түркі халықтарының Байтұрсынұлы әліпбиіне қала тұруын жөн көрген, қолдау көрсетіп, көтермелеген. Өйткені, шын мәнінде, қазақ ағартушысының жасаған араб жазуындағы әліпбиі бүкіл түркі жұрты үшін қай тұрғыдан алсақ өте қолайлы да тиімді болатын.

Қызыл большевиктердің ХХ ғасырдағы ауыр қылмысы

Ресей отаршылдығының кеңестік дәуірі: Соңғы үш ғасырда системалардың алмасуына да, әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік төңкерістердің жүзеге асқанына да, сондай-ақ саяси-идеялық көзқарастар мен елдегі қоғамдық-әлеуметтік өлшемдердің түпкілікті өзгеріске түскеніне де қарамастан, Ресей империясында бір ғана жағдай өзгеріссіз қалып отырды. Ол — өзі жаулап алған кіші халықтарға деген Кремльдің отаршылдық пиғылы мен репрессиялық іс-әрекеті. Басқаша айтқанда, Ресей бодандығында ғұмыр кешкен ұлттар мен ұлыстардың төлтумалық қасиетін жойып, оларды рухани құлдықта ұстап отыру, сөйтіп бірте-бірте ассимилияцияға түсіріп орыстандыру қай кезде де метрополияның ең басты саяси-идеологиялық мақсаты болып отырған. Бұл мақсатты жүзеге асырудың тетіктері билік басына қызыл большевиктер келген соң тіпті күшейе түсті. Ғалымдардың соңғы зерттеулеріне сүйеніп айтатын болсақ, адамзат баласының тарихындағы ең үлкен және ең ауыр қылмыс ХХ ғасырда өмір сүрген КСРО аталатын империя аясында жүзеге асты деп тұжырым жасасақ,шындықтан көп ауытқымаймыз. Нәтижесінде жүздеген ұлттар мен ұлыстар (шамамен 200-ден астам) жер бетінен мүлдем жойылып, көпшілігі орысқа, біразы басқа халықтарға сіңіп кетті. Бұл нені білдіреді? Ғасырлар бойы қалыптасқан жүзге тарта ұлттық төлтума мәдениет мәңгілікке жоғалып, жер бетінің мәдени-рухани болмысы соншама жүдеу тартты дегенді білдіреді. Осынау орны толмас қайғы-қасіреттің орнында миллиондаған тобыр мен дүбәра қалды дегенді білдіреді. Мұндай ауқымдағы ауыр трагедияны адамзат баласы бұрын-соңды бастан кешірген емес.
Осынау отаршылдықтың тақсіретін тартқан жүздеген ұлттар мен ұлыстар сияқты қазақтар да ең ауыр кезеңді осы қызыл колонизаторлар билік құрған социализм системесы тұсында өткерді. Идеологиялық қыспақпен миллиондаған қазақты қырып салған геноциттік саясат пен жойқын рухани басқыншылықты да осы кеңістік кезеңде бастан кешті. Оның адам айтқысыз моральдық-психологиялық ауыр зардабын қазақ халқы әлі күнге дейін тартып келеді.
Бір сөзбен КСРО империясының түркі халықтарына (оның ішінде қазаққа да) жасаған қиянатын кезең-кезеңмен айтып шығу бұл бір мақалада мүмкін емес және ол біздің мақсатымызға жатпайды. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған тақырып — қазақ жазуын кириллицаға көшіру саясатының қалай жүзеге асқандығы жайлы мәселе.
1917 жылғы Қазан революциясы, шын мәнінде, орыс самодержавиесіне ауыр соққы болып тиді. Әсіресе, ұсақ ұлттарды шоқындыру, орыстандыру мақсатында ұлан-ғайыр іс тындырып келген мемлекеттік миссионерлік саясаттың күлі көкке ұшты. Түркі халықтары басқа да өзі сияқты бодан ұлттармен бірге тілі мен дінінен, төлтума мәдениеті мен жазу-сызуынан айырылып, жұтылып кетуден аман қалды.
Алайда Кеңес үкіметінің бұл саябырсуы, кіші халықтарды қолтығының астына алып, қамқорси қалуы уақытша ғана шегініс еді. Оның үстіне билікке келген қызыл большевиктер оған дейінгі тарихта бұрын-соңды болып көрмеген ұлттардың теңдігі мен өзін-өзі билеу құқығын жариялап, марксизм идеясымен қаруланған төңкерісшілер еңбекші бұқараның мүддесін биік көтеріп, патша заманынан қалған сарқыншақтармен, ескінің қалдықтарымен тынбай күрес жүргізді. Мұндай ура-ұрандар бұрынғы империядан мұраға қалған жүздеген ұлттар мен ұлыстарды революция мақсаттарын жүзеге асыруға жұмылдыру үшін қажет болды. Мысалы, 1917 жылғы 2 қарашада РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі қабылдаған «Ресей халықтары құқықтарының декларациясында» халықтардың теңдігі мен егемендігі, тіпті дербес мемлекет құруға дейін ерік беретін халықтардың өзін-өзі билеу құқығы, ұлттық-діни артықшылықтар мен шектеулердің қандайын болса да жою, ұлттық азшылықтар мен этнографиялық топтардың еркін дамуы тәрізді ұлттық саясаттың негізгі принциптерінің көрініс табуы расында да көңілге сенім ұялатты. Ал 1920 жылғы Қырғыз (Қазақ) АССР еңбек-шілері құқықтарының декларациясында «әр ұлт барлық мемлекеттік мекемелерде және мектепте өз ана тілін пайдалануға бірдей дәрежеде құқылы» деп жариялады. Міне, жаңа үкімет тарапынан қабылданған осындай қаулы-қарарлар оның өзге ұлттар арасында сенімге ие болуына негіз қалап берді. Негіз қалап берді демекші, 1921 жылғы Қазақ АССР Халық Комиссарлары Кеңесі қабылдаған «Республиканың мемлекеттік мекемелерінде қазақ тілі мен орыс тілдерін қолдану туралы» декреті мен 1923 жылғы Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті қабылдаған «Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу туралы» декреті жөнінде де осыны айтуға болар еді.
Шын мәнінде, жаңа үкіметтің мұндай қамқорсуының бәрі «уақытша шегініс» екенін одан кейінгі заман дөңгелегі анық көрсетіп берді. Белгілі ғалым Бақытжан Хасанұлын тыңдап көрейік: «Кеңестер Одағы халықтарының тілі 20-жылдары қоғамдық қызметін дамытып, қолдану өрісін кеңейтті. Алайда 30-жылдардың екінші жартысынан бастап, әсіресе, 1938 жылғы 13 наурыздағы КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі мен БК(б) П Орталық Комитетінің «Ұлттық республика мен облыс мектептерінде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулысынан кейін ұлт тілдерінің тағдырына селқос қарау іс жүзінде берік орын алып, олардың дамуын тежеу механизмі қалыптасты…» (Б.Хасанұлы. Ана тілі — ата мұра (Қазақ тілінің жер жүзі жүйе-сіндегі алатын орны). — А., 1992. 54-б.).
Осылайша сөз жүзінде барлық қоғамдық және саяси құрылымдағы ұлт тілдерінің теңқұқылығы сақталады дегенмен, іс жүзінде мұндай теңқұқылық жағдай сақталмады, ол жай жалаң ұран ғана болып шықты. Анығында социалистік режим қазақ ұлтының өзін-өзі билеу құқығын жоққа шығарып, ана тілін қолдануға қолдан келгенше шектеу қою ісімен айналысты. Сөйтіп, қазақ ұлты өз тағдырына қатысты ешбір мәселені өз еркі бойынша шеше алмайтын дәрежеге жетті десе болады. Нәтижесі не болды? Қазақ тілі біртіндеп қолданыстан шыға бастады, ұлттың гендік қоры барған сайын нашарлай түсті, ақырында қазақтың ұлт ретінде жойылу қаупі туындады. Қысқасы, 1917 жылғы Қазан төңкерісімен жарияланған ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы ақыры жүзеге аспай қалды.

Кеңес өкіметі латын әліпбиін неге қабылдады?

Билік басына мығым орныққан большевиктер үкіметі шын мәнінде ұсақ ұлттарды орыстандыруды бір сәтке де естен шығармағанын және оны тезірек жүзеге асырудың шешуші буыны саналатын әліпби ауыстыру идеясын алғашқы мәселенің бірі ретінде қолға алғанын Ресей ғалымдарының өзі мойындап отыр. Осы тұста түркі халықтарының жазуын бірден орыс каллиграфиясына көшіру туралы үндер де көтерілмей қалған жоқ. Алайда большевиктер патша үкіметі сияқты күшке салса, орыс емес халықтардың арасында кері реакция тудыруы мүмкіндігінен мейілінше қатты сақтанды. Бұл залалды реформаға қарсы тұрар зиялылар табынан сескенді, оларды тұтас сыпырып тастаған соң ғана бұл мәселеге қайта оралуды көздеді. Уақыт өте келе мұның шындық екеніне көз жеткіздік емес пе?! Сөйтіп, бірден күшке салмай, тізені терең батырмай, алдымен ғалымдардың пікірімен есептескенді жөн көрді. Осы ретте еске салып өтетіні, Ресей оқу-ағарту халық комиссары А.Луначарскийдің айтуынша, Кеңес үкіметі тұсында әліпби ауыстыру мәселесін алғаш рет 1919 жылы бүкілдүние жүзі пролетариятының көсемі В.И.Лениннің өзі күн тәртібіне қойған екен. Тіпті, орыс жазу үлгісін латын әліпбиіне көшіруге бекініп, шешім де шығарып қойыпты. Алайда орыс жазу үлгісін латын графикасымен ауыстыру туралы мемлекеттік комиссияның шешімі Лениннен кейін билікке келіп, барлық шешуші саяси тетіктерді өз қолына шоғырландырған И.Сталинге ұнамайды. Жаңа билікті әсіресе Түркияның латынға көшуі қатты ойландырады. Бүкіл түркі әлемінің жазу жағынан бірізді болуы оларды рухани жағынан жақындастыра түсетінінен сескенген метрополия өзінің бұрынғы шешімдерінен бас тартып, қолға алынғалы тұрған жұмысты тоқтатып тастайды. Билік оның басты себебін «Ресей халықтарын латын әліпбиіне көшіру басқа ұлт өкілдеріне орыс тілін үйретуді қиындатып жіберетіндігімен» түсіндіреді. Осылайша КСРО кеңістігіндегі ұсақ ұлттардың жазуын орыс графикасына көшіруге байланысты аса күрделі де нәзік мәселе 1921 жылы ғалым Гордолевский тарапынан қайта көтеріліп, күн тәртібіне қойылады. Алайда бұл залалды идея саяси білікті ғалымдар тарапынан үзілді-кесілді қарсылыққа тап болып, қабылданбай тасталды. Өйткені түркі халықтарының жазуын бір дегеннен орыс әліпбиіне көшіріп, мектеп арқылы орыстандыру саясаты Ресей империясының ұзақ жылдар бойы нақты іс-әрекеттер арқылы жүзеге асыруға ұмтылған дәстүрлі саясаты еді. Ал ұлттардың теңқұқылығын жариялап отырған жаңа үкімет үшін бұлай шешім қабылдау өте қауіпті болатын.
Осылайша Кеңес үкіметі айлаға көшіп, «уақытша шегініс» тактикасын әліпби ауыстыру ісіне де пайдаланды. Орыс жазуына бірден көшу әсіресе түрік халықтарының қарсылығын тудыруы мүмкіндігінен сескенген билік уақытша шегініс жасау туралы кеңеске құлақ асып, әліпбиді алдымен латын жазуына ауыстыру жөнінде шешім қабылдауға мәжбүр болды.
Осы жерде сауал туындайды: Кеңес үкіметі ұлттар жазуын неліктен алдымен латын жазуына көшіруді жөн санаған? Содан соң ғана латын жазуынан кириллицаға ауыстыруды мақұл көрген. Орыс жазуына бірден көшіруге болмас па еді? Мұнда қандай сыр бар?
Қазақ халқының тағдырына айтарлықтай қатысы бар осы сұрақтардың жауабы шын мәнінде біз ойлағаннан да апатты, күрделі болуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл тақырып анағұрлым байсалды және арнайы зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Біз өз тарапымыздан қандай да бір жауабын бермей тұрып, осы мәселені терең зерттеген белгілі ғалым М.Мырзахметовтың пікіріне жүгінгенді жөн санадық. Ол: «И.Сталиннің алдымен араб жазуын латын жазу таңбасымен ауыстыруға нұсқау беруінің сыры әлі де айтылмаған кінәраты бар саясат екенін сезінеміз. Алдымен латын жазуына жармасудың сыры, меніңше, шет аймақтағы қолданылып келе жатқан араб жазуын кириллицаға алмастыруды көздеген патша үкіметінің миссионерлік саясатының тарихынан хабардар ұлттық республикалардағы зиялылар тобының мол болуынан сескеніп, белгілі бір қолайлы жағдай туғанша қоғамдық пікірді адастырып жіберу үшін істелген айла-амал ғана…» — дейді. (М. Мырзахметұлы. Қазақ қалай отарланды?.. Атамұра — Қазақстан. — 1993, 108-б.). Расында да солай, орыс жазуына көшіру үшін алдымен халықты адастыру керек болды. Тіпті әріп ауыстыру кезіндегі халықтың реакциясын, көзқарасын бақылап, зерттеп алу керек болды. Қалай десек те, бұл алғашқы қадам ең алдымен қоғамдық пікірді жұмсартып, лықсып келген іштегі ашу-ызаны сейілту болғаны анық. Яғни, түркілердің жазуын алдымен латынға көшіру, одан әрі біртіндеп кезең-кезеңмен кириллицаға ауыстырудың дайындық кезеңі болғандығында сөз жоқ. Ең ауыры мұның бәрі халықтар достығы, интернационализм ұранымен бүркемеленіп жасалды. Өйткені орыс билігі түрік халықтарының бір емле негізінде оқып, түсінісіп, тұтасып кетуінен өлердей қорықты. Қолдан келгенше оларды бір-бірінен бөлшектеп аулақ ұстауға, тіпті бір-біріне жау, дұшпан етіп көрсетуге күш салды. Себебі Кеңес Одағы байтағындағы түркі текті туысқан халықтардың бір әліпби негізінде емле-ережелерді пайдаланып, ортақ тіл табысып кетуі Орталық үшін қатерсіз емес еді. Сондықтан да мейлі, патшалық Ресей болсын, мейлі, большевиктік Ресей болсын, өз қол астындағы түрік халықтарын Түркия сияқты тәуелсіз елден аулақ ұстап, олардың тікелей де, жанама түрде де қатынас жасауына қатаң түрде шектеу қойып, мүмкіндігінше бір-біріне жолатпаған.
Тақырыпқа оралсақ, 1921 жылдан бастап тұтас КСРО-да латын алфавитін насихаттау ісі белең алып, оған кешеуілдетпей көшуге дайындық жасала бастайды. Қолда бар деректерге сүйенсек, түрік халықтарының ішінде арабтан латынға көшу идеясын бірінші болып көтерген Әзірбайжан жазушысы Мырза Фатих-Али Ахундов (1863ж.) екен. Бірақ патша заманында мұндай реформаның болуы мүмкін емес еді. Мүмкін болмайтын себебі орыс отаршылары ол кезде өздері жаулап алған халықтарды шоқындыру, орыстандыру ісімен шұғылданатын да, ол үшін ұлт жазуын тек кириллицаның жазу таңбасымен ауыстыру ғана істі жеңілдетеді деп санайтын. Қазан төңкерісінен кейін, іле-шала сол Әзірбайжан еліне араб әліпбиіне қарсы қозғалыс қайта жанданып, оны большевик Ағамалы оғлы деген оқымысты басқарды. Оның осы идеясы сол замат бүкіл Кеңес Одағына кеңінен таратылып, оны қолдаушылардың легі күн санап көбейе бастады. Бұдан көретініміз төңкеріске дейін миссионер ғалым С.А.Новгородов жасаған латын жазуының негізіндегі саха-якут әліпбиін есепке алмағанда, бұл мәселені алғашқылардың бірі болып көтерген әзірбайжан ағайындар екен. Әзірбайжаннан бастау алған латын әліпбиіне өту ісі басқа халықтармен бірге Қазақстанды да кең шарпыды. Осы ретте айта кететін нәрсе, латын әліпбиіне көшу барысында қазақ зиялылары арасында үлкен айтыс-тартыс туып, ол бірнеше жылға ұласқан. Жаңа үкімет тұсындағы латын әліпбиіне көшу мәселесі алғаш рет 1924 жылы 12-18 маусым аралығында Орынбор қаласында өткен қазақ білімпаздарының бірінші құрылтайында көтерілді. Бұл құрылтайда әліпби жөніндегі баяндаманы А.Байтұрсынов жасап, өзі түрлеген қазақ жазуының тиімділігін жан-жақты дәлелдейді. Ол былай дейді: «Тексеріп қарасақ, латын әліпбиінің түрік әліпбиінен кемдігі болмаса, артықтығы көрінбейді. Жаманнан жақсыға, залалдан пайдаға бой ұру — жөні бар дұрыс іс, оны әркім-ақ қостауы тиіс, жақсыдан жаманға, пайдадан зиянға бой ұрғанда, оны дұрыс деп қостауға болмайды. Латын әліпбиін аламыз деушілер ол әліпбидің түрік әліпбиінен не артықтығын айқындап ашпай, пайдалы екендігін бейнелеп түсіндірмей тек пәлен-түгендер алып жатыр; біз де аламыз дейді. Еліктеу мен лепірту базары көтеріңкі нәрсе екені рас. Бірақ біреу алып жатыр екен деп, латын әліпбиін алуға болмайды. Біреудің істегенін дұрыс-бұрысын тексерместен істеу тек еліктеу болады. Тек еліктеуді маймылша еліктеу деп атайды. Тесе қарап тексеріп, түрік әліпбиінен латын әліпбиінің артықтығы мынау, пайдалылығы мынау деп көзге көрсеткен ешкімді әлі көргенім жоқ. Көбінікі құр дүбірге қызу, дүрмекке еру сияқты көрінеді».
Одан кейін баяндама жасаған Н.Төреқұлов қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру керектігін дәлелдеп, оның артықшылық жақтарын тізбектеп, алға тартады.
Баяндамашылардан кейін жарыссөз басталады. Жарыссөзде М.Дулатұлы, Х.Досмұхамбетұлы, И.Арабайұлы, М.Тұрғанбайұлы, Е.Омарұлы сөз алып, олар бірден бірінші баяндамашыны қолдап, латын әліпбиі мәселесін тоқтату керек деген пікір білдіреді. Әліпби мәселесіне қатысты пікірталас қорытындысында, латынды қолдаушылар мен қарсы шығушылар тепе-тең түсіп, сегізге сегіз дауысқа ие болды. Алайда құрылтайды ашып, оған төрағалық еткен Қазақ АССР Оқу комиссары Нұғыман Зәлиұлы сол күнгі қорытынды мәжілісте өзі болмағанымен, жазбаша түрде латынды қолдап дауыс береді де, нәтижесінде қарсылар — 8 дауыс, қолдаушылар 9 дауыс жинап, бір ғана дауыс айырмашылығымен латынды қолдаушы жақ жеңіске жетеді.

1906 жылы 31 наурыз күні патшаның жеке бастамасымен арнайы Кеңес  тағы да Санкт-Петерборда бас қосты. Басынан бақайшағына дейін великорос идеясымен уланған жоғары шенділер бұл отырыста алғашқыдан да әріге кетеді. Мұндағы күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе біртіндеп саяси санасы оянып келе жатқан түркі халықтарын қайтсек ауыздықтап, байлап-матап отырамыз; дербестікке ұмтылған екпінін не істесек бәсеңдетеміз; оның қандай амал-жолдары бар деген тақырыпта өрбіді.

Ресей оқу-ағарту халық комиссары А.Луначарскийдің айтуынша, Кеңес үкіметі тұсында әліпби ауыстыру мәселесін алғаш рет 1919 жылы бүкілдүние жүзі пролетариятының көсемі В.И.Лениннің өзі күн тәртібіне қойған екен. Тіпті, орыс жазу үлгісін латын әліпбиіне көшіруге бекініп, шешім де шығарып қойыпты. Алайда орыс жазу үлгісін латын графикасымен ауыстыру туралы мемлекеттік комиссияның шешімі Лениннен кейін билікке келіп, барлық шешуші саяси тетіктерді өз қолына шоғырландырған И.Сталинге ұнамайды.
(Жалғасы бар)

Болат Шарахымбай

(56)